Саясат • Бүгін, 08:58

Жаһандық бейбітшілікті бекемдейтін бастама

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі қарсаңында Бейбітшілік және келісім сарайында съезд хатшы­лығының XXIII отырысы өтті. Онда ортақ миссияға табан тіреген түрлі дін өкілдері алдағы VIII съезге және форумның Ізгі ниет елшілерін сайлауға қатысты мәселелерді талқылады.

Жаһандық бейбітшілікті бекемдейтін бастама

Парламент Сенатының төр­аға­сы, Әлемдік және дәстүр­лі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев отырысқа қаты­су­шыларға ілтипат білдіріп, съезд 20 жылдан аса уақыт бойы жаһан­дық дінаралық диалогті нығай­туға, маңызды әлемдік проблемаларды шешуге рухани дипломатияны жұмылдыруға және толеранттылық пен өзара қолдау идеяларын дәріптеуге ықпал етіп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ол съездің бейбітшілікті сақтауға және келісім, өзара құрмет, ынты­мақтастық мәдениетін нығайтуға бағытталған тың бастамалар мен ұсыныстар айтылатын бірегей диалог алаңына айналуы барлық қатысушының ортақ жұмысының нәтижесі екеніне баса назар аударды.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­­ларының съезі осы жылдар ішінде өркениетаралық диалог­тің маңызды жаһандық формат­тарының біріне айналғанын атап өтті. Кездесуіміз халықаралық қатынастар жүйесі өзгерістерге ұшырап, жаңа сын-қатерлер пайда болған және бұрынғылары шиеленісе түскен күрделі кезең­де өтіп отыр. Гуманитарлық дағдарыстардың ушығуы және мәдени мұралардың қирауы да бәрімізді алаңдатады. Халықара­лық қауіпсіздік тетіктері дәрмен­сіздік танытып, протекцио­низм мен біржақты әрекеттер артып жатыр. Мұндай жағдай­да сындарлы және жасампаз күштердің бірлесіп әрекет етуі аса маңызды. Әлемдік діндер көшбасшыларының жұдырықтай жұмылуы жаһандық проблемаларды шешуге, әлемдегі шие­леністерді азайтуға және диа­лог пен өзара құрмет мәдение­тін дәріптеуге ықпал ететінін көріп отырмыз. Бұл ретте орта державалардың күш-жігері мен дін көшбасшыларының моральдық беделінің синергия­сы зор мәнге ие. Сондықтан оты­рысы­мыз жаңа халықаралық бітім­гер­шілік және гуманитарлық бастамаларға тың серпін беріп, мазмұнды әрі жемісті өтеді деп сенеміз, – деді съезд хатшы­лығының басшысы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев VIII съездің күн тәр­тібіне назар аударып, дінара­лық диалогті жолға қою үздіксіз, жүйелі және жоспарлы жұмысты қажет ететінін тілге тиек етті. Бұл ретте тың идеялар мен ұсыныстар және оларды бірлескен жобалар, оның ішінде съезд аясынан тыс бастамалар арқылы да іске асыру айрықша мәнге ие.

– VIII съезд «Діндер диалогі: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналып отыр. Осы орайда синергия тек ынты­мақтастық емес, ол күш-жігерді арттыру екенін айрықша атап өткім келеді. Ал дінаралық диалог – энергия, ашықтық және өзара құрметті қажет ететін тұрақ­ты үдеріс. Біздің бірлескен жұмысымыз халықаралық жобаларда өзінің логикалық жалға­сын табуға тиіс. VII съезден кейін Иерусалимде, Ватиканда, Меккеде және Сингапурде бір­лес­кен іс-шаралар өткізілді. Біз осы тәжірибені одан әрі жалғас­тыруға және халықаралық ынты­ма­қ­тастықты кеңейтуге мүдде­ліміз, – деп М.Әшімбаев БҰҰ Өркениеттер альянсымен бірлесіп өткізетін Діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессия, Жас діни лидерлердің ІІ форумы, сараптамалық дөңгелек үстел және секциялық отырыстар аясында талқыланатын тақырыптарға да тоқталды.

Хатшылық отырысында съездің Ізгі ниет елшілері де сай­ланды. Жұмыс тобының мүше­лері кандидатураларды алдын ала талқылап, отырыстың күн тәртібі­не енгізген еді. Олардың қатарын­да әртүрлі діндердің белсенді өкілд­ері, сондай-ақ бірнеше жыл бойы съезд хатшылығымен тығыз ын­ты­мақ­тастық орнатқан түрлі са­ланың көрнекті қайраткерлері бар.

Кездесуге қатысушылар Ізгі ниет елшілері институты қазіргі таңда съездің идеялары мен құн­дылықтарын дәріптеу жолындағы тиімді тетіктердің бірі екенін айтты. Сондай-ақ дін көшбасшы­лары жаһандық сын-қатерлерді еңсеруде рухани дипломатия мен саясаттың күш-жігерін біріктіру және геосаяси қақтығыстар мен өзге де қайшылықтарды бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесу үшін осынау форумның маңызы зор екенін жеткізді. Одан бөлек, спи­керлер съезд алаңында қозға­латын тақырыптардың өзек­тілігі мен ауқымдылығына мән беріп, діндер мен мәдениеттер арасындағы бейбітшілікті сақтау және әділетсіздік пен соғысты насихаттаудың алдын алу үшін ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.

Іс-шараның нәтижесінде съезд хатшылығының XXIII отырысы­ның хаттамасы қабылда­нып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі декларациясының ережелері талқыланды. Бейбітшілік пен өзара түсіністік жолындағы ортақ мақсаттың рәмізіне айнал­ған қорытынды құжат «Астана бейбітшілік декларациясы 2025» деп аталды.

Мәулен Әшімбаев хатшылық­тың отырысынан кейін Қытай даосистер қауымдастығының төрағасы Ли Гуанфумен екіжақ­­ты кездесу өткізді. Онда Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съезі аясында ынты­мақтастықты одан әрі кеңейтудің басымдықтары белгіленді. Сондай-ақ тараптар жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша Қазақстан мен Қытайдың ұстанымдары сәйкес келетініне назар аударып, бұл барлық бағытта Қазақстан –Қытай ынтымақтастығын әрі қарай нығайту үшін маңызды артықшылық екенін атап өтті.

Кавказ мұсылмандары басқар­масының төрағасы Шейх-ул Ислам Аллашүкір Пашазадемен кездесуде съезд хатшылығының басшысы аталған басқарма форумға ұзақ жылдар бойы қолдау білдіріп, оның мақсаттарына жетуге елеулі үлес қосып келе жатқанын айтты және сол үшін алғысын білдірді. Сұхбат кезінде қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігін дамытып, нығайтуда екі елдің Мемлекет басшылары арасындағы сенімді және достық қарым-қатынас үлкен рөл атқарып отырғаны сөз болды.

Бұдан басқа, Мәулен Әшім­баев «Somaiya Vidyavihar» универ­ситетінің канцлері және индуизм делегациясының басшысы Самир Шантилал Сомайямен кездесті. Екіжақты кездесуде дінаралық және конфессияаралық диалогті одан әрі ілгерілету, орнықты даму, инклюзивті өсу, сондай-ақ өңірлік байланыс мәселелері талқыланды.