Экономика • 24 Желтоқсан, 2024

Елорда экономикасында елеулі өсім бар

61 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елорда табысы алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Инвестиция көлемі 1,6 трлн теңгеге жетіп, 20,4%-ға ұлғайды. Оның 70%-дан астамы жеке инвестиция есебінен. Құрылыс секторының қарқыны 870 млрд теңге­ден асып, 11 айда 3,6 млн шар­шы метр тұр­ғын үй пай­далануға беріл­ді. Бұл өткен жылмен салыс­тырғанда 6,4%-ға көп. Жыл қорытын­дысында бұл көрсеткіш 4 млн шаршы метрге артты.

Елорда экономикасында елеулі өсім бар

Табыстың тұрақты драйвері

Бүгінде шағын және орта биз­­нес бас қала экономикасы­ның не­­гізгі драйверіне айналып, ело­р­да экономикасының 72,1%-ын құ­рады. Жалпы, қалада 247 мың­­­нан астам бизнес субъек­тісі бар.

«Бас қаладағы әлеуметтік-эко­номикалық көрсеткіштер бойын­ша оң динамика байқа­лады. Қала экономикасы жыл сайын өсіп жатыр. Биыл жалпы өңірлік өнім секторының үлесі 13,9%-дан 15,7%-ға дейін өсті. Бұл өнеркәсіп және құрылыс салаларының бел­сенді дамуының арқасында болды. Негізгі драй­вер шағын және орта бизнес, яғни елорда экономикасының 72,1%-ын құрайды. Бұл республика бойын­ша ең жоғары көрсет­кіш», деді Астана әкімі Жеңіс Қа­сымбек.

 

Қоғамдық көлік көбейіп келеді

Астананың қоғамдық көлік паркі 45%-ға жаңарған. Бұл жаңа автобустардың арқасында мүмкін болды. Кейінгі екі жылда желіге 700-ден астам автобус шығыпты. 

«Мемлекет басшысының тап­­сырмасымен кешенді көлік жүйесін дамыту стратегия­сы әзірленіп, бекітілді. Бағ­дар­ламаның міндеттерінің бірі – қар­балас уақытта қозғалыс жыл­дамдығын арттыру, жай­лы­лық пен қолжетімділікті жақ­сар­ту арқылы қоғамдық көлік­ті пай­далану үлесін арттыру. Биыл жалпы ұзындығы 60 км бола­тын 50 көшеге орташа жөн­деу жүргізілді. Әл-Фа­ра­би даңғы­лынан Тәуелсіздік даң­ғылы­на дейінгі көпірдің құры­лысы аяқталды, бұл Мәңгілік ел даңғы­лындағы көлік ағынының азаюына әсер етті. Сол сияқты оң және сол жағалаулар арасындағы қозға­лыс жылдамдығына септі­гін тигізді. Оған қоса, жыл сайын қа­лаға жаңа автобустар жет­кі­зіп, қоғамдық көлік паркін жақ­сартып жатырмыз», деді әкім.

Мысалы, биыл желіге 300-ден астам автобус шықты. Екі жыл ішінде автобус паркі 706 жаңа автобуспен толықты. Осылайша, қаланың автопаркі 45%-ға жаңартылды. Алдағы жылы қоғамдық көлік паркін тағы 300 көлікпен жаңарту жос­парланып отыр екен.

 

Су, жылу және су бұру жұмысының барысы қалай?

Брифингте Астана әкімі негізгі тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының құрылысы туралы да айтты. Астана әкімдігі инфрақұрылымдық нысандарды салу жұмысы жүйелі жүріп жатқан көрінеді. Ол нысандар елорданы үздіксіз жылумен, сумен жабдықтаумен, су бұрумен, т.б. қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Кейінгі 2 жылда Астана жы­лыту маусымын алғаш рет жы­лу профицитімен өткізіп жа­тыр. 2023 жылы «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» жаңа газ жылу стансаларының іске қосы­луының арқасында ЖЭО-3 бірін­ші кезегінің жылу қуаты 30%-ға ұлғайды. Бұл қаланың қажетін толығымен қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді. Мысалы, қазір­гі уақытта ауаның орташа тем­пературасы -10 немесе -15 гра­дус болған кезде жылу гене­ра­циясының профициті саға­ты­на 1200 Гкал құрайды. Бұдан басқа, «Телман» газ жылу станса­сының құрылысы жүріп жатыр, келесі жылы «Оңтүстік-Батыс» МТҚ құрылысын бастаймыз, бұл қаланы 2035 жылға дейін жеткілікті жылумен қамтамасыз етеді», деді Ж.Қасымбек.

Мұнымен қоса, Астана әкім­дігі былтыр үшінші сорғы-сүзгі стансасының (ССС-3) құрылысын аяқтап, пайдалануға берді. Ол қалаға тәулігіне 100 мың текше метрден астам су жіберуге мүмкіндік жасады. Оған қоса, Астана су қоймасынан екінші су құбырының құрылысы аяқталды. Келесі жылы Нұра жерасты сулары кен орнынан су құбырын салуға, сондай-ақ Телман сорғы стансасын кеңейту ісіне кірісу жос­парланып отыр.

Ұзақмерзімді шаралар аясында Сәтбаев атындағы арнадан жаңа су құбырын тарту ойластырылуда. Осы жобалар іске асса, 2035 жылға дейін қаланы тұрақты сумен қамтамасыз етеді. Ал су бұру мәселесін шешу үшін келер жылы өнімділігі тәу­лігіне 188 мың текше метр КОС-2 құрылысын бастау жоспарланды. Сонымен қатар сенімді су бұру ісін қамтамасыз ету мақсатында екі тұрғын алабында және Индустриялық парк ауданында жалпы қосымша қуаты тәулігіне шамамен 85 мың текше метр болатын үш жергілікті тазарту құрылысының жобасы әзірленіп жатыр.

