Аймақтар • 14 Қыркүйек, 2024

Ең ұзын туннель пайдалануға берілді

152 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан және Жамбыл облыстарын байланыстыратын автожол бойындағы еліміздегі ең ұзын туннель пайдалануға берілді. Автомобиль жолдары саласындағы бірегей нысан Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің бойында орналасқан. Ұзындығы – 840, ені – 11, биіктігі 8 метр болатын екі жолақты жолдан сағатына 100-ден аса көлік өте алады.

Ең ұзын туннель пайдалануға берілді

Еліміздегі тұңғыш әрі ең ұзын туннель ретінде аталып отырған, жол бойындағы жотаны тесіп жасалған нысан құрылысы 10 жылға жуық уақытқа созылған еді. Құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылуы пандемия кезінде керекті құрылыс заттарын әкелу, тапсырыс беруде қиындық туындағанымен байланыстырылып отыр. Түлкібас ауданы Шақпақ баба ауылының маңында орналасқан халықаралық маңызы бар автожол туннелінің ашылу салтанатына Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, сала мамандары мен екі облыстың ақсақалдары қатысты. Тұрғындарды қуанышымен құттықтаған вице-министр салада атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті. «Бүгін ашылғаннан кейін негізгі көлік ағыны Шақпақ баба елді мекенінің айналма жолына бағытталды. Бұл елді мекеннің ішіндегі жол қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізбек. Сонымен қатар нысан қыста жүргізушілердің Шақпақ баба асуында қар құрсауында қалып қоймауына мүмкіндік береді. Бұл жерде туннель салынбаған жағдайда жолдың еңістігі 45 метрге дейін жоғары шығу керек еді. Бұл осындағы қозғалыс жылдамдығын сағатына 20-30 шақырымға дейін төмендетеді. Содан кейін 45 ойық жасауды ойлағанбыз. Бірақ оны боран болған кезде басып қалуы мүмкін еді. Енді сол кедергілер, тәуекелдер болмайды», деді вице-министр Сәтжан Аблалиев. Ал Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов нысанды пайдалануға беру арқылы жол қозғалысының қауіпсіздігі қам­тамасыз етілетінін және өңірдегі жолау­шылар ағыны мен жүк айналымы артып, ту­ризмнің дамуына әсерін тигізетінін атап өтті.

Автожол туннелі алдымен түрлі сынақтан өткен. Арнайы жаттығулар шең­берінде туннельдің қауіпсіздік жүйелері, соның ішінде желдету және өрт сөндіру жұмыстары сыналған. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде көлік құралдарын жедел сүйреу және жол-пайдалану техникасының қозғалысын ұйымдастыру бойынша іс-әрекеттер пысықталыпты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында туннельдің екі жағында жарықтандыру, желдету, дабыл беру және бағдаршамдарды реттеу үдерістерін басқаратын диспетчерлік пункт­тер қарастырылған. Сонымен қатар нақты уақыт режімінде бақылауға мүмкіндік беретін бейнебақылау және өрттен қорғау жүйелері орнатылған. Туннельдің жанында жүргізушілер мен жолаушылар үшін жол жөндеу пункті, жанармай құю бекеті, тікұшақ алаңдары және сауда аймақтары қарастырылған. Туннельді сырттан басқаруға болады. Қандай да бір төтенше жағдай бол­ғанда санаулы секундта нысанды жауып, көмек көрсетуге мүмкіндік бар. «Көлік көп жүретін болғандықтан, олардан бөлінетін улы газдар, табиғи газдар жиналмас үшін үлкен желдеткіштер іске қосылады. Мұны қолмен де қосуға болады, өзі автоматты түрде түнде ауаны тазалап тұрады. Туннель ішінде сезгіш құралдар бар. Олар газдың иісін сезсе, бірден сыртқа шығарады. Іште түтін жиналмау керек. Өйткені өрт қаупі бар», дейді оператор Бауыржан Оспан. Жаңа туннель екі облыстың ғана емес, көршілес елдердің көлік-логистикалық жүйесіне оң әсерін тигізеді деп жоспарланған.

Салтанатты жиын барысында Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев осы саланың дамуына елеулі үлес қосып, аянбай еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа төсбелгі тағып, Алғыс­хаттармен марапаттады.

Айта кетейік, Түркістан облысында биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 41,4 млрд теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 1061,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысымен 559,6 шақырым жол пайдалануға берілмек.

 

Түркістан облысы