Өндіріс • 14 Қыркүйек, 2024

Индустриялық аймақтың игілігі

192 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түркістандағы аумағы 350 гектар болатын индустриялық аймақтың 40 гектары толықтай инфрақұрылыммен қамтылып, 32 жоба жүзеге асырылған. Облыс орталығына айналған қалада орта кәсіпкерліктің дамуына барынша жағдай жасалып келеді. Яғни қалада ауқымы кең, қуаты жоғары, өнімі сапалы кәсіпорындардың қатары артып жатыр. Әсіресе жиһаз өндірісінің қарқыны жоғары. Түркістанда жасалған жиһаздар ел өңірлерінен бөлек, шетелдерге де экспортталып жатыр.

Индустриялық аймақтың игілігі

Қаладағы осындай әлеуеті жоғары, өнімдері брендке ай­налып отырған бірегей кәсіп­орын – «Grand Miks» зауыты. «Түркі­с­тан» индустриялық ай­мағын­да орналасқан кәсіпорын жұмы­сын 20 жыл бұрын, 4 адам жұмыс істейтін кішігірім цех ретінде бастаған. Кәсіпорын қызмет­керлері бірегей дизайнерлік жиһаздың керемет коллекцияларын жасайды. Зауытта өндірістің технологиялық үде­рісі сақталады. Барлық цехы заманауи қондырғылармен жабдықталған. «Grand mix» ЖШС директоры Камалжан Юлдашовтың айтуынша, бас­тапқыда цех ретінде тұрғын үйде ашылған кәсіпорын 2015 жылы Түркістанда құрылған индус­триалды аймаққа өз жобасын ұсынып, 1 гектар жер алыпты.

«Мемлекет тарапынан көр­сетілген қолдауға келсек, ең бірінші жер берілді. Жергілікті билік жұмысымызға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етті. Яғни кәсіпорындарға су, газ, жарық мәселесі қолжетімді. Тіпті кәсіпорынның жанына дейін теміржол тартылған. Кәсі­бі­мізді дамытуға алғаш­қы жылдары мемлекеттен 500 млн теңге несие алдық», дейді кәсіпкер. 

«Көрші Қытай мемлекетінен арнайы құрылғылар сатып әкеліп, орнаттық. Қазір мемлекеттен алған несие мөлшері 1 млрд 300 млн теңгені құрап отыр. Осылайша, жыл өткен сайын жиһаздарымыздың сапасы артып, тапсырыс берушілер мен тұтынушыларымыздың қатары көбейіп келеді. Үй жиһазының үлгілері жиі жаңаланып отырады. Осыған орай біздің каталогтер де жыл сайын 30-40 пайызға дейін жаңарып, өзгеріске ұшырайды. Ха­лыққа қашанда соңғы үлгідегі жиһаз­дар­ды ұсынуға тырысамыз. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың сұранысын қа­нағаттандыруға, сенім үдесінен шығуға ұмтылып жатырмыз», деп ағынан жарылды Камалжан Юлдашов.

Жыл санап сапа артқан сайын тұты­ну­шылар тарапынан түсетін тапсырыс та көбейді. Қазір кәсіпорын тауарлары еліміздің түкпір-түкпіріне жіберіліп жатады. Күніне орта есеппен 30 тонна жиһаз тасымалданады. Алматы, Шымкент қалаларының ай сайынғы 80 млн теңгелік тапсырыс орындалып жатыр. Сондай-ақ кәсіпорын өнімі Ресей мен Қырғызстанға экспортталады.

