Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жазушының 100 жылдық мерейтойының ашылу салтанаты 6 қаңтарда Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында өтті. 28 сәуір мен 1 мамыр аралығында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұйытқы болуымен Анкара қаласында қаламгер шығармашылығына қатысты конференция ұйымдастырылып, оның жеке заттары көшпелі көрмеге қойылды. 28 мамыр күні ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың қатысуымен түрік тілінде жарық көрген «Өлгендер қайтып келмейді» романының тұсауы кесілді.
20-21 қыркүйекте жазушының туған өлкесі Нарынқол ауылында Бердібек Соқпақбаевтың еңселі ескерткішінің ашылу салтанаты, әдеби жиын, республикалық ақындар айтысы, гала-концерт және Сарыжаз жазығында дүбірлі той, бәйге, тағы басқа іс-шаралар өткізілді.
ЮНЕСКО деңгейінде тойланған мерейтой аясында Бердібек Соқпақбаевтың 4 томдық жинағы, Самал Соқпақбаеваның «Менің атым Қожа» шығармасының орыс тіліндегі аудармасы, Жанболат Аупбаевтың «Өтірігі жоқ өмір» атты Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптары жарық көрді.
Сондай-ақ классик жазушының мерейтойы Әзербайжан Республикасының астанасы Баку қаласында да тойланып, әзербайжан тілінде жарияланған «Менің атым Қожа» хикаятының тұсауы кесілді.
Қазақ әдебиеті классигінің 100 жылдық мерейтойы Франция астанасы Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде қорытындыланып, «Менің атым Қожа» хикаяты француз тілінде жарық көрді.
Сондай-ақ биыл біз «Жыл кейіпкері» деп таныған қаламгердің құрметіне 2 мектеп, 2 саябақ, 1 кітапхана, Қонаев қаласының 1 көшесіне жазушының есімі берілгенін сүйіншілегіміз келеді.