Құқық • 18 Қыркүйек, 2024

Адам саудасына қарсы күрес күшейе береді

64 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл елімізде адам саудасымен күрес мәселесін реттейтін алғаш рет дербес заң пайда болды. Наурыз айында Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдап, маусым айындағы екінші оқылымда қабылдаған. Заң жобалары Мемлекет басшысының 2022 жылғы 13 сәуірдегі «Адам құқықтарын қорғау саласындағы одан әрі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленген. Аталған заңдарға түзетулер мен толықтырулар енгізген жаңа заңға Президент 5 шілдеде қол қойып, қолданысқа жіберді. Осылайша адам құқықтарын бұзудың ең қатыгез түріне жататын адам саудасына қарсы күрес елімізде басталып кетті.

Адам саудасына қарсы күрес күшейе береді

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Президенттің оң бағасын алған баяндама

Жалпы, Мемлекет басшысы адам құқықтарына қатысты мәселелерді осы кезге дейін аз айтқан жоқ. Былтырғы Жолдауда «Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды», деп еліміз­дегі құқықтық саясаттың ілгері басып келе жатқанын жеткізген. Ал биылғы Жолдауда Парламенттің өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізгеніне тоқталып, қабылданған 102 заңның қатарындағы адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдарды да атап өтті.

Президент жанындағы Адам құқық­тары жөніндегі комиссия адам саудасы ел экономикасына кері әсер етіп, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін ескере отырып, 2006 жылы 3 тілде де Қазақстандағы Адам құқықтарын қорғаудың базалық баяндамасын даярлады. 2007 жылы бұл баяндама БҰҰ-ның келісімшарт органдарында таныстырылды. Құ­жатта адам саудасына ерекше көңіл бөлуді, адам саудасына қарсы заң қабылдауды және халықаралық келі­сім­шарттарды ратификациялау ұсы­­нылды. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төр­ағасының орынбасары Тастемір Әбішевтің айтуынша, Ішкі істер министрлігі тиісті хаттамаларды даярлап, ратификациядан өткізген. Осы орайда Т.Әбішевтен адам саудасының түрлерін айтып беруді сұрадық.

– Бұл – өте күрделі мәселе. Еліміз­дің қауіпсіздігіне барынша әсер етеді. Жалпы, заңсыз табысы жағынан әлем­де 3-орын алады. Бірінші орында – заңсыз қару-жарақ сату, екіншісі – есірткі сату, үшіншісі – осы адам саудасының заманауи түрлері. Яғни еңбекпен қанау, сексуалды қанау, органдарды, дене тіндерін алып қою, қыздарды алдап, суррогатты ана ету кәдімгі адам саудасының заманауи түрлеріне жатады, – деді Т.Әбішев.

2013 жылы комиссия Адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы адам құқықтарының сақталуы туралы баяндама әзірледі. Бұл құжатта Үкімет пен Парламентке Қазақстанда адам саудасына қатысты жеке заң қабыл­дау ұсынылған. Кейін еңбекші мигрант­тар мен адам саудасы құрбандары­ның құқықтарын қорғау туралы тал­дау баян­дамасы жасалды.

2020 жылы тағы бір баяндама әзір­­леніп, оған Мемлекет басшысы өзінің оң бағасын берді. Кейін саланы реттейтін тиісті заң қабылдан­ды. Т.Әбішевтің пікірінше, енді бұл құжат­тың нормаларын іске асыру үшін бар­лық жауапты орган бірлесіп жұмыс жүргізуі қажет.

 

БҰҰ қағидаттары ескерілген құжат

Адам саудасына қарсы күреске қатысты ашық талқылаулар, нақты құзыреттер, халықаралық қағидаттар салтанат құра келе, ақыры бұл бағыт­тағы дискуссияға нүкте қойылды. Биылғы 5 шілдеде Мемлекет басшысы адам саудасына қарсы іс-қимыл жөнін­дегі алғашқы арнайы заңға қол қойды. Құжат 5 қыркүйекте күшіне енді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов бұл заңның адам құқықтарын қорғау ісіндегі өте ма­ңызды, жүйелік, кешенді заң екенін айтты.