«Қазір осы екі елмен тығыз қарым-қатынастамыз. Тауарларды ай са­йын экспорттаймыз. Басқа елдерден де сұраныс келіп жатыр. Бірақ жоба көлемі үлкейген сайын көп қаржыны талап етеді әрі жұмысшы саны да артады. Қазір кәсіпорында 165 жұмысшы бар. Бұл – кәсіпорынның негізгі жұмысшы тобы. Жұмыстың қарқынды жүретін мерзімінде қосымша тағы жұмысшылар жалдаймыз. Мұнда жұмыс істейтін әрбір жұмысшыны ең әуелі оқытамыз. Яғни кәсіпорын толықтай заманауи техникалармен жабдықталғандықтан, бір көрген адам үйрене қоймайды. Әр жұмысшыны жеке техникалардың жұмыс істеу барысымен таныстырамыз. Жұмыс істейтіндер – Түркістан қаласының тұрғындары», дейді Камалжан Юлдашев.

Сапалы өнімге қашанда сұраныс жоғары болатынын жақсы білетін кәсіпорын ма­ман­дары жиһазға қолданылатын шикі­затқа да ерекше мән береді. Бұл орайда негізгі шикізат – ағаш, яғни жиһаз қаптамалары Ресейден әкелінеді.

«Көрші елден ағаштан бөлек айнаны да алдырамыз. Ал қосымша заттарды Еуропа елдерінен аламыз. Желімді Италия, Испаниядан алып келеміз. Шұрып, шеге секілді қосалқы детальдар Қытайдан әкелінсе, қаптама картон мен поролонды Семей, Алматы мен Павлодардан жеткіземіз. Яғни отандық өнімдерді де тұтынамыз. Бұл орайда түркістандық кәсіпорындардың өнімдері де назардан тыс қалмайды. Жалпы, жер­гілікті кәсіпорындардың әлеуеті жақсы. Құрылғандарына көп болмаса да өз өнімдерін елімізден бөлек шетелге экспорттап отырған кәсіпорындар жетерлік», дейді серіктестік директоры.

Индустриялық аймақта сұранысқа ие тауарлар шығарып келе жатқан өндіріс орындарының тағы бірі – қоршауға арналған тор шығаратын «Kaztor LTD» зауыты. Кәсіпорында қазір шарнирлы, сылақ пен қалау үшін дәнекерленген және үлкен аумақты қоршауға арналған торлардың 4 түрі шығарылады.

«2019 жылы индустриялық аймақтан орын алдық. Осы кезге дейін 3-4 түрлі тор өнімдерін шығарып келдік. Сұрыпталып, екшей келе қазір тордың екі түрін шығарамыз. Бірі – 3D тор деп аталады, ол мекемелерді, көпқабатты үйлердің ауласында спорт алаңшаларын, түрлі ғимаратты, жалпы қалалық нысандарға қоршауға арналған торлар. Екіншісі – егінжай, бау-бақша, қора-қопсы, фермерлік, жалпы ауыл шаруашылығына пайдаланылатын, жол бойларын қоршауға арналған торлар. Әзірге, тиімді деген осы екі түрлі өнімдерді шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта өнімнің жаңа түрлерін қоссақ деген ниет бар», дейді кәсіпорынның басшысы Еркебай Жыңғылбаев.

Дайын тауар өндіруге барлық мүм­кіндік жасалғанын айтқан кәсіпорын бас­шысы елімізде қарапайым сымтемір шығарыл­май­тынына қынжылысын да білдірді.

«Бізде темір де, көмір де, түсті металл да жетеді. Өкінішке қарай, сонша мол шикізат қоры бола тұра қарапайым сымтемір шығарылмайды. Шикізатты Ресейден алдырамыз. Импорттық сымтемірді арнайы станокпен тоқып, дайын өнім шығарамыз. Станоктарды Қытайдан, Еуропа елдерінен әкелдік, сапасы жақсы. Өндірістің ауқым­ды­лығы көңілден шығады. Кейінгі жылдары Ресейден келетін шикізат бағасы қымбаттап кетті, бұл әлбетте біздің шағын өндірісімізге кері әсерін тигізеді», дейді Е.Жыңғылбаев.

Бүгінде 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған зауыт қазір кәсіпорын аумағын кеңейтіп, жаңа өндірістік ғимараттар салуға кірісті.

 

Түркістан облысы