Экономика • 01 Қараша, 2024

Экожүйенің күшеюі экономиканы жақсартады

106 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халық тарапынан онлайн қаржылық қызметтерге сұраныс артып жатқандықтан, банктер цифрлық платформаларға инвестиция салуға мәжбүр. Сарапшылардың айтуынша, алдағы үш жылда отандық банктердің IT-ге жұмсайтын ақшасы қазіргі 8-10%-дан 15-17%-ға дейін көбеймек. Бұл туралы «Standard & Poor's» (S&P) агенттігінің Орталық Азия мен Кавказдағы бөлшек банкингтің цифрландырылуына қатысты шолуында жазылған.

Экожүйенің күшеюі экономиканы жақсартады

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«S&P» сарапшыларының пікірін­ше, техникалық білімі бар адам­дар көбейгендіктен, банктерге цифрлық технологияларды тезірек енгізу, өнімі мен қызметін үнемі жетілдіріп отыру өте маңызды. Бұл тізбекте цифрлық көшбасшылар нарықтағы өз позициясын нығайтып жатса, кейбірі көш соңында қалып жатыр. Мысалы, Орталық Азия мен Кавказ елдерінде ұялы байланыс пен интернетті пай­да­лану­шылар саны арасындағы ал­шақтық айтарлықтай қысқарған. Сәйкесінше, цифрлық қаржылық қыз­меттерді тұтынушылар саны өскен.

– Болашақта азаматтар нақты бір банкті таңдамай, бірнеше қаржы ұйы­мының қызметін бірден пайдалануы мүмкін. Сонымен қатар банк­тердің ақпараттық технологияға жұмсайтын шығыны 15-17%-ға дейін өсуі ықтимал. Қазақстанда карточка транзакцияларының шамамен 64%-ы Алматы, Астана, Шымкент қалаларына тиесілі болғанымен, бұл қалаларда еңбекке жарамды ха­лық­­тың төрттен бір бөлігі ғана тұра­ды. Қалалық тұрғындардың көбі күнделікті жаңа қаржы технология­ла­рын қолдануға дайын. Халықтың шамамен 88%-ы технологияларды жақсы меңгерген, қолма-қол төлемдердің орнына банк картасы, интернет, мобильді банкинг қызметтерін пайдаланады. Бұл топ бөл­шек банкинг қызметтерін тұтыну­шы­лардың негізгі бөлігімен тығыз байланысты, – деді сарапшылар.

«Тамаша инвестициялық мүмкін­дік­тер» әмбебап моделі мен жасампаз платформалардың бәсін биік­тету банк саласының тасын өрге до­малатпақ. Осы тұрғыдан алған­да, агенттік біздің елдің банктері цифр­­ландыруға жіті мән береді деп ба­ғам­дайды. Себебі банк секто­ры басқа салаларға қарағанда жа­ңа тех­­нологияларды жылдам игеріп жатыр. Оған қоса, елімізде білікті IT-мамандары көп. Сонымен қатар цифрландыруға интернет жылдамдығы мен оның кең таралуы да оң әсер етіп отыр.

– Кейінгі он жылда Қазақстан­ның банк секторы, әсіресе ірі ойын­шылар, цифрландыруға елеулі қа­ра­жат салды. Бұл – клиент сұра­нысы. Алайда цифрландыруда сын-тәуе­келдердің де барын ескеру маңызды. Ол деректерді қорғау, инфра­­құрылымды дамытуға қосым­ша ин­вес­тиция салуды қажет етеді, – дейді сарапшылар.

