Экономика • Бүгін, 09:00

Басты міндет – ауыл шаруашылығында терең өңдеу өндірісін дамыту

30 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды. Президент өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің дамуымен танысып, әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Сапар аясында астықты өңірлер әкім­дерінің қатысуымен егін жинау науқанына арналған кеңес өтті.

Басты міндет – ауыл шаруашылығында терең өңдеу өндірісін дамыту

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Өңірде 3,6 млн тонна астық бастырылды

Президенттің Ақмола облысына жұмыс сапары «Зеренді сақтау өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен танысудан басталды. Президентке биыл облыстағы егіс алқабының көлемі 300 мың гектарға ұлғайып, 5,5 млн гектарға жеткені жөнінде баяндалды. Бол­жам бойынша аймақтағы агроқұрылым­­дар 7 млн тоннадан аса дәнді, 650 мың тонна­­­дан аса майлы дақыл жинамақ. Бүгінге де­­йін 3,6 млн тонна астық бастырылды. Орта есеппен 1 гектар алқаптан 15,4 центнер өнім алынған. Жиналған өнімнің сапасы – жоғары.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде мол өнім беретін майлы дақылдар алқабын ұлғайту жұ­мыстары жалғасып жатыр. 2023 жыл­мен салыстырғанда мұндай егістік алаңының көлемі 2,5 есе артып, 495 мың гектарға жеткен. Осындай көпбейінді шаруашылықтардың бірі – «Зеренді сақтау өнімдері» ЖШС.

Кәсіпорын директоры Ербол Жауаровтың айтуынша, шаруашылық дәнді және бұршақты дақылдарды өсірумен, сиыр, жылқы тұқымдарын асылдандырумен айналысады. Бұдан бөлек, серіктестіктің қуаты 2,5 мың тонна болатын май зауыты, құс фабрикасы мен диірмені бар.

Президент Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жетекшілерімен саланың жай-күйі, шаруалардың жетістіктері, сондай-ақ қордаланған мәселелері жөнінде әңгімелесті.

егін

– Биыл ауа райы қолайлы. Үкімет қолдау көрсетіп отыр. Жанар-жағар­маймен қамтамасыз етіп, алдын ала жеңілдетілген несие беруде. Астық түсімі жақсы болады деп ойлаймыз. Баршаңызға табыс тілеймін. Жолдауда атап өткенімдей, басты міндет – ауыл шаруашылығында терең өңдеу өндірісін дамыту. Былтыр ауыл ша­руашылығындағы өнім көлемі 8 трлн 250 млрд теңгені құрады. Бұл көп те, аз да емес. Өңірдегі басқа елдермен салыс­тырғанда ауыл шаруашылығы жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бірақ ішкі жалпы өнім көлеміне шаққанда, бұл – 6 па­йыз ғана. Яғни экономикадағы ауыл ша­руашылығының үлесін арттыру қажет. Ауыл шаруашылығы – біз үшін табыс­ты сала. 12 млн тонна бидай экспорт­тау әлеуеті – өте жоғары көрсеткіш. Қазір­дің өзінде астықты Еуропа елдері сатып алып жатыр. Жолдауда айтқанымдай, астықтың алғашқы легі, шамамен 15 мың тонна бидай Вьетнамға жолданды, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысында шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап көрді. Мұнда жартылай фабрикаттар, консервілер, ет, сүт және нан өнімдері қойылған.

 

Мемлекеттің қолдау тетіктерін тиімді пайдалану қажет

Мемлекет басшысы Ақмола облы­сының Зеренді ауданында аймақ шаруа­ларымен егін жинау науқанына арналған кеңес өткізді. Іс-шараға Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облы­сының диқандары бейнебайланыс режімінде қатысты.

Президент Ақмола облысына егін жинау науқанының барысымен танысу үшін арнайы келгенін айтты.

