Қоғам • 06 Қыркүйек, 2024

Этносаралық қатынастар нығайтылады

150 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Азаматтық қоғам – тұрақтылық пен бірліктің кепілі» тақырыбында семинар өтті. Жиында өңірдегі қоғамдық-саяси және этносаралық ахуал бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, қоғамдық келісімді нығайту, медиацияны дамыту жайы талқыланды.

Этносаралық қатынастар нығайтылады

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев семинардың бірлікті нығайтуда маңызы ерекше екенін айта келе, Мемлекет басшысының ҚХА сессиясында берген тапсырмаларының орындалу барысына, алдағы атқарар мақсат-міндеттерге тоқталды. Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан, Мәдениет және ақпарат министрлігі этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин сөз сөйлеп, сұрақ-жауап түрінде жиынға қатысушылармен өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Еліміздегі этностарды ұйыстырып отырған Ассамблея отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде дамып келеді. Былтыр Ақсақалдар кеңесі мен этномедиация институты құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға Президент оң баға беріп, одан әрі жандандыруды тапсырған. Қазір Түркістан, Жамбыл облыстарында этносаралық алауыздықтың алдын алу жұмыстары тиімді жүріп жатыр. Сондай-ақ Ғалым Шойкин 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден аса этнос өкілдері тату-тәтті ынтымақта өмір сүріп жатқанын атап өтті.

«Облыста мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері де аз емес, бұл тұрғыда мәселе жоқ деу­ге болады. Дегенмен этносаралық факторды саясиландыруға және бұл мәселеде арандатушылық сипаттағы талқылауларға мүлде жол бермеу бағытындағы жұмыстарды күшейту маңызды. Қазір ақпарат дәуірі, көп азамат, әсіресе жас­тар ақпаратты әлеуметтік желі арқылы алып отыр. Осы орайда фейк ақпараттармен күрес жұмыстарына мән беру қажет. Ассамблеяның бас­ты миссиясы – барлық этносты қазақ халқының маңына ұйыстырып, бір шаңырақ астына жинау. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылуы керектігін қадап айтты. Қазақстан – бейбітшілікті ту еткен, 100-ден астам этнос өкілін бауырына басқан киелі мекен. Біз – демократияға ден қойған құқықтық елміз. Бұл ретте еліміз 100-ден аса халықаралық конвенцияға, келісімге, декларацияға қол қойған. Яғни қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды. Бұл орайда бүгінгі семинардың бәріміз үшін маңызы жоғары деп есептеймін. Толеранттылық қағидасын ұстанып, біртұтастыққа сына қағушыларға қарсы иммунитет қалыптастыруымыз керек. Әрине, бұл ретте Ассамблеяға артылар жауапкершілік зор. Сондықтан бұл институтты жан-жақты жаңғырту жұмыстары жалғаса бермек», деді этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы.

Аудан, қалалардағы білім бөлімдерінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскерлері, этнос өкілдері, жалпы және орта арнаулы оқу орындары директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық, қалалық филиалдарының басшылары қатысқан жиында қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын БАҚ-та жандандыру, жалған ақпараттың таралуына қарсы заң аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және өзекті мәселелерді, ұсыныстарды талқылау, ақпараттық жұмыстарды жетілдіру жайы да ортаға салынды. Бұл орайда «Парасат» медиация және құқық орталығының сарапшы-конфликтологі Саламат Жұмағұлов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Ғали Дінмұхаммед тәжірибелерімен бөлісіп, баяндама жасады.

Семинарды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы алда тұрған бірқатар міндетті айта келе, өңірде этносаралық келісімді сақтау, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу ісінде күш біріктіре отырып жұмыс істеуге сенім білдірді.

Айта кетелік, бүгінде облыстағы ҚХА жанында 11 этномәдени бірлестік пен 6 құрылым жұмыс істейді. Этнос өкілдерінің 92 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгерген.

 

Түркістан облысы