ЖОЛДАУ • 07 Қыркүйек, 2024

Айқын міндет, нақты шешім

99 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауы былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауымен сабақтасып, әлемдегі қазіргі аумалы-төкпелі кезеңде еліміздің одан әрі дамуының айқын міндеттерінің нақты шешімдерін ұсынған құжат.

Айқын міндет, нақты шешім

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Жаңа Жолдауында алдағы жұ­мыстың нақты бағыттарына тоқталған Президент ең алдымен Үкімет пен Ұлттық банкке ақша-несие саясаты мен фис­калды саясаттың арасындағы үй­лесімсіздікті жоюды тапсыр­ған­­дығының маңызы зор. Өйт­кені кейінгі кезде нақты секторға несие ойдағыдай берілмей жат­­қаны, шағын және орта биз­несті жеткілікті қаржы­лан­дыру мәселесі де шешімін таппа­ған­дығы жөнінде сыни ескертпе жиі айтылып жүргенімен, оған екінші деңгейдегі банк­тер­дің құлақ асқаны шамалы. Мұның өзі еліміздегі іскер­лік ортаның белсенділігін арт­ты­ру­ға кедергі болып келді. Осы орайда Мемлекет басшысы: «Халықаралық сарапшылар қа­зақ банктерін ресурсқа бай ел­дер ішіндегі ең көп пайда табатын банк­тер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ бел­гіленуге тиіс. Банктердің акцио­нерлері дивидентіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғы­сынан қарасақ, бұл – өте орын­ды ұстаным», дей келіп, банктер туралы жаңа заң қабылдауды ұсынғаны – нақты да пәрменді шара. Шынтуайтында, 1995 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң аттөбе­ліндей азғантай топтың мүддесін қорғап, коммерциялық банктердің халық пен мемлекетті сүліктей соруына жол ашып берген болатын. Енді олардың иелері «судың да сұрауы болатынын» түсінетін кез жетті.

Президент қазір республика­лық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатқандығын ашық айтып, қазына қаражатын страте­гиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғаруды тапсырды. Соның ішінде әкімдердің шағын және орта бизнестен түсетін салықтан жиналған қаржыны пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсай бастағандығын сынады. Осы орайда жаңа Үкімет алғашқы батыл қадамын ысырапшылдықтан арылудан бастап, республикалық және жергілікті бюджеттердің барлығына тексеру жүргізудің нәтижесінде 300 млрд теңгеден астам қаражатты оңтайландыруға ұсынғандығын айтқан жөн. Осыншама қаржы мемлекеттік органдардың әртүрлі форумдар өткізуге, әлеуметтік зерттеулер жүргізуге, іссапарларға шығуға арналған әкімшілік шығыс­тарын қысқарту, әкімшілік ғи­ма­раттар салу және оларды жөн­­деу жұмыстары сияқты аса маңызды емес жобалар мен іс-шараларды қайта қарау есебінен үнемделген. Дегенмен бұл ретте әлі де ойланарлық мәселелер бары анық. Мысалы, бюджет есебінен мерейтой өткізуді тәртіпке келтірген жөн. Бұған заңды негіз болатын құжат та бар. Ол – Үкіметтің «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» 1999 жылғы 28 қыркүйектегі №1465 қаулысы. Осы құжатта облыс­тардың, қалалардың, ұйым­дардың және жекелеген тұл­ға­лардың мерейтойлары жүз жылдығында, одан кейiн әр­бiр жиырма бес жылда аталып өтi­ледi деп көрсетілген. Бірақ бұл тәр­тіптің сақталуын ешкім қадағалап отырған жоқ. Себебі, кәсіпорындар мен ұйымдардың 5-10 жылдығынан бастап 90-95 жылдығына дейін думандата атап өтіліп жатады. Белгілі тұлға­лардың 60, 70, 80, 90 жасқа толуы­на орай мадақ айтудан басқа, ешқандай ғылыми жаңалығы жоқ «ғылыми-практикалық конференциялар» өткізу де «сәнге» айналды.

