Қаржы • 08 Қараша, 2024

Цифрландыру қаржылық қызметті оңтайландырады

112 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қаржы саласын тиімді басқару, соның ішінде бюджет қаражатының орынды пайдаланылуы, кірістердің ұлғаюы, шығындардың қатаң бақылауда болуы әл-ауқатты арттырады. Дүниежүзілік банктің зерттеуінше, цифрлық жүйе дамыған елдерде бюджетті басқару тиімділігі 20%-ға артып, жемқорлық деңгейі 10%-ға төмендеген.

Цифрландыру қаржылық қызметті оңтайландырады

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Эстонияның электронды үкіметі

Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауында республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатқанын айтқан болатын. Мұны бұрынғы да, қазіргі де Үкімет жұмысының үлкен олқылығы деп сынады. «Мұндай жағдай жиі қай­та­ланса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді» деген Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеу арқылы қатаң бақылауда ұстауды тапсырған еді.

Әлем елдеріндегі тәжірибелер дәлел­дегендей, мемлекеттік қаржы саласын тиімді басқаруға цифрлы технологияның себі көбірек тиеді. Оның бір мысалы ретінде Эстонияның электронды үкіметі мен цифрлық трансформация­сын айтуға болады. 2000 жылдардың ба­сында бұл ел қаржы саласын цифрлан­дырып, электронды үкіметтің алғашқы қадамдарын жасады. Қазір әлемдегі ең озық цифрлық мемлекетке айналып отыр. Мемлекеттік қаржы мен салық жүйесі толық цифрлан­ған. Мәселен, «e-Residency» жобасы арқы­лы кез келген адам Эстонияның электрон­ды резиденті болып, компаниялар­ды онлайн тіркеп, қаржылық операциялар жүргізе алады. Бұл модель салық­ты жинау мен бюджеттік жоспарлауды тиімді басқаруға мүмкіндік берді. Цифр­­ландырылған қаржы жүйесі ел эко­но­микасын айтарлықтай күшейтті, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттырды.

Біз де бұл дүрмекте адасып қалған жоқпыз. Қаржы министрлігіне қарас­ты Электрондық қаржы орталы­ғы бұл ба­ғытта ауқымды жұмыс­тар атқа­рып жа­тыр. Орталық еліміз­де­гі биз­нес-үде­рістерді цифрлы транс­фор­мация­лаудың негізгі құрылымына айналды. Құрылғанына 45 жылдан асқан ұйым озық технологиялардың көмегімен мемлекеттік қаржы саласында ІТ жобаларды ұсынып жүр.

 

Жоспарлаудың ақпараттық жүйесі

«IMF» зерттеулеріне үңілсек, бюджет­тік ашықтық деңгейі жоғары елдерде инвестициялық ағын орта есеппен 15%-ға артады екен. Нәтижесінде, эконо­микалық өсім де жеделдей түспек. Айталық, мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі – мемлекеттік ақпа­раттық ресурстардың мәліметтері жат­қан ақпаратты-талдамалық өнім. Ол инвес­тициялық жобаларды, бюджеттік бағдарламаларды, бюджетаралық транс­ферттер көлемін қалыптастыру, резерв­ті реттеу мен басқа да қызметтерде қолданылып жүр.

Жоба мына ілкімді істерге мұрындық болады:

  • Бюджет қаражатын тиімді бөлуге септеседі;
  • Бюджетті жоспарлаудан бастап орындауға дейінгі мониторингті жүзеге асырады;
  • Бюджет қаражатын жоспарлау үдерісінің ашықтығын арттырады.

 

Бірыңғай сатып алу платформасы

БҰҰ-ның «e-Procurement» жобасы аясында 2019 жылы 50-ден астам ел бірыңғай сатып алу платформаларын енгізді. Бұл платформалар мемлекеттік сатып алу ашықтығын 30%-ға арттырып, бюджеттік шығынды 5-10% аралығында қысқартты. Еуроодақтың бірнеше мем­лекеті (әсіресе Германия мен Франция) осы жүйені енгізгеннен кейін мемлекеттік сатып алудағы рәсімдер 25%-ға дейін қысқарған. Сонымен қатар сатып алу шығын­дарының 12%-ға азайғаны байқал­ды. Демек жүйе бюрократиялық кедер­гілерді азайтып, нарыққа еркіндік береді.

