
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбатына кеңінен тоқталған Премьер-министр жақын арада бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер ұсынылатынын айтты. Экономикалық өсімді жоғары деңгейде қамтамасыз ете отырып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналған міндеттерді мүлтіксіз орындау керек екеніне назар аудартты.
«Президент «Ana tili» газетіне берген сұхбатында Үкіметтің міндеті экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту екенін атап өтті. Біз қарқынды экономикалық өсімді қамтамасыз етуіміз қажет. Осыған орай Премьер-министрдің орынбасары Серік Мақашұлының жетекшілігімен Үкіметтің экономикалық блогі сарапшылар тобымен бірлесіп, бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер әзірлеп жатыр. Оның қатарында әлеуметтік қамсыздандыру саласына қатысты мәселелер де бар. Аталған тәсілдер сарапшылар қауымдастығымен жан-жақты талқылаудан кейін ұсынылады», деді О.Бектенов.
Жаңа жылдың іс-шаралар жоспары
Отырыста Премьер-министр қауіпсіз еңбек жағдайының сақталуына қатаң бақылау жүргізуді және экономика үшін жоғары білікті мамандар даярлау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ елдегі бизнесті жұмысшы кадрлардың біліктілігін арттыруға, оларды әлеуметтік қолдауға және лайықты еңбек жағдайларын жасауға күш салуға шақырды. Үкімет отырысында Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелері де қаралды. Оқу-ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы министрлері, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері мен «Атамекен» ҰКП басшылығы техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау, жұмысшы кадрларды қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Президент тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет 2025 жылы Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжатта енгізілген 7 бағыт пен 70 қадам жұмыс берушілердің қатысуына және жұмысшы маман даярлау мен қолдауға, техникалық және кәсіптік білім берудің тартымдылығын арттыруға, еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін дамытуға бағытталған. Жоспарды іске асыруға нақты сектор субъектілері, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық компаниялар мен салалық қауымдастықтар тартылған.
«Ұзақмерзімді және тұрақты экономикалық өсу факторларының бірі – адами капиталды дамыту. Экономиканың дамуы және азаматтар әл-ауқатының артуы өз кәсібін жетік меңгерген мамандарға байланысты. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеру үшін тиісті іс-шараларды кезең-кезеңімен қабылдаймыз. Осыған байланысты Мемлекет басшысы тарапынан 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды», деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр еңбек заңнамасының, еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігінің сақталуына бақылауды күшейтудің, сондай-ақ кәсіпорындарда еңбек дауларына жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдаудың маңыздылығына тоқталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне жұмысшылардың қауіпсіз еңбек жағдайларының сақталуына қатаң мониторинг жүргізуді, соның ішінде кәсіпорындардың цифрлық картасын енгізуді тапсырды.
Көлік саласындағы, атап айтқанда, авиация, теміржол және кеме қатынасы сияқты жоғары технологиялық салалардағы кадр тапшылығы мәселелеріне назар аударылды. Көлік министрлігіне компаниялармен бірлесіп осы салалар үшін мамандар даярлаудың нақты жоспарын әзірлеу ісі жүктелді.
Агроөнеркәсіп кешенін орнықты дамыту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, ауылдағы мамандарға тартымды жағдай жасау мәселелерін белсенді түрде пысықтап, осы бағытта жаңа бағдарламаларды іске қосуы ләзім.
Кадр даярлау және қайта даярлау ісіне бизнес те белсенді атсалысуы қажет. Елімізде жұмыс беруші есебінен біліктілігін арттыруға баратын қызметкерлер үлесі – 6%. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 48%-ға жетеді.
Жұмысшы мамандар жеңілдіктерге ие болады
Үкімет басшысы жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін назарға алды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі 2025 жылға жоспарланған іс-шаралар кешені туралы айтты. Министрдің сөзінше, 4,8 миллион адам немесе барлық жұмыс істейтін азаматтың 52%-ының кәсіптік немесе техникалық білімі бар. Олар 2,2 мың жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Жұмысшы кадрлар көлік, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда көбірек сұранысқа ие.
«Актуарлық модельдер негізінде әзірленген болжамдарымыз алдағы жылдары жұмысшы кадрларға деген қажеттілік тек арта түсетінін көрсетеді. Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс 1,6 млн адам деп жоспарланып жатыр. Оның қатарында кәсіптік-техникалық білімі бар жұмыскерлерге жартысынан астамы тиесілі. Олардың 400 мыңға жуығы – жұмысшы мамандықтары. Оған мамандандырылған техника жүргізушілері, сантехник, дәнекерлеуші, құрылыс мамандықтары мен техникалық бағыттағы жұмысшылар жатады», деді министр.
Айтуынша, жобалардың инновациялық навигаторы әзірленген. Платформа қазірдің өзінде кадрларға деген қажеттілікті болжауға, сондай-ақ еңбек нарығының сұраныстарын ТжКБ ұйымдарында мамандар даярлаумен үндестіруге мүмкіндік береді.
«Жұмыс орындарын құру көрсеткіштері, еңбекақы қорының мөлшері, жалақыны уақтылы төлеу мен әлеуметтік аударым негізінде жобалардың тиімділігін бағалауды жүзеге асыра аламыз. Бүгінде 150 мың жұмыс орнын құратын 755 инвестициялық жобаға мониторинг жүргізіліп жатыр», деді С.Жақыпова.