– Егіс алқабындағы жұмыстарды уақтылы аяқтап, астықты дер кезінде жинап алу қажет. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі, ішкі нарықтың тұрақтылығы осы жұмысқа тікелей байланысты. Астық жинау науқанын ойдағыдай жүзеге асырсақ, экспорттық әлеуетіміз де мықты болмақ, яғни шетелге мол өнім шығара аламыз. Былтыр елімізде ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты жыл болды. Шаруалар табанды еңбек етіп, астық жинаудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Осының бәрі агротехнологияны дұрыс қолданудың нәтижесі деуге болады. Соның арқасында ауыл шаруашылығы бойынша өнім көлемінің өсімі басқа салаларға қарағанда анағұрлым артық шықты. Биылғы 8 айда атқарылған жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Өндірістің технологиялық әлеуетін арттыру үшін қолға алынған шаралар тиімділігін көрсетіп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еселі еңбектері үшін еліміздің диқандарына ризашы­лығын білдірді.

– Жыл сайын егін жинау науқанын­да сіздердің кәсіби біліктеріңіз, табан­дылықтарыңыз және патриоттық қасиеттеріңіз сыналады. Ауыл шаруа­шылығы еңбеккерлері бұл сыннан сүрінбей өтеді. Сіздер жай-күй таңдамай, табиғат тосын мінез танытса да жұмыс істеп, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрсіздер. Маңдай терлеріңіз арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, экономиканы дамытуға және ауылдағы тұрмысты жақсартуға орасан зор үлес қосып келесіздер. Мемлекет диқандарды қолдау үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алып жатыр. Атап айтқанда, биыл менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 трлн теңге бөлінді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазірдің өзінде мемлекеттің жүйелі қолдау шаралары нәтиже бере бастады. Агротехнологияны қолдану жоғары деңгейге жетіп, өнім­ділік артты. Бұған дейін ауыл шаруа­шылығының жалпы өнім көлемін екі есе ұлғайтуды тапсырған едім. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның қарқынын төмендетуге болмайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің қолдау тетіктерін тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы келесі жылғы егіс науқанында жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасын ерте бас­тан қолға алу маңызды деп санайды.

– Пайдасы көп әрі тиімділігі жоғары дақылдарды өсіруге басымдық бере отырып, егістікті әртараптандыруды жалғастыру керек. Бұл егін шаруашылығындағы өнім көле­мін ұлғайтып, мол табыс табуға мүм­кіндік береді. Үкімет пен әкімдер егін жинау кезінде шаруаларды жанар-жағармай­мен үздіксіз қамтамасыз етіп, қаржы мен қажетті техниканы уақтылы алуына жағдай жасауы қажет. Күн райына қарамастан, егінді мүмкіндігінше шығынсыз жинап алған жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жиналған өнімді тиісінше сақтауды маңызды міндеттің бірі деп атады. Әртүрлі дақылдарды өсірудің жоспардағы көлемі мен әр дақылға жеке қойма қажет екенін ескерсек, мұндай орындардың тапшылығы байқалады.

– Заманауи элеваторларды салуға және оларды ұстап тұруға қомақты инвес­ти­­ция қажет екені анық. Сондықтан эле­ва­­тор­ларды жаңғырту үшін жеңіл­детілген қар­жы­ландырудың арнайы бағдарламасын іс­ке қосу керек. Сапалы тұқым дайындауға ба­са назар аударған жөн. Бұдан бөлек, отан­­дық нарықты өзімізде шығарылған тұқым­­мен қамтамасыз етудің нақты қадам­дары керек. Был­тыр­дан бастап жетіл­дірілген ми­не­ралды тыңайт­қыш­тарды субсидия­лау тетігі тиім­ділігін көр­сетті. Ауыл шаруа­шылығы министр­лігінің алдында тұқым өндірісі бойынша мемлекеттік қолдаудың бала­малы шараларын енгізу міндеті тұр. Жал­пы, егін шаруашылығында жақсы нәти­жеге қол жеткізгенімізді атап өткен дұрыс. Бұл ауыл шаруашылығының аралас сала­ларына оң әсер етіп отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент мал шаруа­шылығының әлеуетін толық танытуға шақырды.

– Жыл соңына дейін мал шаруашы­лығын дамыту бағдарламасы әзірленеді. Бұл құжат ұзақ мерзімге жеңілдетілген қара­жат алуға мүмкіндік береді. Біз тек жаппай циф­рландыру арқылы экономиканың бар­лық саласында ашықтық пен тиімділікті қам­тамасыз ете аламыз. Мен бұл мәселеге Жолдауда жан-жақты тоқталдым. Ауыл ша­руашылығына цифрлық технологияны тездетіп енгізу керек. Егін және мал ша­руа­шылығындағы үдерістерді толық қадағалап отыру үшін цифрлық тәсілдерді қол­дану қажет. Бұл жұмысты ІТ-бизнеспен бірлесе отырып атқарған жөн, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл ша­руа­шылығын дамытуға бюджеттен қомақ­ты қаражат бөлініп жатқанына тоқталды.

