Тұлға • 03 Желтоқсан, 2024

Ханбибі биігі

91 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Мен құдіреттің қолындағы қаламмын» деген қаламгер сөзінде жан бар. Қайбір ақын да заманының сұсы, ұлттық рухтың қозғаушы күші. Елі­мізге ерекше болмысымен танылған сондай ақындардың бірі – Ханбибі Есенқара­қызының мерейтойы туған жерінде дүркірей өтті.

Ханбибі биігі

Ақынға арналған жыр мүшәйрасы

Ақын, Қазақстанға еңбегі сіңген қыз­меткер, «Барыс», «Парасат» ордендерінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғының лауреаты Ханбибі Есенқарақызының мерейтойы Шымкентте екі күн қатарынан кең көлемде тойланды. Мейройтой­дың алғашқы шымылдығы жыр мүшәйрасы­мен түріліп, Оңтүстік аспанына өлең-сөз моншағы шашылды. «Ханбибінің биігі» атты жазба ақындар жыр мүшәйра­сы­на еліміздің әр өңірінен келген үздік ақындар қатысты. Қарымды бәйге үш ай бұрын жарияланып, өлеңдер онлайн түрде қабылданған. 50-ге жуық ақын қа­тысқан аламанда, жырлары топтан суы­ры­лып шыққандар ғана арнайы кешке ша­қырылған. Жүлдегерлерді анықтау үшін елге есімі мәлім ақындар қазылық етті. Атап айтсақ, ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ға­лым Жайлыбай, Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, филология ғылым­да­рының кандидаты, ақын Оңайгүл Тұр­­жан, «Қазақ әдебиеті» газетінің  бас редак­торы Бауыржан Жақып, Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лау­реаты Бақытжан Алдияр дара шапқан жеңім­паздарды анықтады.

– Ханбибі Есенқарақызы, бұл – күллі Алаштың жүрегіне есімін жазған санау­лы ақындардың бірі. Ханбибінің алғаш­қы өлеңдерінен бастап оқып өстік. Бүгінгі той ең алдымен – өлеңнің мейрамы. Қа­зақ­тың биікке жеткен қызының мейра­мы. Осы мейрамға жан-жақтан жина­лып келіп тұрмыз. Бүгінгі іс-шараның осы­лай баста­луына өз басым ақын ретінде, азамат ретінде қатты қуанып тұрмын, – деді қазылар алқа­сының төрағасы Ғалым Жайлыбай.

Іс-шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақындар өлеңдерін оқып, хан қызындай Ханбибісіне ілтипатын білдірді. «Ақынды ақын сүйемесе болмайды» деп Мұқағали жырлағандай, Ханбибі ақынның өмірге деген құштарлығы мен туған жерге сүйіспеншілігін, қазақ әйелі­нің қайсар рухы мен нәзіктігін өрнектеуде ақындар барын салды. Мүшәйраға ар­найы қатысқан көрнекті ақын, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайып сөз алып, сиреп қалған буын­ның дара жұлдызы атанған Ханбибі Есенқара­қы­зының шашбауын көтеріп келгенін тілге тиек етті.

– Біздің қатарымызда Кеңшілік, Жарас­қан, Дәуітәлі бар еді, бәріміз бірге жүру­ші едік. Бүгінде қатарымыз сиреген. Сол қатар­дағы көзі тірі, күллі қазақтың Ханбибісіне айналған ақынның мүшәйрасына қатысып отырмын. Ханбибі, сен қайсар ақынсың, шыншыл ақынсың, – деген ол замандасына арнау жырларын оқыды.

Жыр мүшәйрасының бас жүлдесі Иран Ғайып ақынға бұйырса, Түркістан облысының тумасы, жас ақын Сабыр­жан Ахан бірінші, Астана қаласынан кел­ген Айжан Табаракқызы мен алматылық Мағиза Құнапияқызы екінші орынды ­өз­ара бөлісті.

 

«Сендегі мені өшірме...»

Кешқұрым Ж.Шанин атындағы қала­лық академиялық қазақ драма театры «Сен­­дегі мені өшірме» поэтикалық толға­уының премьерасын ұсынды. Ханбибі Есен­қарақызының өлеңдері оқылып, сах­на­лық қойылымдармен астасқан туынды­лар көрермен жүрегіне жетті. Жастар ара­сында ажырасудың көбеюі мен қо­ғам­дағы түрлі өзгеріс, қазіргі жас отба­сы­лардың қиын­дығы мен күресі, махаббат пен сат­қындық, сезім тақырыптары қозғалып, ­поэзия мен музыка тілінде сөйледі.

Санқилы оқиғаларымен шебер өрбіп отырған сахналық қойылымның қою­шы режиссері Мөлдір Айдарқызы елеулі жұмыс барысын айтып өтті.