Кадрларды даярлау сапасын қамтамасыз ету үшін жұмысшы кәсіптері бойынша 1,6 мың кәсіптік стандарт, сондай-ақ олардың негізінде білім беру бағдарламаларының 87%-ы жаңартылды. Еуроодақ елдерінің стандартын қолдана отырып, 12 мыңнан астам дағдыларды қамтитын Электрондық дағдылар банкі құрылды. «Осы жылы тағы 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылады. Біліктілікті тануды бағалау 4 тәуелсіз орталықтың базасында басталды. Биыл осындай тағы 5, оның қатарында халықаралық стандарттарға сай 2 орталық ашуды жоспарладық», дейді.
Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес тәлімгерлік институтын дамыту, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу және оқушылар мен ТжКБ студенттерін жұмыс іздеу мен жұмысқа орналастыру дағдыларына оқыту көзделген. Еңбекмин басшысы жұмыскерлердің құқығын қорғауды күшейту үшін ведомство әлеуметтік әріптестермен бірлесіп іске асыратын шаралар туралы да айтты.
- Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы цифрлық мониторинг арқылы өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіру, кәсіпорындарға тәуекел класын бере отырып, кәсіптік тәуекелдерді интегралды бағалауды енгізу, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға және мамандандырылған ұйымдарға жауапты адамдарды оқытуға және олардың білімін тексеруге қойылатын талаптарды күшейту;
- Еңбек қатынастарының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілердің штат кестесін орналастыруын, еңбек және ұжымдық шарттар жасасу рәсімдерін электрондық форматқа ауыстыруды көздейтін еңбек қатынастарын декларациялау тетіктерін енгізу жоспарланып отыр;
- Халықаралық еңбек ұйымымен ынтымақтастық шеңберінде заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды көздейтін лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары іске асырылады.
Ведомство басшысы кейінгі жылдары министрлік азаматтарды және еңбек саласындағы бизнесті қолдаудың дамыған жүйесін құрғанын атап өтті. Ол көптеген онлайн қызметті біріктіреді. Жұмыс іздеуден және өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап, кәсіби дағдыларды дамытуға, оның ішінде жұмысшы мамандықтарына дейінгі көптеген міндетті шешеді.
«Жұмысшы мамандықтары саласындағы аса маңызды жобалардың бірі – Кәсіпорынның цифрлық картасы. Бұл бізге нақты уақыт режімінде кәсіпорындардағы тәуекелдерді алдын ала анықтауға және алдын алу шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Модельде қаржылық, әлеуметтік және еңбек сияқты 60-тан аса көрсеткіш бойынша мәліметтер қолданылады. Кәсіпорынның цифрлық картасын бұрын құрылған Отбасының цифрлық картамен үйлестіру жаңа мүмкіндік жасайды. Жұмыс беруші кәсіпорындағы жұмыскерлердің әлеуметтік әл-ауқатын ескере отырып, тәуекелдерді автоматты түрде анықтайды. Егер жұмысшы баспанаға мұқтаж болса, оның отбасы көпбалалы немесе онда мүгедектігі бар адам мәртебесі берілген мүшесі болса, жұмыс беруші мұны біліп, тиісті қолдау көрсете алады. Бизнес үшін Кәсіпорынның цифрлық картасы – жұмыскерлердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыруға арналған құрал», деді министр.
Біліктілікті арттырып отыруға мән беріледі
Премьер-министр экономиканың басты өндірістік қуаты кәсібін жетік меңгерген мамандар екенін айтты. Сондықтан оларға қолайлы жағдай жасалуы керек. Қазіргі жұмысшылардың жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істеуі біліктілікті арттырып, интеллектуалдық әлеуетті және цифрлық сауаттылықты, жеке құзыреттілікті үздіксіз дамытып отыруды талап етеді.
Бүгінде экономикаға мыңдаған білікті жұмысшы қажет. Мұнымен бірге, жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болады. Сондықтан болашақтағы дағдылар мен құзыреттерді болжау үшін әкімдіктерге кәсіптердің өңірлік атласын жасау керек. Жастардың жұмысшы мамандығын саналы түрде таңдауы үшін кәсіптік бағдар беру ісінде жаңа тәсілдерді жүзеге асырған жөн. Болашақ маман өзінің кәсіптік перспективасын көріп отыруы үшін мектеп, колледж, кәсіпорындар арасында өзара іс-қимыл моделін құру қажет. Бұл бағытта Оқу-ағарту министрлігіне техникалық және кәсіптік білім саласына сапалы өзгерістер енгізу ісі жүктелді.
«Жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың үздік корпоративтік тәжірибесін кеңінен таратып, жаңа ынталандыру шараларын енгізу керек. Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және «Отбасы банкімен» бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын», деді О.Бектенов.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындарға Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі салалық және өңірлік жоспарлардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Барлық іс-шара жүйелі, нәтижелі және олардың әлеуметтік-экономикалық ұзақмерзімді әсері болуға тиіс.
«Үкімет Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелерін үнемі бақылауда ұстайды», деді Премьер-министр.