Саясат • 24 Желтоқсан, 2024

Көлік-логистика саласына серпін қажет

115 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Мәжілісте палата спикері төрағасының орынбасары Альберт Раудың төрағалығымен Үкімет сағаты өтті. Онда еліміздегі көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру мәселесі қаралып, ол бойынша Көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасады. Баяндамада министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді Еуразияның басты көлік логистикалық хабына айналдыру туралы тапсырмасының орындалу барысына және көлік саласының әлеуетін дамытуға бағытталған іс-шараларға егжей-тегжейлі тоқталды.

Көлік-логистика саласына серпін қажет

Марат Қарабаев Батыс пен Шығыс арасындағы жүк айналымы 216 млн тонна, ал Солтүстік-Оңтүстік бойынша 206 млн тоннаны құрағанын атап өтті. Мұндағы ақша айналымы 1 трлн доллардан асқан.

– Аталған жүк көлемінің 93%-дан астамы су көлігімен, 4%-ы теміржолмен тасымалдана­ды. Біздің негізгі жұмыстары­мыз осы жүк айналымының бел­гілі бір бөлігін Қазақстан ар­қы­лы өтуін қам­тамасыз ете оты­рып, елдің тран­зиттік әлеуетін толық игеруге бағытталған. Ол үшін ел аума­ғында 13 халықаралық дәліз жұмыс істеп тұр, оның бесеуі теміржол және сегізі автомоби­ль жолдарына тиесілі. Осы бағыттар арқылы былтыр 32 млн тонна транзиттік жүк тасымалданды. Биылғы өсу қарқыны 6%-ды көрсетіп отыр. Бұл ретте біздің міндетіміз – 2030 жылға қарай тасымалдау көлемін 74 млн тоннаға жеткізіп, 2,3 есеге арттыру, – деді Көлік министрі.

Бұл ретте министр жүк жөнелтуші және қабылдаушы елдер тасымал бағыттарын барынша диверсификациялауға тырысып жатқанын жасырмады. Бұл дегеніміз – Қазақстан аумағы­нан тыс баламалы бағыттардың қалыптасуына әкеліп соғатын үдеріс. Расында слайдтан ұққаны­мыз, онда көрсетілген Қазақстанды айналып өтетін негізгі 6 бағыт алдағы уақытта еліміздің көлік-логистикалық әлеуетіне нұқсан келтіруі ғажап емес.

– Сондықтан осындай тәуе­келдерге әрқашан талдау жасап, отан­дық транзит дәліздерінің тартым­дылығын арттыру қа­жет. Ол үшін тиісті шараларды қабыл­дап жатырмыз. Айталық, қазір қарқынды дамып келе жатқан 2 өзекті транзиттік дәліз бар. Біріншісі – Транскаспий халықаралық көлік бағыты. Оның бүгінгі өткізу қабілеті 6 млн тоннаны құрайды. Дәліздегі тасымал көлемі кейінгі 4 жылда 800 мың тоннадан 4,1 млн тоннаға дейін көбейіп 5 есеге артты. Алдағы мақсатымыз – маршруттың қуаттылығын таяу арада 10 млн тоннаға дейін жеткізу, – деді М.Қарабаев.

Ал екіншісі өзекті дәліз ретінде Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізін атады.

– Дәстүрлі логистикалық жүйе­­лер­дің өзгеруіне байланысты бұл бағыт орасан зор әлеует­ке ие. Жүк көлемінің негіз­гі үлесі Ресей­де қалыптасып, Парсы шыға­нағындағы елдерге тасымалдауға арналған. Жалпы өткізу қабілеті жылына 10 млн тоннаны құрайды.

Маршруттың әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында Ресей, Түрікменстан және Иран елдері­мен дәлізді синхронды дамытудың Жол картасы бекітілді. Атқарылып жатқан іс-шаралар бағыттың өткізу қабілетін 2 есеге өсіріп, жылына 20 млн тоннаға дейін жеткізуді көздейді, – деді Көлік министрі.

Сала басшысы жоғары­да аталған дәліздердің дамуында Ақтау және Құрық теңіз порт­тарының инфрақұрылымы ма­ңызды рөл атқаратынын атап өтті. Министрлік алдағы 3 жылдың ішінде Ақтау портының контейнер өңдеу қабілетін 140 мыңнан 550 мың контейнерге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр екен.

Өз баяндамасында министр М.Қарабаев негізгі мәселелердің бірі ретінде отандық флот­тың жетіспеушілігіне тоқталды. Бүгін­де Құрық – Алят бағытында тек әзербайжандық паромдар жұмыс істейді. Министр қазірдің өзінде біздің елге ең кемінде 7 кеме қажеттігін айтты. Оның өндірісін қалыптастыру үшін түркиялық «YDA» және «ASFAT» компаниялары Құрық портының жанында арнайы зауыт құрылысын жоспарлап отырған көрінеді. Бірақ нақты іс-шаралары туралы ақпарат жоқ.

Сондай-ақ отандық дәліздерге жүк ағындарын тарту үшін ішкі терминалдармен қатар, шетел­дер­дің жүк жинақталатын аумақ­­тарында сыртқы терминал­дар да қалыптастырылып жатқанын атап өтті. Ал шетел аумағында тер­ми­налдарды қалыптастыру мәсе­лесімен бүгінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы айналысып жатқаны белгілі. Бұл компанияның ішкі логистикада да түйіні тарқамаған өзекті мәселелері бар екенін ескерсек, бұл шаруа министрлікке оңайға соқпайын деп тұр. Ол үшін алдымен жеткілікті локомо­тив паркін жа­сақтауымыз қажет. Қазіргі уа­қыт­та парктің қуаты – 1 мың 807 бірлік. Ал мұның 61%-ы тозған.

