
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Алкилат өндірісі отын саласын экологияландыру жолындағы маңызды қадам болмақшы. Алкилат – бензиннің жоғары октанды компоненті, ол бензиннің қасиеттерін едәуір жақсартуға және атмосфераға көмірқышқыл газы мен улы заттардың шығарылуын азайтуға мүмкіндік береді. Жоба жаңа технологиялық кәсіпорынды құрып қана қоймай, мұнай өңдеу тереңдігін арттыру барысындағы тиімді шешімдердің біріне айналады.
«Бүгінде елімізде алкилат өндірісі жоқ. Ал жобаны іске асыру К-5 (Еуро-5) ең қатаң экологиялық стандарттарына жауап беретін жоғары сапалы отын өндіру жолындағы маңызды қадам болады. Әрі ол Қазақстан мен таяу шет мемлекеттердің нарығын ұшақ және көлік отынына арналған экологиялық таза жоғары октанды компонентпен қамтамасыз етеді», дейді жобаны жүзеге асырушы «Intertrans c. A.» ЖШС бас директоры Мұрат Құдиярбек.
Зауыт құрылысы кезеңінде 500-ден астам жұмыс орны, ал негізгі өндірісті пайдалану кезеңінде 125 тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл Ертіс-Баян өңірінің тұрғындарын жалақысы жоғары еңбекпен қамтуға, жергілікті инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етеді.
Жобаның алдын ала жалпы құны 35 млрд теңгені құрайды. «Қазақстанның Даму банкі» АҚ мен «Intertrans C. A.» ЖШС арасында кредиттік желі ашу туралы келісім жасалған.
Мамандардың сөзінше, алкилатты октанды арттыратын компонент ретінде пайдалануға көшу – экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі міндеттерге ғана емес, сонымен бірге тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі оңтайлы шешім. Отандық мұнай өңдеу зауыттары бүгінде N-метиланилин және метил-трет-бутил эфирі (МТБЭ) сияқты октанды арттыратын компоненттерді пайдаланады.
Дегенмен олардың қолданылуында бірқатар шектеу бар. Атап айтқанда, N-метиланилин улы, азот оксидтерінің шығарылуына ықпал етеді, отынның коррозиясын арттырады және қозғалтқыштардың тозуын тездетеді. МТБЭ октан санын ұлғайтады, алайда ол жану кезінде улы заттардың пайда болуына ықпал етеді.
Сондықтан алкилат заманауи және экологиялық таза шешім ретінде құпталып отыр. Нәтижесінде, көлік отыны өндірісі барысында көмірқышқыл газының, азот оксидтерінің және канцерогендердің шығарындылары азайып, отынның сапасы қамтамасыз етіледі. Екінші тұрғыдан, ол бензиннің тотығуға төзімділігін арттырып, бензинді сақтау мерзімін ұзартады екен.
Павлодар облысы