– Демек істеліп жатқан әрбір жұмыстың, әрбір шараның нақты нәтижесі болуға тиіс. Бір сөзбен, ауыл шаруашылығына оң ықпал етуі керек. Мемлекет адал жұмыс істейтін диқандарға әрдайым қолдау көрсетеді. Ауыл шаруашылығының жай-күйі менің ерекше бақылауымда, бұл салаға баса мән беремін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді біздің халқымыз. Сондықтан бірлесе отырып, осы маңызды науқанды уақытында және табысты аяқтаймыз деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Жиында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысы­­ның әкімі Марат Ахметжанов, «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «Қарасу-Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорлар кеңесінің төрағасы Алмат Тұрсынов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, «Зенченко және К» КС директоры Геннадий Зенченко, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Касицин сөз сөйледі.

 

Болашаққа бастайтын Бас жоспар

Осы сапар барысында Президент Көкшетау қаласының 2050 жылға дейінгі Бас жоспарымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Бас жос­пар аясында жылу электр орталығы, об­лыстық көпбейінді аурухана, Азаматтық қорғаныс академиясы және көпфункционалды спорт кешені салынып жатқаны жөнінде баяндалды. Бұдан бөлек, 60-қа жуық өнеркәсіп кәсіпорнына есептелген индустриялық аймақтың негізі қаланып жатыр.

Облыс орталығының аумағы 7 мың гектарға ұлғаяды. Бас жоспардағы ерекше нысанның бірі – Қопа көлінің жағасында бой көтеретін заманауи іскерлік орталық. Онда тұрғын үй кешендері, бизнес және сауда орталықтары, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер орналасады.

Межелі уақытқа дейін қала халқының саны 500 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін жаңа құрылыс алаңдары және реновация бағдарламасы аясында 10 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Президентке Көкшетау қаласында табысты іске асырылып жатқан бес жылдық реновация бағдарламасы жөнінде мәлімет берілді. Жобаның мақсаты – апатты үйлердің тұрғындарын заманауи, жайлы әрі қуат үнемдейтін пәтерлерге көшіру, сондай-ақ инженерлік желілерді, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді кешенді түрде жаңғырту.

Аталған бағдарламаның операторы – Kokshe әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы. Қазіргі уақытта 13 ескі үй бұзылып, орнына 2 тоғыз қабатты және 4 бес қабатты көппәтерлі үй салынды. Жаңа баспанаға 365 отбасы қоныстанды. 2029 жылға дейін 175 ескі үйді бұзу жоспарланып отыр. Оның орнына 3 500 пәтерге есептелген 35 заманауи тұрғын үй бой көтереді. Нәтижесінде, 11 мыңға жуық адам жаңа қонысқа көшеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді аралап көріп, жаңа қонысқа көшіп келген отбасылардың бірімен әңгімелесті.

қоныс

Көпбалалы ана Диляра Шахманова мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін Президент пен жергілікті әкімдікке ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Көкшетау қаласындағы «Көк шалғын» біртұтас қоғамдық кеңістігін қалыптастыру жобасы таныстырылды.

Жоба тұжырымдамасына сәйкес, Мәңгілік алау, Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік алаңы және Сағдиев көшесі секілді қаланың ең көрнекті жерлерін үйлесімді сәулетімен және дизайнерлік шешімдерімен ерекшеленетін бірыңғай туристік бағытқа біріктіру көзделген.

Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев жоба аясында аумақты көгалдандыру, сондай-ақ автоматты суару жүйесі, құрғақ субұрқақ, декоративті шамдар мен сәнді орындықтар орнату жұмыстары жүргізілетінін айтты. Қопа көлімен және жаңа жағалаумен ұштасатын кеңістік қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы ортаға айналады. Жалпы аумағы 7,5 гектарға жуық жер абаттандырылып, жасыл желек отырғызылмақ.

