«Балалар, біз – мұғалімбіз ғой. Бірақ даналық құйып бере салатын су немесе айран емес. Ол тәжірибемен келеді. Мысалы, мына тездетіп отын жинауды Шәкіржан ағайларыңның ақылы яки даналығы деуге болады» деп қайырып, бір аңызды бастап кетті.
«Баяғыда бір дана өмір сүріпті. Дананың баласы да өзіміз сияқты ет пен сүйектен жаралған. Жұрттың бәрі әкесіне келеді, ақыл-кеңесін тыңдайды. Соңынан қайта оралып, алғысын жаудырып жатады. Бұл – үлкен құрмет, дәреже. Баласы да әкесіндей болуды армандап, бірде: «Әке, осы даналықты қайдан үйрендіңіз? Ұстаздарыңыз мықты болды ма? Мен де сондай мұғалімдерден тәлім алғым келеді. Сіз оқыған кітапты мен де оқуға ықыластымын. Неден бастайын?» деп сұрайды.
Сонда даналығы мен қарапайымдылығы үйлескен әке былай депті: «Айналайын балам, мен де сендей молдадан дәріс алғанмын. Мен де сендер оқып жүрген кітаптарды оқығанмын. Бірақ даналықты құмырсқадан, көбелектен, жыланнан үйрендім...».
Баласы бұл жауапқа: «Жәндікте тіл жоқ, әрекет бар. Олардың даналығы неде?» деп, таңдана сауал тастайды.
Данышпан: «Оның сыры мынада, балам!» деп, өмір тәжірибесін баяндай түседі.
«Жаугершілік заман еді. Жерімізді жаудан толық азат етіп, тойлап жатқанбыз. Сонда бір қауым батыр «Жауды шекараға дейін қуған аз. Бізге жасағанын өздеріне көрсетіп, соғыс ашып, біраз жерін басып алайық. Олар сол кезде ғана тыныштанады!» деп ұсыныс айтты. Ханымыз ойланып қалды. Сонда мен құмырсқаның тірлігіне көзім түсіп, содан алар тәлімге тоқтайық деп кеңес бердім. Құмырсқа бейшара өзінен сан мәрте ауыр затты жеткіземін деп, оны көтеруге әлі келмей, жанында айналшықтап жүріп алады. Талай уақытын жоғалтады. Бірақ бұл ниетінен ештеңе шықпайды. Хан иеме «Бұл жорықтан сіз де, ел де титықтайды. Қанағат етейік!» дедім. Сөйтіп, соғыс та болмады, ел де аман қалды. Бұл – құмырсқадан үйренген даналығым.
Енді бірде қазы пәтуа шығарып, оның дұрыс-бұрыстығын менен сұрады. Мен сабырға иек артып, ойланып қалдым. Сол кезде көзім көбелекке түсті. Ол қанатын сабалап, ешкі қарын терезеге соқтығып, кең далаға шыға алмай тұр екен. Мен ретін тауып, сыртқа шығарып жібердім. «Қазы әділ болса, дүние кең. Шешім – өзіңізде!» дедім. Қазы да, сот та күдіктінің іс-әрекетін, бүгіні мен болашағын салмақтап, рақымшылық жасады. Бір кемпірдің жалғыз баласы екен, кейін түзеліп, ел қатарына қосылыпты.
Үшінші жағдайды бір қаскүнем мені өлтірмек болғанда бастан кештім. Бұзақы біздің баудағы арша түбіне жасырынып, оңтайлы сәтті күтіп отырған. Ойымда түк жоқ. Келе жатқанымда аяғымның жанынан қара-шұбар жылан сусылдап өтті. Балаларды жазым қылмасын деп, жыланды іздеуге көмекшілерімді шақырдым. Олар қапелімде қаскүнемді ұстап алды. Жыланның да, қаскүнемнің де басына ақ құйып шығарып салдық. Екеуі де өз жөнімен кетті. Қаскүнем өзін өлтіреді деп ойлады. Молда мен ақсақалдың көзінше кінәсін мойнына қойып босатқанымда, еңкілдеп жылады...
Солай, балам, даналықты айналаңнан, Құдайдың жаратылысынан үйренесің. «Ақыл – бастан» деген осы...».
Жаппар мұғалім тәлімді әңгімесін аяқтағанын сезгендей бұл мезетте Амантай шопыр да машинасын бипілдетіп жетіп келетін.
Айтуған ДОСБИ