Сатира • 08 Қараша, 2024

«Көрім» көз (Монолог)

130 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әй, ит өмір-ай!.. Құрсақ көтеруге зар болып жүріп, көзжасымды көріп, шарана шыр етіп дүниеге келгендегі қуанышымды айтсаңшы... Сөзімді «ит өмір-ай» деп бастауым – тоғыз ай көтеріп дүниеге келтіргенім... Әй, иттікі, бәрі ана полигонның... Атом сынағының сықпыты, туғаннан соның «бұлтын» жамылып, ауасын сіміріп өскеннің кесірі... Балам «басқада жоқ бала» болып дүниеге келіп... Қос жанарымен қосақталып тура маңдайына алақандай көз бітіп жарқ ете қалғанын айтсаңшы... Алғаш көріп абдырап, тілім күрмеле түске дейін есімді жоғалтып есеңгіреп, сасқаннан қақ маңдайдағы жанарды сипалап бір ашып, бір жұмғыза беріппін... Күйеуім көріп күреңітіп, онсыз да бар тұтықпасы қозып қылғынып қалды.

«Көрім» көз (Монолог)

«Әй, ит өмір-ай, онсыз да шықпа жаным шықпамен жүрген мына заманда... Қиындықтан, жетіспеушіліктен қажып біткен басымызға бала бұйырып еңсе түзеліп, ертеңгі күнге үмітпен қарап, қиындық атаулыға қасарыса тұрар демеу бола ма деп жүр едік... Ал керек болса», болашағың бордай тозды, үмітің үзілді деген осы» деген күңіреніспен ес-түссіз екі жеті жатып ес жисам... Үй толы адам... сөйтсем олар перзентімнің көрім көзін қызықтаушылар екен. Ақырып тұрып айдап шықтым...

Кеткен соң қарасам, ашумен байқамап­пын – сәбиімнің төңірегі толған ойыншық, өзін киіндіріп үлде мен бүлдеге орап-ақ тастапты. Күйеуімнің жүзі жайдары, баласын ойнатып бас жағында отыр.

Ана емеспін бе, іштен шыққан шұбар жылан... Еңірене емсініп емізейін кеп...

Облыстан келдік дейді, әкелгендері әжеп­тәуір, үндемей отырып шығарып салдық.

Теледидардан келдік дегенде, «жетпегені осы еді» деп шат-шәлекей болдым... Олардың «сәби ерекше қамқорлыққа алынады, та­биғат­тың «тамашасы» ерекше құбылыс болып отыр» деп өздері тарапынан теледидар әкелгенін құлағым шалып бір сәтке үнсіз­дік таныттым... Ойпыр-ай, көп өтпей «көрім көзімді» теледидардан көріп көзайым болдым.

Келушілер де көбейді, құрқол емес, кө­рімдіктері көңіл жұбатады... Жасырмаймын, келген кірістен әжептәуір қоң да қордаланып қалыпты.

Бір бизнесмен табалдырық аттағаннан ақша шашып, балам жатқан бесікті бір бумасымен «булап» кете барғанын айтсаңшы.

Тағы біреуі арнайы келіпті, баламды құшағына алып теледидарға тебірене сөй­леп, байғазым болсын деп кетерінде жеңіл көліктің кілтін сәбидің мойнына іліп кеткені.

Құдай оңдап Астанадан да өкіл келіп, «Еліміздің атын айдай әлемге алып шыққан сәбидің ата-анасына деген құрметіміз мынау» деп облыс орталығынан тиесілі пәтердің құжаттарын бесіктегі баламыздың үстіне тастап, пәтер кілтін салтанатты түрде өзіме табыстады.

...Зымыраған уақыт-ай, өстіп жүріп жыл да өте шығыпты. Несін айтайын, келіп кеткен ел-жұрттан айналмаспысың... Осындайда өзіме-өзім «атың шықпаса жер өрте» деп мысқылдап, бұйырған балдырғаныма тәубе деп жүріп, бір күні «тағы да перзентті болсам қайтеді?..» деп ой түйіп, оны санама сап саралай келіп: «Бізде ғой полигон құрығалы қашан... Не де болса күні бүгіндері атомын сынаудан алдына жан салмай отырған ана аты шулы пәлекет мемлекетке барып тұрақтап, сонда жүріп құрсақ көтеріп қайтсам» деген делқұлы ойымды қорқа-қорқа күйеуіме сыздықтата жеткізіп едім, «Дұрысы сол! Осыны ойлағаныма да он айдың жүзі болды. Ойымыз бір жерден шықты, кеттік қатын!» деп, жүзі жайдары, жанары жадыраңқы, әшейіндегі тұтықпасының белгісі де жоқ отырған орнынан атып тұрғаны...

 

Берік САДЫР