Жолдауда мемлекеттік ор­ган­дардың алдына еліміздегі ин­вестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағ­дайды жақсарту жолында үз­ді­ксіз жұмыс істеу міндеті қо­йыл­ды. Бұл ретте Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес 2021 жылы Үкімет жанынан құрылған Инвестиция штабы металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашқаны, Бас прокуратура ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсете бастағаны атап өтілді. Алайда кәсіпкерлерден өздерін мемлекеттік органдар шектен тыс қадағалап, бақылайтыны туралы шағымдар әлі де түсіп жатқандықтан, Президент Үкі­метке Бас прокуратурамен бірлесіп, инвестициялық ахуал­ға әсерін тигізетін жағымсыз үрдістерді жоюды тапсырды, сондай-ақ бизнестің және инвесторлардың заңды қызметіне кедергі жасауды аса ауыр құқық бұзушылық деп санауды ұсынды. Шынында да, «Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, кей шенеунік алдына қалтасы қалың кәсіпкер шаруасын айтып келе қалса, алақаны қышып, тамағы ісініп кететін жаман әдетін қоя алмай жүргені анық. Сондай жемқорлардың бюрократиялық кедергілеріне тап болып, тауы шағылған кәсіпкерлер өз құқын қорғау үшін прокуратура органдарына шағынуға мәжбүр болған мысалдар әлі де аз емес.

Жолдаудағы «капиталды заң­дас­тыру» үшін кәсіпкерлердің міндетті түрде Қазақстан экономикасына қаржы салу қажеттігі туралы талапты нормативтік тұр­ғыдан бекіту туралы ұсыныс – ізгі де, ұтымды шара. «Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады», деп ескертті Президент.

Жолдаудағы агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсі­ліне біртіндеп көшу туралы ұсыныс та шаруалардың көп­шілігінің көкейіндегі ойды дөп басқаны дау­сыз. Өйткені олардың бәрі бірдей мемлекеттік бюджеттен бөлінген субсидияға қол жеткізе алмай жүр. Бұл шара ауыл шаруашылығы саласындағы көзбояушылық пен сыбайлас жемқорлықты жоюға да ықпалын тигізетіні күмәнсіз. Мемлекет басшысы: «Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек», деп ауыл шаруашылығында белең алған былық-шылықты әшкерелей айтты. Мұндай көз­бояушылық еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіре­тіні де сөзсіз.

Жолдауда Үкімет еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген 17 ірі жобаның тізімін жасағаны айтылды. Осы орайда Мемлекет басшысы тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі екендігін атап айтып, Жаңа­өзендегі, Қашағандағы және Қара­шығанақтағы газ өңдеу кәсіп­орындарының құрылысын тез­детуді тапсырды. Бұл шараға, әсіресе «көгілдір отынның» келуін ондаған жылдар бойы сарыла күтіп отырған солтүстік және шығыс өңірлердің тұрғындары үлкен үміт артып отыр.

Президент ел экономи­ка­сы­ның энергияға күннен-күнге артып келе жатқан сұраны­сын атом энергетикасы қамта­масыз ете алатындығы жайлы ойын ашық айтқанымен, осы маңызды мәселенің нақты шеші­мін қабылдауды халықтың өзіне тапсырып, 6 қазанда жалпы­ұлт­тық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Мем­лекет басшысының бұл шешімі – оның өзі ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­да­ма­сына сәйкес жасалған қадам.

Президенттің тапсырмасына сәйкес биыл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымда – 12 мың шақырымға жуық автомобиль жолы салынып және жөнделіп жатыр. Бұл ретте жалпы ұзындығы 2,5 мың ша­қырым облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағ­дарламаның да маңызы зор. Осыған орай Мемлекет басшысы аталған бағдарламаны ке­ңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырды. Бұл – әсіресе қысы-жазы жол машақатын көріп, қиналып жүрген шалғай ауылдардың тұрғын­дары үшін үлкен жақсы­лық болмақ.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында сөйлеген сөзінде озық әрі табысты елге айналудың басты кілті ретінде «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын ұсынғаны мәлім. Соған сәйкес Президент келесі жылды Жұмысшы маман­дық­тары жылы деп жариялады. Еліміз кеңес заманындағы жос­парлы экономикадан нарық­тық қатынастарға көшкен жылдарда адал еңбек етіп жүрген қарапайым адамдардың қадірі түсіп, жұмысшы мамандықтарын қалаған жастар қатары селдіреп кеткені жасырын емес. Мемлекет басшысының еңбек адамдарын құрметтеуге бағытталған бастамасы сол кемшілікті түзетуді көздегені әрі елімізді – әлеуметтік мемлекет, ал оның ең қымбат қазынасы – адам деп жариялаған Ата заңымызбен үндесіп тұрғаны кәміл.

Тағы бір маңызды жайт – Президент Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру міндеті қойылды. Шынтуайтында, бұл ұлттық идеологиямыздың негізгі арқауына айналуға тиіс. Себебі заң үстемдік құрып, темірдей тәртіп орнығатын елде эконо­микалық өсім де, қоғамдық опти­мизм де болатыны даусыз. Халқымыздың аңызға айнал­ған даңқты ұлы Бауыржан Момыш­ұлы «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген сөзді бекерден-бекер айтпаса керек. 

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше