Тұлға • 13 Қыркүйек, 2024

Тұлға тұжырымдамасы

211 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қазан айында халқымыздың ардақты перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толады. Бұл орайда Түркістан өңірінде айтулы тұлғаның болмысын, атқарған ісі, та­рих­­тағы орны, қайраткерлігі мен аза­мат­тығын жан-жақты қамтып, кейінгі ұр­пақ­қа таныта түсу мақ­сатында ауқымды іс-шаралар өткізу жос­пар­ланған. Сондай-ақ осыдан 20 жыл бұрын, яғни 100 жылдығына орай ашыл­ған­ ны­сандарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Деген­мен тұл­ғаны ұлық­­тау мақсатында айтылған, бірақ іске аспаған ұсыныстар да баршылық.

Тұлға тұжырымдамасы

Бүгінде Н.Оңдасынов атындағы мектеп пен мұражайдағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Мұражай 2004 жылы қазан айында ашылған болатын. Дегенмен бұл ғимараттың тарихы тереңде, яғни 1904 жылы салынған. Төбесі қамыспен жабылған, бос тұрған ғимаратқа 2004 жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, алғашқыда Н.Оңдасынов атын­дағы мемориалдық музей болып ашылған. Өкінішке қарай, 2012 жылы қаңтарда музейден өрт шығып, 7 бірдей техника мен 50-ден астам адам тілсіз жаудың бетін қайтарған. Н.Оңда­сынов мұражайының алғашқы басшысы, Түркістан қаласының құрметті азаматы Жарылқасын Әзіретбергенов сол жылдары Мәскеуден 900-ге жуық экспонат әкелгенін, жалпы мұражайдағы 3 мыңға жуық жәдігердің өрттен аман қалғанын айтады. Жөн­деу жұмыстарынан кейін 2014 жылы мұражай жұмы­сын қала­да ашылған этногра­фия­лық музей­дің филиалы ретінде қай­та жалғас­тырған.

«Бұл мұражай орналасқан аумақ бұрын теміржол саябағы болған. Осы саябақ 100 жылдығы құрметіне Н.Оңдасынов кешені болып аталды. Бұл жерде Н.Оңдасынов атындағы дарынды балалар мектебі салынды. Музейдің кіреберісіне шағын бюсті қойылды. Облыс әкімі Дархан Саты­­балдының қолдауымен тиісті қаржы бөлініп, бүгінде музейде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Бұл да бір біткелі тұрған игі іс. Дегенмен тағы бір шарапаты мол іс қолға алынса жөн болар еді. Н.Оңдасынов жауапты қызметтерде жүріп шығармашылықтан да қол үзбеді. Тынбай ізденіп, білімділігімен биікті бағындырды. Жемісті еңбек етті. Араб, парсы, орыс тілдеріне жүйрік болды. 1969 жылы «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі», 1974 жылы «Парсы-қазақша түсіндірме сөздігі» жарық көріп, ел ықыласына бөленді. Ол еңбектерін оқыған ғалымдар не лабораториясы жоқ, не институты жоқ, не хатшысы жоқ, жалғыз зейнеткер осынша еңбекті қалай жазған деп таңғалады. Түсін­дірме сөздіктерін жазған кездері мен ол кісінің қасында көмекші болып жүрдім. Амангелді атындағы колхоздың партком хатшысы едім. Оның әңгімесінен ол кезде араб тілін терең талдайтын ға­лымдар аз екенін аңғардым. Сон­дық­тан түсіндірме сөздігін басуда көп кедергі болды. Бірақ Димаш Ахмет­ұлы Қонаев тікелей тапсырма бе­ріп, бұл кісінің еңбектерін Тәжік ғылым академиясына жіберді. Сол тәжік елінің ғылым академиясы жо­ғары бағалап, қорытынды берді. Д.Қонаевтың ықпал етуімен бес том­дық кітабы басылып шықты. Жал­пы, оның ғылыми еңбектері аз таралыммен шыққандықтан, қазір таба алмайсыз. Сондықтан Н.Оң­да­сыновтың еңбектері қайта басы­лып шықса, білімді ұрпақтың дүние­та­нымын кеңейтуге септігі тиер еді», дейді Жарылқасын ақсақал.

ук

Ал Нұртас Оңдасынов атын­дағы мамандандырылған дарын­ды балалар мектебінің іргетасы 2002 жылы қаланып, 2004 жылы пайдалануға берілген. Дарынды балаларға арналған арнайы мектеп болғандықтан оқушыларды жетінші сыныптан бастап қабылдайды. Мектеп басшылығының мәлімдеуінше, жыл сайын түлектерінің 95-97%-ы жоғары оқу орнына түседі. Мектеп жанында оқушыларға арналған жатақхана бар. Білім ошағы 320 оқушыға арналғанымен, 365 бала білім алады. Жиырма жыл бұрын пайдалануға берілген мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Жөндеу жұмыстары – мерей­тойға дайындықтың, әрине, бір бөлігі ғана. Түркістанда ғы­лы­ми конференция, еліміздің өңір­ле­рінде де түрлі іс-шара өтері анық. Өйткені Н.Оңдасыновтың жарқын қолтаңбасы еліміздің барлық өңірінен көрініс табады. Сол жылдары елімізде ашылған мұнай, түрлі-түсті металдардың орасан зор кен орындары, қалалар мен кенттердің, кеңшарлар мен ұжымшарлардың өсіп көркеюі, халқымыздың соғыстан кейінгі жылдардағы әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайының жақсаруы соның айғағы. Өзі туып-өскен Оңтүстік өлкесін де назарынан тыс қалдырмаған. Көнекөз қариялар оның іс-сапармен үнемі келіп-кетіп отырғанын айтады. Өткен ғасырдың 40-жылдары Орталық Қазақстаннан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан, Әулие­ата, Шымкент, Түркістан, Қазығұрт аймақтарынан алғашқы кезеңде 18 мыңға жуық, кейіннен 14 мыңға жуық өз еркімен келген ерікті жұмысшылар Мырзашөлді игеруге Оңдасыновтың басшылығымен жұмылдырылды. Тың жерлерді игеруде, «Достық» каналы мен жүздеген шақырым арық-атыз­дар­ды салуда жұмысшылар қыруар еңбек етті. Соның нәти­же­сінде мемлекетке жүз мыңдаған баға­лы, стратегиялық маңызды шикі­зат, ақ мақта тапсырылды. Рес­пуб­ли­када бірінші болып суармалы жер көлемін көбейту мақсатында Қызылқұм өңірін суландыруды мәселе қылып көтерді. Шардара су қой­ма­сын салуды бастады. Осы бір игі істерін ұмытпаған жергілікті зия­лы қауым ұлы тұлғаның елімізге, соның ішінде Мырзашөл өңіріне сіңірген орасан зор еңбектерін ескере, Атакент қалашығында Оңда­­сы­­новтың ескерткішін орнатып, бір көшеге атын беру өскелең ұрпаққа үлгі-өнегесі мол іс болатынын айтуда. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист, дипломат, қоғам қай­рат­кері, оңдасы­нов­танушы Ержан Үбай­даұлы осы­дан үш жыл бұрын жаз­ған мақа­ла­сында Эрмитаждағы тай­қазанды Түр­кіс­танға қайта әкелуге Мәскеу­де тұрған Н.Оңдасыновтың ара­лас­қанын біреу білсе, біреу біл­мей­тінін айтады.

«1982 жылы Мәскеуге барған сапарымда Нұртас Оңдасынов ағай­дың үйіне сәлем бере кірдім. Елдің жаңалықтарын, Түркістандағы игі істерді айттым. Жұбайы Валентина Васильевна қазақы дәстүрмен дастарқан әзірледі. Ол жерде ірімшік, құрт, шұбаттан дәм таттық. Бізбен бірге үлкен ұлы Іскендірбек Нұртасұлы да болды. Нұртас аға маған бата беріп, елге сәлем айтты. Кейін қайтыс болғаннан кейін өзінің аманаты бойынша туған жері Түркістанға жерленді. Әлі есімде, Мәскеуден Н.Ондасыновтың денесін елге әкелуге Сағидолла Құбашев пен Өзбекәлі Жәнібеков өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде Түркістанда Нұртас Ондасыновтың атында мектеп, көше, мұражай бар. Өзі туып-өскен Амангелді ауылы бүгінде Нұртас ауылы деп аталады. Алматыға мүсіні орнатылды. Енді Түркістанның төрінде де үлкен еңселі ескерткіші бой көтерсе деген тілегіміз бар», деп жазады Ержан Үбайдаұлы.

Өкінішке қарай, бұл тілек әзірге орындалмады, яғни Түркіс­тан­да Оңдасыновтың еңселі ес­керт­кіші жоқ. Сондай-ақ Нұртас Оң­да­­сынов туралы деректі фильм­дер­дің телеарналарда көп көр­сетіле бер­мейтінін, ел дамуына атса­лыс­қан тұлға туралы көр­кем фильм түсіру, Алматыдағы жоғары оқу орын­дарының біріне қайраткердің есі­мін беру қажеттігін айтушылар да бар.

Иә, «тағдыр ел басқаруды, ха­лық үшін қам жеуді сыйлаған» Н.Оңда­сынов барлық құрметке лайық. Жауапты да жоғары лауа­зымды қызметтерде өз отбасының мүдде­сі­нен гөрі ел, халық мүддесін жоғары қой­ған Оңдасынов естеліктерінде: «Ел басқару білгенге – мехнат, біл­ме­генге – қанағат. Маған мехнат болды, себебі, ең ауыр кезең соғыс, күйзелген шаруашылықты қайта қалпына келтіру жылдарын­да ел басқардым. Сол кезде хал­қы­м­ның жағдайы күні-түні есім­нен шыққан емес, қайтсем жағ­да­йын жақсартамын, көркейтемін, кем-кетігін келістіремін деумен өмірім өтті...» дейді. Ал Ақсақалдар алқа­сының төр­ағасы Жарылқасын Әзірет­бергенов Оңда­сы­нов­тың әрбір қазақ төріне жазып іліп қоя­тын, ұрпақтан-ұрпаққа мұра қылып қал­ды­ратын тағы бір өнегелі сөзін еске салды.

ек

«Қазақтың біртуар ірі тұлғасы Нұртас Дәндібайұлы тәртіпті өзінен бастады. Оның: Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» дегені бүгінгі және болашақ ұрпақтың да санасында тұратын өсиетті сөз. Тіпті айтулы тұлғаның ұлағатты сөздерін арнайы күнтізбе немесе басқа үлгіде заман талабына сай безендіріп, әрбір қызметкердің алдына қойып, я болмаса көзге түсер етіп іліп қойса дұрыс болар еді. Нұртас Дәндібайұлы ешкімнің ала жібін аттамады, мемлекет қамбасына қол салмады, ойлағаны халық қамы болды. Соғыстан соңғы қираған шаруашылық пен тұралаған тұрмысты тез арада аяғынан тік тұрғызуға ықпал етті. Өз өміріндегі жіберген қателіктерін де жасырмай жария еткенін білесіздер. Өз жазбаларында болашақ ұрпақты сақтандырған ол Әл-Фарабидің қағидасы үнемі есінде жүретінін айтады. Жалпы тіл, дәстүр, салт-сана туралы мақала жазғанда, ұлт ұрығынан дәнді жоғалтып алмасақ екен деген уайымнан жазатынын жасырмайды. Ұлт ұрығы – тілі, дәстүрі, салты, осыдан нәр алған адам ғана өз ұлтының өкілі бола алатынын айтады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін мақтан ете айтқан естелігі де көпшілікке жақсы мәлім. Нұртас Дәндібайұлы: «Бірде Сирия мемлекетіне Кеңес Одағының делегация құрамында бардым. Мен Қазақстаннан, астанасы Алматы деп едім ешкім біліңкіремеді. Сосын туған жерім Түркістан, ондағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін айттым. Сол-ақ екен, жапырлап келіп қолымды алып, үстімдегі киімімнің (ұзын ақ көйлек кигізіп қойған) етегін сүйіп, әбігер болды да қалды. Сөйтсем, бар ғұмырын суфизм ілімін уағыздауға арнаған, даналық ойлармен ұнаған Қожа Ахмет Ясауиды сириялықтар да жақсы біледі, әрі үлкен құрмет тұтады екен. Қожа Ахмет Ясауимен жерлес болғандығым үшін ғана табан астынан ең құрметті болып шыға келдім. Одан кейін барған жердің бәрінде маған ерекше көңіл бөлініп, құрмет жасалатын болды. Сол кезде сөздерімізде, тілде ұқсастықтың барлығын байқағанмын», дейді. Оңдасынов қазіргі Атырау мен Маңғыстау бірігіп, Гурьев облысы болып тұрған кезде сол облысты 8 жыл басқарды. Ақырында Хрущевтің қысымымен, мемлекеттік істе тәжірибесі молайған шағына қара­мастан-ақ, зейнеткерлікке жасы жет­песе де 58 жасында шығарып жібе­реді. Зейнеткерлікке шыққан соң Мәскеуде тұрды», дейді Жарыл­қа­сын ақсақал.