Демек, финтехке инвестиция салу венчурлық капиталдың тұралауы, нарыққа кірудегі кедергілер түйткілін шешуі мүмкін. Дегенмен шамадан тыс реттеу жаңа қатысушылардың нарыққа кіруі мен жаңа бизнес мо­дель­дердің дамуын шектейтінін де ұмытпау керек. «Halyk» пен «Kaspi» банктерінің үстемдік етуі – жеке банктерге артықшылық болғанымен, финтех-компанияларға кедергі болуы ықтимал. Агенттік осы ойда айта отырып, бұл банктерге бәсекелес болу қиынға соғады дейді. Себебі банк жүйесінің жиынтық активтеріндегі 10 ірі банктің үлесі шамамен 88%-ды құрайды.

– Банктер жаңа технологияларға тез бейімделіп келеді. Мұндай технологияларды алғаш енгізе бастаған ұйымдар ретінде олардың айқын артықшылығы мен нарықтағы өз позициясын нығайту әлеуеті бар. Қазір олар өздерінің төлем инфра­құ­ры­лы­мын жетілдіріп, техно­логиялық бағдарланған экожүйені құру жолда­рын іздей бастады, – делінген зерттеуде.

Жетекші банктер онлайн банкинг пен мобильді төлем қызметтерін үнемі жаңартып, клиенттерге ыңғай­лы шешімдер ұсынуға тырысатынын көзіміз көріп жүр. Цифрлық шешімдер тек ірі қалаларда емес, шалғай аудандарға да қаржылық қызметтердің жетуіне жол ашты. Бұл ауыл шаруашылығы мен шағын бизнеске қолдау көрсетіп, ел экономикасының әртүрлі секторын біріктіруге көмектесті. Бірақ бір қызығы, «S&P» агенттігі қазақ жас­тарын алдыңғы буынға қараған­да цифрлық шешімдерге батыл, ашық деп бағалаған. Дегенмен ел тұрғындарының 75%-ның табысы орташа есеппен алғанда 237 мың теңгеден аспайтынын алға тартып, бұл банк қызметтерін пайдалану, цифрлық инновацияларға ұмтылу үдерісін шектейді дейді. Әрине, урбанизация, әлеуметтік жағдай банк секторындағы клиенттердің цифр­лық инновацияға деген қажет­тілігіне әсер етпей қоймасы анық.

– Нарықтағы бәсекелестік қысы­мы­ның күшеюі мен шығын­дардың артуы да басты тәуекел факторларына айналып отыр. Мысалы, міндетті сақтандырудағы төлемдердің өсуі маржаның төмендеуі мен қаржылық көрсеткіштердің нашарлауына әкелуі мүмкін. Қаншама қауіпке қарамастан, еліміздің сақтандыру сек­торының өсуіне елеулі мүмкін­дік­тер бар. Ал сақтандыру өнім­де­рін цифрландыру мен онлайн сақтандыру полистарын сату, талаптарды реттеуді автоматтандыру тіпті маңызды. Жаңа технологияларды енгізу операциялық тиімділікті арттыруға қосымша мүмкіндіктер береді. Бұл инновацияларды өз қызметіне енгізе алған компаниялар нарықтағы позициясын нығайтып, клиенттерге қызмет көрсету сапасын жақсартады, – дейді «Economy.kz» сарапшысы Сұлтан Уәлиханов.

Бас банктің дерегіне сүйенсек, биылғы барлық қаржылық операция­ның 90%-ы интернет пен мобильді банкинг арқылы жүзеге асырылған. Біраз уақыт бұрын Ұлттық банк қаржы нарығының цифрлық үде­ріс­ке дайындығын анықтау мақ­са­тында сауалнама жүргізген еді. Оған 94 қатысушы – екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, сақ­тандыру ұйымдары, бағалы қағаз­дар нарығының қатысу­шы­ла­ры және АХҚО резиденттері қа­тысты. Нәтижесі агенттік бағам­даған пікірлерге саяды. Биыл банк респонденттерінің 45%-ы ЖИ тех­но­логиясының әлеуетін пайда­ла­­нуға құлықты. Қазір қаржы нары­ғына қатысушылардың 31%-ы өз қызметінде ЖИ-ді белгілі бір дәре­же­де пайдаланады.