Тағайындау • 01 Қазан, 2024

Орал қаласына жаңа әкім тағайындалды

82 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Президенті Әкімшілігінің және Орал қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Орал қаласының әкімі болып Мұрат Болатұлы Байменов тағайындалды.

Орал қаласына жаңа әкім тағайындалды

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, әкім лауазымына кандидатты ұсынды. Депутаттар оны қолдады.

«Мұрат Болатұлы біраз жылдан бері Орал қаласында және облысымызға қарасты аудандарда жұмыс істеді. Барлық мәселемен таныс. Ең бастысы, қала тұрғындары оны жақсы біледі. Жинақталған тәжірибесі мен білімі оған қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында өзінің әлеуетін іске асыруға көмектеседі деп сенемін», деп атап өтті өңір басшысы.

Нариман Төреғалиев жаңа әкімнің алдына облыс орталығының инфрақұрылымын дамытуды жалғастыру бойынша бірқатар міндет қойды.

Мұрат Байменов 1969 жылы дүниеге келген. Әр жылдары БҚО қаржы басқармасы бастығының орынбасары, Шыңғырлау және Зеленов (қазіргі Бәйтерек) ауданы әкімдерінің орынбасары, БҚО әкімі аппаратының экономикалық талдау, ішкі бақылау және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің меңгерушісі, БҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары, «Жайық жылу қуат» АҚ бас директоры қызметтерін атқарған.

2020 жылдың қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Батыс Қазақстан облысы