Президентке «Таза Қазақстан» жалпы­­рес­­пуб­ликалық акциясы аясында Көкшетауда 7 мыңнан аса ағаш отырғызыл­ғаны туралы баяндалды. Жыл соңына дейін оның саны 11 мыңға жеткізіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев саябақта жер­гілікті зиялы қауым өкілдерімен әңгі­мелесті. Бұдан кейін Мемлекет басшысы биыл маусым айында пайдалануға берілген жаңа жағалаумен танысты.

 

Цифрлық өңірге айналуға мүмкіндік береді

Бұдан соң Мемлекет басшысы «Digital Aqmola» орталығында болды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Digital Aqmola» орталығында Ақмола облысын цифрлық жаңғырту жоспары баяндалды.

Президент «103», «109», «112» жедел қызметтерін ортақ платформаға топтастырған І-Komek бірыңғай байланыс орталығының жұмысымен танысты.

«Digital Aqmola» жобасы көлік, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, қауіпсіздік, экология және денсаулық сақтау сияқты негізгі салаларға орталық­тандырылған мониторинг жүргізеді. Аталған орталық Ақмола облысының үш жыл ішінде толық цифрлық өңірге айналуына мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов «Дихан-Плюс» шаруа қожалығының тәжі­­ри­­бесі негізінде аграрлық салаға жасан­­ды ин­теллектіні енгізу бойынша қанат­­қақты жоба іске қосылғанын айтты. Со­­ның нәтижесінде өнімділікті арттыра­тын, кәсіпорынның кірісін ұлғайтатын және бюд­ж­етке қосымша табыс әкелетін агро­те­х­никалық шешімдер әзірленді. Осы жүйені Ақмола облысын­дағы шаруа қожалық­тарға кеңінен тарату жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа инвестиция тарту, өңдеу, агроөнеркәсіп кешені мен құрылыс саласында жаңа жобалардың қолға алынғаны жөнінде мәлімет берілді. Мемлекет басшысына әлеуметтік тұрғы­дан аз қамтылған отбасыларға баспана беру, Көкшетауда жаңа ЖЭО құрылы­сын салу, облыс орталығы мен басқа да елді ме­кендерді сумен және жылумен қам­та­масыз ету, медициналық, спорттық ны­сан­дар құрылысын жүргізу, инфра­құры­лым­ды дамыту шаралары жайында баяндалды.

қосшы

Бұдан кейін телекөпір арқылы Қосшы қаласын табиғи газға қосу рәсімі өтті. Атап айтқанда, елді мекендегі газ реттеу нысанының алғашқы кешені іске қосылды. Ұзындығы 409 шақырым болатын магис­тралды желі арқылы сағатына 32 800 текше метр көгілдір отын тасымалданады. Жобаның жалпы құны 11,4 млрд теңгені құрайды.

Еске сала кетейік, 2021 жылы 27 шілде күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Қосшыға облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілген еді.

 

Шеберлікті шыңдайтын Шахмат үйі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Көкшетау қаласындағы Шахмат үйін аралап көрді.

Қопа көлінің жағасында орналасқан ғимарат бұрын Президент резиденциясы болған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен аталған нысан балалардың игілігіне беріліп, былтыр желтоқсан айында Шахмат үйі ретінде есігін айқара ашты.

Бүгінде арнаулы орталықта оқу-жаттығу жиындары, гроссмейстерлердің шеберлік сағаттары ұйымдастырылып тұрады. Спортшылар беделді бәсекелер алдында осы жерде дайындығын пысықтайды.

шах

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың айтуынша, көрікті табиғат аясындағы бірегей кешенде спортшылардың өз шеберлігін алаңсыз шыңдауына қолайлы жағдай жасалған. Кейінгі жылдары шахмат «медаль көп әкелетін» спорт түріне айналды. Былтыр отандық спортшылар халықаралық жарыс­тардан 160 медаль жеңіп алған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жас спортшылармен және ұлттық құрама мүшелерімен әңгімелесу барысында мемлекет шахматты дамытуға, сондай-ақ балалар мен жастар арасында насихаттауға ерекше мән беретінін атап өтті. Президент аталған ойын стратегиялық тұрғыдан ойлауға машықтандыратынын, тәртіпті күшейтіп, төзімділік пен жауапкершілікке үйрететінін айтты.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы жас шахматшылармен суретке түсіп, шахмат тақтасына естелік жазба қалдырды.