– Бізде белгіленген салаларда тиім­­ді жұмыс жүргізу үшін оны іске асы­руға қажетті заң бар. Бұл – жыныс­тық қанау, адам саудасы, еңбек қаты­настары, қайыр сұрау, орган саудасы. Ішкі істер министрлігі жақсы заң әзір­леді, депутаттар 100-ден аса түзету енгізді. Заң жүйелілік тұрғысынан өте орынды, өйткені оның ішінде халықаралық құқық, Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттары ескерілді, олар біздің заңнамамызда көрініс тапқан, – деді депутат.

Оның айтуынша, жұмыс тобының отырыстары барысында үкіметтік емес сектордың ұсыныстары талқыланып, барынша енгізілген. Депутат заңдағы ерекше маңызды мәселе ретінде ве­дом­­ствоаралық ынтымақтастықты атады. Яғни заңда азаматтардың құқық­тарын қорғауды талап ететін қан­дай да бір жағдайда мемлекеттік орган­дардың құзыреттері нақты жа­зылған.

 

Жаңа заңның рөлі

Деректерге сүйенсек, әлемде адам саудасының 50 миллионнан аса ық­тимал құрбаны болады екен. Бұл құл жағдайында өмір сүретін және жұ­мыс істейтін адамдарға қатысты дерек. Бірақ осындай жағдайда зардап шеккендер ішінде көмек алғандар саны тек жүздеген мыңға ғана жетеді. Бұл – назардан тыс қалған адамдар­­дың үлкен тобы. Орталық Азия бойын­ша субөңірлік үйлестіруші, еліміз­дегі Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым миссиясының басшысы – БҰҰ-ның көші-қон жөніндегі агенті Зейнал Гаджиев халықаралық ұйымдардың есептері мен зерттеулеріндегі осындай үрейлі көрсеткіштер туралы айтып берді.

– Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі заңды тиімді іске асыру, мемлекеттік құрылымдар мен ха­лық­аралық әріптестердің өзара іс-қимылын жолға қою өте маңызды. Осы заңның әзірленуі мен күшіне енуі, Қазақстанның аталған мәселеге өте байыпты қарайтынын және бұл құбылысқа қарсы күресте ең үз­дік халықаралық тәжірибелерді ен­гізу өте маңызды екенін көрсетеді. Өкі­нішке қарай, әлемдік тенденциялар жаһандық ауқымдағы барлық күш-жігер мен күрестерге қарамастан, адам саудасы тоқтап қалмайтынын, керісінше, тіпті бір жерде қанатын кең­ге жайып жатқанын көрсетеді. Қол­дануға өте маңызды халықаралық қағидат бар. Бұл тұрғыда Қазақстан күресте өзінің адалдығын, ұмтылысын растайды. Осы заңды тиімді қол­дану үшін заңды имплементациялау мониторингін енгізу үлкен маңызға ие, – деді З.Гаджиев.

Осы орайда З.Гаджиев Мемлекет басшысына және жаңа заңды әзір­леуге қатысқандардың барлығына осы жаһандық тақырыпқа назар аудар­ғаны үшін алғыс білдірді.

 

Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулер

Қазақстан негізінде адам құқық­тары саласындағы 60-тан аса көп­жақ­ты шарттардың қатысушысы саналады. Оның 13-і құлдықтың қазір­гі заманғы түрлеріне қарсы іс-қимыл­мен тікелей байланысты. Қылмыс­тық кодексте адам саудасына қатыс­ты қылмыстар үшін жауапкершілік ­­8 жыл­ға дейін бас бостандығынан ­айыру жаза­сының максималды мөл­­шері­мен сегіз бапта қарасты­рыл­ған. Адам сау­дасының алдын алу, сондай-ақ жәбір­ленушінің құқық­та­рын қорғау жөніндегі ережелер 13 заңда және 4 заңға тәуелді актіде қам­тылған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Ұйым­дасқан қылмысқа қарсы күрес депар­таментінің Үшінші басқармасы бастығының орынбасары Шынар Көшербаевадан сұрап білдік.