Мемлекет және қоғам қай­рат­кері, Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасыновтың өмірі де, қызметтік жолы да нағыз «тар жол, тайғақ кешу» кезеңде өтті. Сталиндік репрессия мен Хрущевтің билігі жүрген алпысыншы жылдардың басына дейінгі аралықта уақыттың құлы болып қалу оңай еді де, халықтың ұлы болып қалу тым қиын еді. Ақ-қараны анықтамай, талай қыршынды қынадай қырып кеткен 1937 жылдың соңына қарай бар-жоғы 34 жаста жоғарғы қызметтің жауапкершілігін арқалады. Оның есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланысты екені даусыз. Кешегі Кеңестер одағы кезеңінде ұлтымыздың, мемлекетіміздің қалыптасуына қ­а­жырлы еңбегімен сүбелі үлес қосқан аза­мат­тардың алдыңғы қатарында Нұртас Оңдасынов тұр. Деректерге көз жүгірт­сек, Нұртас Дәндібайұлы 1940-1953 жылдар аралығында Қазақ Республикасы Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Ұлы Отан соғысы жылдары халқымыздың күш-жігерін біріктіріп, дұшпанды жеңу жолында өз үлесін қосты. Қалаларда ондаған-жүздеген зауыт, фаб­рика салынып, олардың жұмыстары 2-3 маусымдық жүйеге ауыстырылып, жұмысшылар күндіз-түні тынымсыз еңбек етті. Ел басына түскен ауыртпашылықтан еңсесін тіктей алмай жатқан жылдары үкіметті басқарған қайраткер іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Алдымен сауатсыздықты жою ісіне белсене кірісті. Шалғай аудандарда мұғалімдер дайындайтын училищелер, облыс орталықтарында мұғалімдер даярлайтын курстар, облыс орталықтарында мұғалімдер институттарын ашуға айрық­ша мән берді. Еліміздің мәдениеті мен әдебиетін, руханиятын дамытуға орасан зор үлес қосты. Сондай-ақ жария деректерде соғыстың ауыр кезеңдеріне қарамас­тан, халықтың рухын көтеру мақсатында Н.Оңдасыновтың төрағалығымен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 95 және 100 жылдық мерейтойлры жоғары дәрежеде атап өтілгені айтылады. Оңдасыновтың қолдауымен көптеген қалада жоғары оқу орындары ашылған. Бір ғана Алматыда политехникалық, Қыздар педогогикалық инсти­ту­тының, Құрманғазы атындағы консерваторияның, медициналық, шет тілдері, дене шынықтыру инс­ти­туттарының іргетасы қаланды. Опера және балет театры­, облыстарда драма театрлары ашылып, филармония, ән-би ансамбльдерінің ұйымдастырылуына ұйытқы болды. Қарағанды металлургиясын, Мойынты-Шу темір жолын, теріскейге теміржол тарту, еліміздің мұнай-газ саласын игеруге ұйытқы болды. Елімізде тұңғыш рет Ғылым академиясының дербес құрылысына бірден-бір атсалысқан Нұртас Оңдасынов жаңа ғима­рат­тың салынуына қаражат қарас­тырып, іргетасы қаланғанда ырымдап «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын» деп күміс ақша шаш­қаны белгілі. Қазақ Ғылым ака­де­миясына Қаныш Сәтбаевтың басшы болып келуіне себепші болды. Қаныш Имантайұлының газетке жарияланған мақаласындағы болашақ ғылымның сөз зерделеуі ұнап, жаңа ой-пікірлерін білуге, танысуға Мәскеуге шақырады. Кездесіп, пікір алысқаннан кейін, Кеңестер одағы Ғылым академиясының президенті ­В.Ко­ма­­ровқа алып барып: «Қазақ Ғылым академиясының болашақ президенті...» деп таныстырады. 1942 жылдың басында кенді Алтай, Лениногор, Риддерге іс-сапармен барған Н.Оңдасынов білімді, байсалды Дінмұхамед Қонаевты кездестіреді. Кейіннен Алматыға келіп, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Скворцовпен ақылдасып, өзіне орынбасарлыққа шақырады. Өзін Оңдасынов шәкіртімін деп санайтын мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев өз кітабында: «Нұртас Оңдасыновтың мектебінен өттім. Сол кісіден алған тәжірибемнің арқасында осындай биікке жеттім» деп жазған. Нұртас Дәндібайұлының шарапатын көрген жандардың бірі – мүсінші Хакімжан Наурызбаев.

«Екінші дүниежүзілік соғыстың нағыз дүрілдеп тұрған кезінде Қостанай облысы Ұзынкөл ауданына барған Нұртас Дәндібайұлы аудандық атқару комитеті төрағасының кабинетінде саз балшықтан жасалған Абай мен Жамбыл мүсінін, қой, ешкі, жылқы, түйе сияқты үй жануарларының бейнесін көреді. Оны кім жасағанын сұрастырады. Аудан басшысы 16 жастағы ат бағушы баланың жұмысы екенін айтады. Жасөспірімді шақырып сөйлескен Нұртас Дәндібайұлы оны оқуға жіберуді ойлайды. Алғашқыда отбасы жағдайын ойлап, көнбеген балаға мүсін деген өнердің үлкен түрі екенін, қазақта әзірше мүсінші жоғын, оқып, білім алса, үлкен өнер иесі болып кететінін түсіндіреді. Хакімжан Наурызбаевтың талантын танып, Алматыға алып келіп оқытады. Сол кезде соғыстың әсерінен Алматыға қоныс аударған үлкен суретші, мүсіншілермен таныстырады. Алматыдағы көркем сурет училищесіне орналастырады. Училищені бітірген соң Хакімжан Харьков көркем сурет институтына түсіп, Мухинаның жетекшілігімен оқиды. Осылайша, қазақтың тұңғыш мүсіншісіне қамқорлық жасайды. Сол Хакімжан Наруызбаев – елімізге танымал мүсінші, Алматы қаласындағы Абай ескерткішінің авторы», дейді Жарылқасын Әзіретбергенов.

Ол Үкімет басында отырған он үш жыл ішінде жоғарыдан – Мәскеуден түскен бұйрықты бұлжытпай орындайтын орындау­шы қызметкер емес, халық мүд­десі үшін небір ірі-ірі мәселелер мен бастамалар көтеріп, оны шеше алған қайраткер дәрежесіне көтерілді. Бірақ жоғарыда айтып өткеніміздей, оның осынау қайраткерлігі Хрущевке ұна­май, екеуі қызмет барысында жиі-жиі келіспеушілікке барыпты. Себебі Оңда­сынов тың игеру науқанындағы асыра сілтеуге ашық қарсы шыққан. Нұртас Дәндібайұлының зейнеткерлікке шық­қан­нан кейінгі өмірі Мәскеуде өтті. Оны Мәс­кеуге отбасылық жағдайына байла­нысты көшті деп жүр. Бұл жайттың түбіне тереңірек үңілсек, сол тұстағы билік­тің Оңдасыновты зейнет жасына жетпей тұрып қызметтен аластап қана қоймай, өз ортасынан, өз пікірлестерінен де алыс­татуға барынша күш салғанын бай­қауға болады. Қалай болғанда да елі­міз­дің көрнекті мемлекет және қоғам қай­рат­кері ретінде Нұртас Оңдасынов өне­гелі жолымен, елшілдік ұстанымымен таза тұлға тұжырымдамасын ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Биылғы мерейтой іс-шара­ларының мақсаты да – халқы үшін қалт­қы­сыз еңбек еткен ердің өнегесін өскелең ұрпаққа дәріптеп, үлгі ету.

 

Түркістан облысы