Президенттің халыққа арнаған Жол­дауындағы тапсырманы орындау мақ­сатында Бірыңғай сатып алу платформасын (БСП) дайындау бойынша жұмыс та қарқынды жүріп жатыр. БСП-да мемлекеттік органдардың сатып алулары, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің және басқа да алаңдардың сатып алулары қамтылады.

Қазір қолданушыларды бірыңғай тіркеу, оның ішінде QR-технологияны пайдалана отырып тіркеу жұмысы іске асырылып, анықтамалықтар (лоттар мәртебесі, өтінімдер, шарттар, сатып алу белгілері) бір ізге келтірілді. Іздеу қызметін орталықтандыру мақсатында тізімдер (жоспар, лот, хабарландыру және сатып алу келісімшарты) мен тізі­лімді (қатысушылар, жосықсыз қаты­сушылар) алу бойынша функционал жолға қойылды. Өңірлер мен сатып алу алаң­дары бөлінісінде нақты уақыт режімінде ақпаратты көрсе­тетін жоспар, хабарландыру, лот, келісімшарттардың инте­рактивті картасы әзірленді. Аталған жоба «Бір терезе» қағидатын іске қосу арқылы пайдаланушылар жұмысын жеңіл­детіп, олардың түрлі санатына «жеке кабинет» құруға, сатып алу үдері­сіне мониторинг пен бақылау жүргізуге жол ашады.

 

Тауарлардың электронды каталогі

Жапонияда 2000 жылдары электронды каталогтер енгізілгеннен кейін, мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиім­ділігі 25%-ға артқан. Бұл жүйе бюджет қаражатының нақты жұмсалуын бақы­лап, қызмет көрсету сапасын жақсартты.

«Еуропа елдерінде мемлекеттік сатып алудағы ашықтық 40%-ға дейін арт­қан. Германия мен Францияда мемлекеттік органдар электронды каталог арқылы 15%-ға дейін үнемдеген, ал сатып алу мерзімдері 20%-ға қысқарған. Тауарлардың электронды каталогі (ТЭК) – бірегей идентификатор, нақтыланған сипаттама, сурет, сертификат пен стандарттарды қоса алғанда, тауарлар туралы деректерді сақтап, басқаруға арналған ақпараттық жүйе. Оның артықшылығы – берілген өтінімдер мәртебесін жедел бақылауға және олардың уақтылы өңделуін қамтамасыз етеді», деген ақпа­рат береді Қаржы министрлігі.

Қазір елімізде ТЭК-та 825 257 тауар бар. 30,3 мыңы – кеңсе өнімі, 18,7 мыңы – дәрі-дәрмек пен медициналық тауарлар. Жеткізушілер саны 10,5 мыңнан асады. Тұтастай алғанда, тауарларды тіркеуге байланысты 53 759 өтінім қаралды. Жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін едәуір төмендетіп, бюджетті дәл болжау­ға, сондай-ақ тауар айналымын бақылау мен басқаруды арттыруға көмектеседі.

 

Онлайн бюджеттік мониторинг

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, ведомство түрлі ақпараттық жүйенің деректерін пайдаланып, бюджеттің сәйкессіздігіне байланысты тәуекелдерді дер кезінде анықтап, нақты уақыт режімінде мониторинг жүргізеді.

«Бұл шара бюджет қаражатын игермеген мемлекеттік органдарды анықтап, қаржылық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ал оған цифрлық технологияларды қосар болсақ, үдерістің пайдасы үдемек. Мысалы, Грузияда онлайн бюджеттік мониторинг жүйесі 2000 жылдардың басында енгізілді. Ол арқылы бюджет қаражатының атқарылуын бақылау 30%-ға артты. Бізде бұл жүйе 2019 жылдан бастап енгізілді. Қаржы министрлігі бюджетті жоспарлау мен атқару кезінде кездесетін тәуекелдерді ерте анықтауға баса мән беруге бел буды», делінеді министрлік мәлімдемесінде.

1414 нөміріне хабарласып, Бірыңғай байланыс орталығынан барлық қажетті ақпаратты алуға болады. Мұнда салық­тық, кедендік әкімшілендіру, мемлекеттік жоспарлау, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік мүліктің барлық мәселесі бойынша кеңес беріліп, техникалық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ қажетті ақпаратты беретін чат-боттың жұмысы ретке келтірілген. Қандай да бір мәселе шешілмеген жағдайда пайдаланушыға техникалық қолдау сұрауға мүмкіндік беріледі.