Оның айтуынша, Мемлекет бас­шысының тапсырмасы аясында әзір­ленген «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» бірінші арнайы заң саладағы негізгі бағыт ретінде қарас­тырылып отыр екен.

– Заң кейбір анықтамаларды ха­лықаралық стандарттарға сәйкес­тен­діру, жаңа ұғымдарды енгізу, уәкілетті органдарды, олардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу, адам саудасы­на қарсы іс-қимыл субъектілерін және олардың құзыретін анықтау, ҮЕҰ рөлін белгілеу сынды басымдықтарды қарастырады. Сондай-ақ бұл қатарда адам саудасы құрбандарының, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен шетелдік тұлғалардың құқықтарын бекіту, адам саудасының тәуекелдерін бағалауды және құрбандарды қайта бағыттау тәртібін енгізу, халықаралық ынтымақтастықтың негізі сынды ба­сымдықтар да бар. Осы заңның қабыл­дануы адам саудасына қарсы іс-қимылдың бүкіл жүйесін реттеу­дің құқықтық базалық негізін құрай­ды. Қарсы іс-қимыл субъектілерінің шеңбері мен рөлін айқындап, адам саудасының тәуекелдерін бағалау сияқты жаңа тетіктер арқылы адам саудасының кідірісін, сондай-ақ әлеуетті құрбандарды полиция­ның ғана емес, басқа да мемлекеттік орган­­дардың анықтауына мүмкіндік бере­тін құрбандарды қайта бағыттау тәртібін төмендетеді, – деп түсіндірді Ш.Көшербаева.

Сонымен қатар ілеспе заңдар аясында Қылмыстық кодекске Адам саудасына байланысты қылмыс­тар­­дың жаңа санаты және «сексуал­дық сипаттағы өзге де қызмет­тер» деген жаңа ұғым енгізілді. Ұйым­дастырушылардың адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды жең­гетайлық мақсат­та сексуалдық сипаттағы қызметтер көрсетуге тарту, жезөкшелікті насихаттау, жарнамалау, өзге де қызметтерді тарту мақсатында да жауапкершілік енгі­зіліп, интернет арқылы притондарды ұйымдастыру және ұстау ісі де назардан тыс қалмады.

 

Аса маңызды қоғамдық құрылым

Омбудсмен институты – аза­мат­­тардың құқықтары мен бостан­дық­тарын қорғауға бағытталған маңызды құрылым. Бұл институттың негізгі мақ­саты – мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың әрекеттері немесе әрекетсіздігі нәтижесінде аза­маттардың құқықтары бұзылған жағ­дайда оларды қалпына келтіру және қорғау. Бұл бағытта елімізде Адам құқықтары жөніндегі Өкіл кең­сесі жұмыс істеп келеді.

– Адам құқықтары – адамзаттың ең маңызды әрі басты құндылығы. Дамыған мемлекеттерде адам құқық­тарын қорғау заңнамалық және ха­лық­аралық деңгейде қамтамасыз еті­леді. Қазақстан да осы бағытта көпте­ген қадам жасап келеді. Ата заңы­мыз Конституцияда әрбір азаматтың құ­қық­тары мен бостандықтары нақ­ты бел­гіленген. Адам құқықтары жал­пыға ортақ сипатқа ие болғаны­мен, олар әр қоғамда әртүрлі деңгейде жүзеге асады. Кейбір елдерде адам құқық­тарының бұзылуы немесе шек­­телуі мүмкін, ал кейбір елдер бұл құқықтарды қорғауда жо­ға­ры стан­дарттарға ие. Сондықтан адам құ­қық­­тарын қорғау – үнемі бақылауды, дамыту мен жетілдіруді талап ететін маңызды үдеріс, – деді Қазақстан­дағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.

Адам құқықтары әрбір адам­ның тең және әділ өмір сүруге деген таби­ғи құқығы деп есептелгенімен, өкініш­тісі, әлемде, оның ішінде біздің елде де небір сұмдық жағдайлар болып жатыр. Қалай дегенде де, әрбір адам өз құқықтарын білуі және оларды қорғауға дайын болуы қажет. Ол үшін біздің елде барлық заңнама­лық үдеріс жүйелі түрде жетілдіріліп келеді.