Аймақтар • 25 Қазан, 2024

Халыққа арналған әлеуметтік игіліктер

205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында 600 орындық мектеп пайда­лануға берілді. Бұған дейін Баянауыл елді мекенінде мектеп болмағандықтан, осы аумақтағы оқушылар №17, №21, №27 мектептерге қатынап оқитын. Енді ол мәселе шешімін тапты.

Халыққа арналған әлеуметтік игіліктер

Облыс орталы­ғын­дағы білім ұя­сы­ның құрылысы 2023 жылы басталған еді. Жаңа мектепке жоғарыда аталған білім ұяларынан ұстаздар мен оқушылар ауы­сады. Сонымен қатар көрші ауылдардағы ата-аналар да балаларын осы мектепке оқы­туға ниетті. Шағын аудан тұрғындарының басым бөлігі – көпбалалы отбасылар. Оқушыларға есігін айқара ашқан жаңа №35 жалпы орта мектебінде білім алуға толық жағдай жасалған.

«Бүгін тұрғындардың өтініштері орындалып, Түр­кістан қаласында жаңа мектеп ашылды. Енді осында білім алатын балаларымыз елдің мықты азаматтарына айналып, мемлекетті да­мытуға үлес қосады деп се­­­немін», деді облыс әкімі Дар­хан Сатыбалды ашылу салтанатында.

Жалпы, Түркістан қала­сында 4 мектептің құры­лысы жүргізілді. Осыған дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған мектептің құрылысы аяқталып, пай­далануға берілген еді. Тағы 2 мектептің құрылысы аяқ­талуға жақын.

Сарыағаш ауданында үш бірдей жаңа медициналық нысан ашылды. Жаңатұрмыс елді мекеніндегі тәулігіне 25 тұрғынды қабылдай алатын медициналық алғашқы көмек көрсететін дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарының игілігіне табысталды. Сон­дай-ақ Жемісті елді меке­ніндегі заманауи үлгідегі дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанаты болып өтті. Дәл осы үлгідегі амбулатория Жемісті ауылдық округі Тың елді мекенінде де ашылды. Медициналық нысандардың құрылыс жұмысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілді. Заманауи аспаптармен жабдықталған дәрігерлік амбулаторияларда тіс дәрігері, зертханалық кабинеттер де қарастырылған.

Сондай-ақ ауданға қарас­ты Дарбаза елді мекенін­де 500 балаға арналған заманауи спорт кешені де іске қосылды. Жаңа спорт нысанында футбол алаңшасы, бокс, самбо, дзюдо, үстел теннисі, қа­зақ күресі, таеквондо, футбол, шахмат үйірмелеріне ар­налған залдар бар.

Жалпы, облыста әлеу­меттік маңызы бар жаңа 10 нысан ашылды. Мақтаарал ауданындағы Өркениет елді мекенінде шағын спорт кешені, Сауран ауданындағы Ораңғай ауылында №6 арнау­лы әлеуметтік қызметтер көр­сету орталығы, Келес ау­да­­нындағы Жиделі ауылында 75 орындық ауылдық клуб үйі пайдалануға берілді.

 

Түркістан облысы