
Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ
Бұған дейін Кербұлақ, Панфилов аудандарында дәл осындай тұрғын үйлер елге табысталған еді. Енді сол игілікті істің жалғасы ретінде Үшарал қаласында 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің кілті тұрғын үй кезегінде тұрған аудан азаматтарына берілді. Заманауи үлгіде бой көтерген баспананың құрылыс жұмыстарын аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы негізінде мердігер «Қайнар АКБ» ЖШС жүргізді.
Жалпы, ауданда тұрғын үй кезегінде 4 санат бойынша 1653 азамат тіркелген. 5 қабаттан тұратын 60 пәтерлі жалдамалы тұрғын үйде бір 30 бөлмелі, 15 екі бөлмелі, 15 үш бөлмелі пәтер бар. Баспаналы болу бақытына ие болған аудан тұрғыны, көпбалалы ана Гүлайым Шәкенова облыс әкімдігіне алғысын білдірді.
«Тұрғын үй кезегінде тұрғаныма 5 жылдан астам уақыт болды. 5 баламмен сапасы нашарлау жалдамалы үйлерде тұрып келдік. Міне, бүгін тұрғын үй кезегімен жеке жаңа, заманауи тұрғын үйдің кілтін иеленіп жатырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Барша жаңа қоныс иелерін құттықтаймын. Ауданымыз дами берсін. Қоныстойын тойлап жатқан тұрғындардың арасында отбасылық өмірге жаңа аяқ басқандар да, зейнет жастағы қариялар да бар. Ендігі мақсат – пәтер ішін толтырып, тәуелсіз елде бақуатты күн кешу», деді Г.Шәкенова.
Пәтер кілттеріне ие болғандардың басым бөлігі – әлеуметтік жағынан аз қамтылған, жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған отбасылар. Жыл санап дамып келе жатқан Алакөл ауданындағы тұрғын үй мәселесі оң тұрғыда шешіліп жатыр.
Айта кетейік, аудан халқының әлеуметтік ахуалын жақсарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарындағы аудан тұрғындарына 60 үй, Қабанбай ауылында жас мамандарға арналған 10 жеке тұрғын үйдің құрылыс жұмысы басталып, жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарланып отыр. Осылайша, өңірде қоныстойын тойлаушылар саны артпақ. Отбасыларды тұрғын үймен қолдаудың кешенді моделі әлі де жалғасады.
Биыл жалпы алғанда облыста 4 мыңнан астам отбасы қоныстойын тойлайды. Атап айтқанда, жалгерлік – 678, жеңілдетілген несиелік – 1802, «Жетісу жастары» бағдарламасымен – 50, «Жерұйық» бағдарламасымен – 66, апатты тұрғын үй иелеріне – 95, халықтың әлеуметтік осал топтарына жалгерлік тұрғын үй сатып алуға – 866, демеушілер есебінен 560 үй беріледі.
Бұл ретте, әсіресе Талдықорған қаласында тұрғын үй мәселесі өзекті саналады. Бүгінде облыс орталығында 15 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Кезектегі азаматтарды баспанамен қамту ісін ілгерілету мақсатында құрылыс қарқыны жыл сайын артып келеді.
Талдықорған қалалық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биыл бюджет қаржысы есебінен Талдықорғанда 56,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Атап айтқанда, 108 пәтерлік 4 үй жалгерлік, 590 пәтерлік 17 үй несиелік болмақ. Солардың ішінде қаланың 9-шағын ауданындағы бес, жеті және тоғыз қабатты жалпы саны 89 пәтерлік үйдің бүгінде құрылыс жұмыстары 90% аяқталған.
– Құрылыс жұмысының жалпы құны – 1 млрд 778 млн теңге. Тұрғын үйді салу барысында отандық құрылыс материалдары пайдаланылды. Бұл үйлерде бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер бар. Қазіргі кезде линолеум төсеу, ішкі әрлеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Нысанды қыркүйек айына тапсыру жоспарланған, содан кейін жаңа шағын ауданды тұтас қамти отырып, абаттандыру жұмыстары басталады, – деді Талдықорған қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Марлан Қалиев.
Өткен жылы тұрғын үйді пайдалануға беру Талдықорғанда рекордтық көрсеткішке жеткен. Соның арқасында кезекте тұрғандардың шамамен 12-13%-ы баспанаға ие болды. Ал облыс бойынша 2022-2023 жылдары мемлекеттің қолдауымен, демеушілердің көмегімен 2100-ден астам отбасы тұрғын үйге ие болды, соның ішінде 700-і көпбалалы, 751-і әлеуметтік осал топқа жататын отбасы, 100-і – жетім бала санатындағылар.
Жалпы, биыл Жетісу облысында 349,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 2023 жылғы деңгейден 8,2%-ға артық, соның ішінде 1175 пәтерлі, аумағы 99 мың шаршы метр болатын 37 үй бюджет есебінен іске қосылады. Еске сала кетелік, осы жылдың 7 айында өңірде 134 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Жетісу облысы