Білім • 07 Қараша, 2024

QS рейтингі: Сапа биігінен көріне аламыз ба

60 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы білім жүйесінің жекелеген ғылыми орталықтар, техно­парктермен ынтымақтастығы әлеуеті зор зерттеу университеттерін құрылымдауға мүмкіндік беретінін атап өткен болатын. Осы мақсатта елімізде 20-дан астам жоғары оқу орнында үздік шетел университеттерінің филиалы ашылып, алдағы уақытта 10-нан аса оқу орны халықаралық келісімге қол жеткізбекші.

QS рейтингі: Сапа биігінен көріне аламыз ба

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен «QS Higher Education: Asia Pacific 2024» пресс-саммитінде еліміздің, сондай-ақ шетел университеттерінің ректорлары бас қосып, жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық мәселелерді талқылады. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысу­шыларға ықыласын жеткізген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев ғылым мен жоғары білімді дамытудың стратегиялық маңызына, білікті мамандар даярлау­дың халықаралық ынтымақтастықты, диалогті, тәжірибе алмасуды әрі қарай дамыта беретінін атап өтті.

Саммит «QS WorldUniversity Rankings» 20 жыл­дық мерейтойына арналды. Биыл QS рейтингі оқу орындарының ғылы­ми зерттеу әлеуеті, тұрақты даму, халықаралық зерттеу жүйесі мен жұмысқа орналастыру көрсеткіштеріне басты назар аударып отыр. Бұл жолы QS рейтингіне елі­міз­ден 21 университет қатысып, халық­аралық білім кеңістігінде өз позиция­сын нығайтуға тырысқан болатын. Рейтингті жүйелеу барысында 3 мыңға жуық оқу орнының 15 млн-нан астам ғы­лыми жұмысы, оқытушылар мен жұ­мыс берушілердің 200 мыңнан аса қоры­тын­дылары қарастырылған.

QS халықаралық рейтингі анықтаған сапа биігінен әрі қарай өрлей беретін болсақ, таяу уақытта еліміз академия­лық хабқа айналуы мүмкін. Осындай оп­ти­­мистік болжам жасаған Ғылым ­ жә­не жо­ғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл­­дан бастап Аризона уни­верситеті­­нің агротехникалық колледжі зерттеушілері Солтүстік Қазақстан өңі­рінде 500 гектар аумақта селекция­лық, генетикалық зерттеулер басталатынын жеткізді. Ал былтыр Шығыс Қазақстан техникалық университетінде электрмобильдерді жөндейтін, инженерлер даярлайтын орталық ашылға­нын қаперге алатын болсақ, еліміздің шығысындағы бастамаға Қытайдың электрмобиль өндіретін компаниясы да қызығушылық білдіріп отыр екен. Бұған қоса министр елімізге келіп оқитын шетелдік студенттер санының едәуір артқанын жеткізді. Бүгінде елімізге оқуға келген ше­телдік студенттер саны 30 мыңға жуық­таған. Көрсеткіш кейінгі жылдармен салыстырғанда 10 мыңға артты. Ал шетелдерде жүз мыңға жуық жас білім алып жатыр.

«QS Quacquarelli Symonds» сараптама агенттігінің коммерциялық бас директоры Джейсон Ньюман әлемдегі жоға­ры оқу орындарының бір-бірімен тығыз ықпалдастығы академиялық ұт­қыр­­лық бағдарламаларын дамытуға, ғалым­дардың тәжірибе алмасуы мен әлеуетін жандандыруға серпін беретінін атап өтсе, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, жаhандық экономиканы дамытуда университеттік ғылым маңызды рөлге ие. Сондықтан білікті маман даярлауда, ғылыми зерт­теу нәтижелерін өндіріске енгізуде озық тәжірибелерді жетілдіріп отыру қа­жет. Ал ғалам­дық сын-қатерлер жоғары білім­­нің алдына жаңа міндеттер жүктеп отыр.