– Дайындыққа бірнеше ай уақыт жұм­садық. Ақынның «Нұрикамал» әніне кино түсіріліп, спектакльдер қойылып жатыр. Біз басқаша форматта, ерекшелікпен, жас­тардың талғамына сай туынды әзірледік. Ғұмырлы болады деген сенім мол, – деді қоюшы режиссер.

Қойылым арқылы көрермендер ақын­ның рухани әлемімен танысып, шығарма­шылығын тереңірек ұғуға жол ашты. Іс-шара соңында қала әкімінің орынбасары Сәр­сен Құранбек Шымкент қаласы әкімі­нің ықылас гүлін табыстап, Ханбибі Есен­қаразының ақындық, адамдық, азаматтық қырларына тоқталды.

 

Алаш жолындағы ақын

Мерейтойдың келесі легі Шымкент қала­сындағы Өзбекәлі Жәнібеков атын­дағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық уни­верситетінде жалғасты. «Алаш амана­тын арқалаған «Ақ жол» және Хан­бибі Есен­қарақызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны уни­верситет ректоры Гүлжан Сүгірбаева ашып, ақынның Алаш жолын зерттеудегі ең­бегіне тоқталды. Шымкент қаласы әкі­мінің орынбасары Сәрсен Құранбек, академик Оразалы Сәбденов, Қазақ­стан Жазушылар одағының хатшысы Бауыр­жан Жақып, М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Түркиядағы Гази университетінің профессоры Мұса Йыл­дыз құттықтау сөз сөйлеп, Ханбибі ­Есен­қарақызының тұлғалық қыр­ларына тоқталды.

Мұнан кейін академик Ханкелді Әб­жанов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан-Хан Аққұлұлы бастаған ғалымдар баяндама жасап, Алаш қайраткерлері мен «Ақ жол» газетінің ел тарихында алатын орны мен оны зерттеу мәселелері жөнінде сөз қозғады.

– Айта кетейік, 1920–1922 жылдары сегіз нөмірі ғана шығып, кейін жабылып қалған «Шолпан» әдеби-саяси журналын Өзбекстандағы мұрағаттан алып, оны араб графикасы негізіндегі төте жазудан кириллицаға аудартқан, сол форматпен кітап етіп шығарған Ханбибі Есен­қарақызының еңбегі өлшеусіз. Сол сапарында «Ақ жол» газетінің 5-6 нөмірін Өзбекстаннан тапқан Х.Есенқарақызы басылымның 1920–1926 жылдары аралы­ғында шыққан 613 нөмірін Ташкент, Мәскеу, Орынбор, Санк-Петербург пен Алматының бүкіл архиві мен кітап палатасын, мемлекеттік мұражай, орталық кітапхана мен тіл академиясының архив­терінен іздеп табады. Бәрін жиып-теріп, «Ақ жолды» баспадан 25 том кітап етіп шығаруы еліміздің рухани қазынасына қосылған мол байлық деп білеміз, – деді Сұлтан-Хан Аққұлы.

Халықаралық конференцияға бар­лығы 50 шақты ғылыми зерттеу еңбек келіп түскен. Оның ішінде көрші Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Ресей ғалымдары да бар. Айта кетейік, конференцияда Хан­­бибі Есенқарақызының «Көктеммен қоштаспаған жаз» кітабының тұсауы да кесіліп, ақынға Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық уни­верситетінің құрметті профессоры атағы берілді.

 

«Хан қызындай Ханбибі»

Конференциядан соң, кешке Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында «Хан қызындай Ханбибі» атты шығармашы­лық кеш өтті. Кешке қала халқымен бірге құрметті меймандар, талантты жастар, майталман өнерпаздар қатысып ақынға құрмет көрсетті.

Шараға арнайы келген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ханбибі Есенқарақызының ақындық, азаматтық тұлғасына тоқталды.

– Поэзия әлемінде қайсарлық пен адал­­дықтың рәмізі болған Ханбибі Есен­қа­ра­қызы қазақ әйелінің бейнесін айқын­даған «Жібек» повесі арқылы проза жанрында да айрықша із қалдырды. Қала­мыңыздан шыққан «Алтынай», «Нұри­камал», «Қадиша» сынды әндер халық арасында кең таралды. Сіз ұлт мұрасын дамыту жолында аянбай тер төктіңіз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи шындықты қалпына келтіру жолында үздіксіз қызмет еттіңіз. «Қазақ тілі» қоғамында мемлекеттік тілдің кең ауқым­да қолданысқа енуіне үлес қостыңыз. Бұл рухани тұтастық пен ұлт болмысын сақтаудағы маңызды қадам деп білемін, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Кеш соңында Ханбибі ақын уақыт пен заман, адам мен қоғам туралы жаңа жыр­ларын оқып, көрерменмен көкей­дегі ой­ларын бөлісті. Екі күнге созылған жыр мере­кесінен толағай әсер алған Оңтүс­тік жұрт­шылығы ақынға құрмет көрсе­тіп, сах­наға шығып толассыз ықыласын білдірді.