Одан кейінгі үлкен мәселе­лердің бірі ретінде министр Марат Қарабаев тозу деңгейі 57%-ды құрап отыр­ған магист­рал­ды темір­жол желі­­сін жаң­ғырту қажеттігін айтып өтіп, тран­зиттік әлеует­те авто­кө­­лік­­пен та­сы­малдаудың жылдан-жылға есе­­леп өсіп келе жатқаны­на тоқ­тал­­ды. Өткен жылы транзит 40%-ға, ал импорт/экспорт 20%-ға артқан.

Баяндама соңында депутаттар Көлік министрін сұрақтың астына алды. Көтерілген мәселенің көбі әуе тасымалына қатысты өрбіді. Айтпақшы, Мәжілістегі Үкімет сағатына «Эйр Астана» әуе компаниясының бас атқарушы директоры Питер Фостер алғаш рет қатысты. Кейбір өткір сұрақтар Фостер мырзаға да тікелей бағытталды.

Алдымен депутат Еділ Жаңбыршин «Эйр Астананы» билет бағасын сәт сайын қым­бат­­татып, оған шағымданған жолау­­шыларды мүлдем елемей­тінін, қызмет көрсету сапасының төмендігін жеткізді. Яғни компания рейс уақыты жақындаған са­йын билет бағасын бірден көтеріп жібереді. Ал депутат ұшу уақы­ты таяған сайын билет бағасы арзан­дауы керектігін алға тартты. Депутат сөйлеп отыр­ғанда Питер Фостердің күліп отырғаны оның ашулануына түрткі болды.

– Билетті тезірек өткізу керек қой. Бұлар керісінше жұмыс істейді. «Эйр Астананың» мәсе­лесін дұрыстап майшаммен қарау керек. Тек «Эйр Астана» емес, бүкіл әуе компаниясы қайтара­тын ақшаны, өтемақыны алуды жеңілдетіңіздер. Олар өтініш жазуды өте қиын қылып қойған. Көрінген адам кіре алмайды. Тек компьютерді білетін, соңында ерінбей жүретін адам ғана оны қайтара алады. Министрлік осыны қолға алуы тиіс, – деді депутат.

Одан кейін де сөз алған Мәжіліс депутаттары «Эйр Астана» әуе компаниясының монополиясын тоқтатуды талап етті.

– Біз сапалы әуе қызметін пайдалана алмай отырғандық­тан тұтынушылардың құқығы бұзылып жатыр. Одан қалса, ұшақтар кешігеді, рейстерді үзе салады. Бірақ бұл үшін атал­ған компанияда ешқандай жауап­кершілік жоқ. «Ашық аспан» режімін қостық деп министр жаңа өз баяндамасында айтты. Оны Батыс Қазақстанда да қосты. Бірақ БҚО-ға тек «Эйр Астана» мен «Fly Arystan» ғана қатынайды. Ал «Scat» та, «Qazaq air» де ол жерге кіре алмайды. «Turkish air» қосылуға мүдделі екенін білдіріп, Астанадан Орал арқылы Ыстанбұлға ұшатын рейсті қосуға ниет танытты. Билет бағасы әлдеқайда арзан болар еді. Мұны да шеше алмадық. «Эйр Астананың» монополиялық жағдайын қашан және қалай шешеміз? – деп сұрады министрден депутат Абзал Құспан.

М.Қарабаев «Ашық аспан» режімін шетелдік компанияға қазір беруге дайын екенін жеткізді.

– «Ашық аспан» жағынан бірде-бір компанияға тосқауыл қойып отырған жоқпыз. Қаласа, әрине, ұшады. Ұшақтардың кешігуіне келсек, соңғы 10 айда 76 мың рейс орындалды. Әлемде әуе сапарларының тұрақтылығы деген болады. Сонда 23 пайызы кешігіп, 77 пайызы уақтылы ұшқан. Дәл осындай индикатор басқа елдерде, АҚШ-та да, Еуропа елдерінде де 77 пайыз шамасында. Биыл бірнеше әуежайда ұшу-қону жолағын жөндеуден өткіздік. Астана, Алматы, Шымкенттегі әуежайда да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның бәрі әсер етті ғой, – дейді министр.

Министр сондай-ақ осы жазда нөсер жауын мен бұршақтан соң 10 ұшақ бірден айналымнан шығып қалғанын айтты.

Депутат Мұрат Әбенов сөзін «Эйр Астана» басшысы Питер Фостерге бағыттап, не себепті лоукостердің бағасы қымбат екенін сұрап, осыны реттеу керектігіне тоқталды.

Талқылау барысында депутат Аманжол Әлтай цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкинке «Сергек» камераларынан түсетін қаражаттың қайда кетіп жатқаны туралы сұрақ қойды.

– Айыппұлдардан түскен қара­жаттың бәрі де бюджетке түседі. Шарттар әр өңірде мем­лекет-жекешелік әріп­тес­тіктің қалай орнатылғанына байланыс­ты. Демек ол шарттарды әкімдіктер камераларды орнатып, инвестицияны қайтару, операциялық шығындарды өтеу бойынша конкурс негізінде жасаған, – деді Р.Коняшкин.

Дегенмен вице-министрдің бірсыдырғы жауабына көңілі толмаған А.Әлтай нақты цифр­лармен жауап беруін талап еткенімен Р.Коняшкин алдыңғы жауабын тағы қайталап, қажет болса жазбаша жауап беретінін айтып, қысқа қайырды. 

Соңғы жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Шебер дәнекерлеуші

Еңбек • Кеше

Мал баққанға бітеді

Еңбек • Кеше