Жиын барысында ЕАЭО елдеріндегі клиент­термен серіктестік жөніндегі және QS Жаһандық үкіметіндегі аймақтық ­директоры Сергей Христолюбов «QS World University Rankings 2025» рей­тингіндегі уни­вер­ситеттерге сертификаттар табыс­тады.

«QS рейтингі еліміздегі жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекедегі рөлін айқындайды. Бүгінде республикада 120 университет бар болса, QS рейтингіне негізінен мемлекеттік және ұлттық университеттердің қатысып отырғанын көреміз. Бұл мемлекеттің білім және ғылым саласын, жоғары оқу орындарын ресурс ретінде әрі қарай дамытуға басты назар аударып отырғандығын көрсетеді», дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проекторы Бану Нұрбекова. Оның айтуынша, елімізге шетелдерден студенттердің көптеп келуі, Орталық Азияда танымалдығымызды айқын­дап, сапалы карлар даярлаудың деңгейін көр­сетеді. Қазіргі кезде түлектеріміз шетелдерде де жемісті жұмыс істеп жатыр. Бұл біздің дипломдарымызды бірден тануға ықпал етіп, халықаралық нарық талаптарына лайық екенін айғақтайды. QS рейтингі білім, ғылым деңгейін ғана емес, экономикалық әлеуетіміздің де көрсеткіші бола алады. Бәсекеге қабілетті, жоғары білімді кадрлар даярлау, адам капиталын дамыту мемлекет тарапынан ауқымды қорды талап етеді. Сондықтан халықаралық рейтингтегі орнымыз еліміз әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Рейтинг талаптарына сәйкес жұмыс беруші­лер бағасы да басшылыққа алынған. Мұнымен қоса еліміздегі шетелдік оқытушылардың пікірі, студенттердің үлесі де айтарлықтай рөлге ие. Шетелден келіп оқитын студенттер тарапынан қызығушылықтың артуы жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетті мамандар даярлай алатынын айғақ­тайды. Бүгінде мемлекеттік қол­дау­ нәтижесінде университеттер­ге академиялық еркіндік берілді. Жыл сайын грант саны артып келеді. Бұл инфрақұрылым, оқытушылар жалақысын көбейтуге ықпал етіп жатыр. Осы орайда ғалымдар дәріс берумен ғана шектелмей, ғылыми тәжірибесін, шетелдік импакт журналдарда жарияланымдар санын арттыру бағытындағы жұ­мыс­тарын жандандыруға тиіс. Ал жоғары оқу орындары мүмкіндігіне қарай оқу ка­би­неттерін, зертханаларды жаңартып, за­ман­ға сай жабдықтау ісіне көңіл бөлгені абзал. Бүгінде салада баяу болса да, ілге­рі­леу бар. Ал бәсекеге қабілетті болуға әр жоғары оқу орны мүдделі болуы қажет.

Халықаралық ықпалдастық еліміздің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндігінің жоғары екенін айғақтайды. Десек те, бірқатар сарапшы алдыңғы қатарлы рейтингтік агенттіктер жоғары оқу орындарындағы білім сапасының дәлме-дәл көрсеткішін анықтай алмайды деген пікірді алға тартады. Бүгінде әлемде білім сапасын бағалайтын ауқымды үш рейтинг бар десек, олардың бағалау критерийлері де әртүрлі. Рейтингте жоғары оқу орнының жекелеген жетістіктері мен көр­сеткіштері қаперге алынуы мүмкін. Ал халықаралық кеңістікте бәсекеге қабі­леттілікті арттыру қашанда жоғары оқу орындарының ғылыми зерттеу жетіс­тік­тері, зертханалардың жаңа технология­лармен жабдықталуы, оқытушы-про­фес­сорлар құрамының біліктілігі, түлек­тер­дің жұмысқа орналасуы сияқты білім сапасына тікелей әсер ететін факторлармен тығыз байланысты екенін көрсетеді.

 

АЛМАТЫ