Аймақтар • 10 Қаңтар, 2025

Ел денсаулығын ескерген іс

34 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бозайғыр ауылын­да диеталық, профи­лактикалық тағам өндіретін заманауи зауыт ашылды. Жа­ңа өндіріс орны «HealthInvest» жа­уап­­кершілігі шек­теулі серіктестігінің ұйым­дастыруымен іске қосылды.

Ел денсаулығын ескерген іс

Зауыттың негізгі өнімі – «Hormesis» (Хормезис) брен­дімен шығарылатын энер­гетикалық гель. Айта кетерлігі, бұл өнім еліміздегі денсаулық сақтау, тамақтану саласында сирек кездесетін маңызды қадам болып саналады. Жаңа өндіріс орны жергілікті экономиканың өркендеуіне өзіндік үлес қосумен қатар, халықтың денсаулығына да елеулі әсер ететін өнім шы­ғармақ. Елді елең еткізген жа­ғымды жаңалығы да осы.

Зауыт «Ғылым қоры» ак­­ционерлік қоғамының грант­­тық қаржыландыруы, мен­шікті инвестициялар есе­бінен іске қосылып отыр. Өн­дірістік алаң 500 шаршы метрден астам аумақты қамтиды. Онда цех, зертхана, зауыт жұмысшыларына ар­налған шаруашылық-тұр­мыстық үй-жайлар орна­ласқан. Ма­мандардың айтуынша, заманауи технологиялар мен жабдықтар арқылы өнім сапасын жақсартуға бо­лады. Жаңа өндіріс жылына 1 200 000 қаптама өнім шы­ғармақ. «Hormesis» гелі – ден­саулықты нығайтып, дерттің алдын алуға қолданатын өнім. Энер­гетикалық гель отандық стандарттарға толық сәйкес келеді. Өндірілетін өнім Қазақ Тағамтану Академиясында зерт­ханалық сынақтардан өткен. Барлық тиісті сертификаттары бар. Зауыт өз өнімі арқылы ел­дің денсаулығын жақсартуға септігін тигізбек. Сон­дай-ақ саламатты өмір сал­тын сақтап, денешынық­тырумен айналысатын адам­дардың күш-қуатын артты­руға ықпал етеді.

Кәсіпорынның ашылуы өңір экономикасын дамы­туға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті тұр­ғын­дардың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетін ма­­­ңызды қадам. Алдағы уа­қытта серіктестік диеталық, профилактикалық тамақ өнім­дерін шығару аясын ке­ңейтіп, өз өнімдерінің сапасын арттыру мақсатында жаңа технологияларды пайдалануды межелеп отыр.

 

Ақмола облысы,

Шортанды ауданы