 

Абаттанған аулалар мен қоғамдық орындар 

Астанада 170 аула мен қоғам­дық кеңістік абаттандырылды. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданында жүргізілді. Абаттандыру кезінде көгалдандыруға ерекше назар аударылады. Биыл қалада «жасыл белдеу» аумағын­да 1 млн-ға жуық жасыл желек отырғызылды. Қаланы көгалдан­дыру жарғысы қабылданды. Енді бірде-бір құры­лыс салушы сал­ғанын нысанын дендрожоспарсыз және оның айналасындағы жасыл кеңіс­тіктерге күтім жасауды үш жылдық міндеттемесіз тапсыра алмайды. 

«Биыл абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Мысалы, Тәуелсіздік сарайының алдындағы «Қазақ елі» алаңында жалпы ауданы 13 га аумақта ке­шенді абаттандыру жұмысы жа­салды. Жүргенов көшесінде жа­сыл бульвар ашылды. Сон­дай-­ақ Ал­маты ауданында Ақ­­бұ­­лақ өзенінің жағалауы абат­тан­­д­ырылды. Өткен жылы Ш.Құ­­­­­дай­бердіұлы даңғылынан Абы­лайхан даңғылына дейін көркейтілді. Биыл Абылайхан даңғылынан Амман көшесіне дейін жалғасты. «Жастар» саябағы айтарлық­тай өзгерді. Мұнда мынандай өз­герістер болды: сорғы жолы, коньки паркі, жаңа ойын алаңы салынды. Бұлармен бірге, саябақ аумағында «Сана» заманауи спорт кешені жұмыс істейді. Онда белсенді өмір салты үшін барлық қажетті жағдай жасалған», деді елорда әкімі.

Биыл қаланың вокзал маңы мен оған іргелес Біржан сал және Гете көшелері көркейіп, абат­танды. Вокзал маңындағы көше­лердің жалпы ұзындығы 1,5 км құрады. Қаланың тарихи көшелерін қайта жаңарту жобасы аясында жалпы абаттандыру алаңы 17 мың шаршы метрден асты. Сондай-ақ Ұлытау аллеясы, Мәңгілік ел даңғылы, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдары, Мыңжылдық аллеясының бөлігі, Керуен және Хан-шатыр ОСО жанындағы гүлзарлар, Агроқалашық елді мекені, Жеңіс даңғылы, Жағалау шағын ауданы, Уәлиханов көшесі, т.б. қоғамдық орындар абаттанып, көгалдандырылды.

 

Мектеп салу жөнінен рекордтық көрсеткіш

Осы жылы елордада 18 мектеп есігін ашты. Олардың бір бөлігі – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Жалпы, осы ұлттық жоба шеңберінде 2024–2025 жылдар аралығында жаңа форматта 24 білім ошағының қабырғасы қаланады. Сөйтіп, екі ауысымда оқитын 90 мыңға жуық оқушы орны пайда болады. Жыл соңына дейін тағы бірнеше мектеп ашу жоспарда бар. Ал алдағы жылы тағы 20-дан астам мектеп ел игілігіне беріледі.

«Қала тұрғындарының саны өсіп, әлеуметтік нысандарға қажеттілік артып жатыр. Оқу орындары қала­ның барлық ауданында, соның ішінде тұрғын алаптарында да салынды. Мысалы, таяуда Үркер тұрғын алабында жаңа үлгідегі мектеп ашылды. Оқу орны екі ауысымдық 4 мың оқушы орнына есептелген. Қазіргі уақытта №69 мектеп-лицейінде балалар үш ауы­сымда оқиды. Осылайша, жаңа мектеп толып кету мәселесін шешеді. Балалар жаңа мектепте үшінші тоқсаннан бастап оқиды», деді қала басшысы.

 

Үлескер мәселесінің халі нешік?

Енді Астана әкімдігі құры­лыс компанияларының жауап­кершілігін арттыру мақсатында үлескер проблемасын шешуге бюд­жеттен қаржы бөлуді тоқта­тады. Брифингте осы жөнінде айтқан Жеңіс Қасымбек, келесі жылы «Елорда құрылыс» компа­ниясының таратылатынын мә­лімдеді.

«Сіз автоорталықтан көлік сатып алып, ол сапасыз болса, мәселені әкімдік шешпейді ғой. Бұл да сондай мәселе. Бірақ біз үлескердің жағдайын түсі­ніп отырмыз. 16 мың отбасы проблемаға тап болды. Оған бюджеттен көп қаржы жұмсалды. Ол қайтарылмайтын қаражат. Құрылыс компаниясы жоқ, оның иесі сотталды. Ол үлескердің қосымша ақы төлеуге мүмкіндігі жоқ. Сон­дық­тан алдын ала айтып отыр­мын, келесі жылдан бастап «Елор­да құрылыс» компаниясы тара­ты­лады», деді Ж.Қасымбек.

Оның айтуынша, құрылыс компаниясы келесі жылы бітпе­ген жұмысты аяғына дейін жет­кізеді. «Біз түсінеміз, осымен үлес­кер проблемасы бітпейді, бәрібір біреу алданады. Құрылыс компаниялары да нарық талабына шыдамай тарап кетеді, одан бөлек алаяқтар да бар. Олар­мен жеке жұмыс істейтін бола­мыз, бірақ бюджеттен қара­жат қарастырылмайды», деп түсін­дірді қала әкімі.