Сұхбат • 17 Қаңтар, 2025

Нұржан НҰРЖІГІТОВ, Су ресурстары және ирригация министрі: «Көлеңкелі» нарықпен күресті күшейту маңызды

257 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – еліміздің стратегиялық дамуының негізгі алғышарттарының бірі. Сол себепті де қоғамда патриотизмді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру ең маңызды мәселе болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күресуді қатаң тапсырып, онымен күрес қызметінің барлық бағыттағы жұмыстарына жаңа серпін беріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстарын күшейтті. Осы ретте Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен сұхбат құрып, саладағы заңнамалық жаңашылдықтар турасында әңгіме өрбіттік.

Нұржан НҰРЖІГІТОВ, Су ресурстары және ирригация министрі: «Көлеңкелі» нарықпен күресті күшейту маңызды

– Нұржан Молдиярұлы, халқымыздың «Судың да сұрауы бар» деген даналығы бар. Оның ар жағында тіршілік көзін ысырап етпеуге, үнемдеуге үндейтін үлкен тәрбие жатыр. Қазір әзірленіп жатқан Су кодексі еліміздегі экожүйені қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану тұрғысынан қандай өзгерістерді, батыл қадамдарды қамти алды?

– Мемлекет басшысы «Суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Су де­геніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыз­дыққа жол берілмейді. Талапқа бағын­байтындар қатаң жазаға тартылады», деп нақты тапсырма берді.

Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің су саясатын жетілдіру мақсатында жаңа Су кодек­сінің жобасын әзірледі. Бұл құжатта халықаралық тәжірибенің озық үлгілеріне сай экожүйені қорғау, климаттың өзгеруіне бейім­делу және су ресурстарын ұтым­ды басқару есебінен экономика­ны тұрақты дамытуға жол ашатын заңдық тетіктер барынша қам­тылды. Мәселен, жаңа Су коде­к­сіне алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғы­­мы енгізілді. Ол халық пен эко­­но­­миканы су тапшылығы мен су объек­тілерінің ластануы қа­тер­лері­нен қорғауды қамтиды. Ко­декстің әр бабы су ресурстарын үнем­деуге, қорғауға бағытталып отыр.

– Су шаруашылығындағы заң бұзушылықтарды анықтау мәселесінде әлі де жетілдіре тү­сетін заңнамалық кемшіліктер бар. Мәселен, бассейндік инс­пек­циялардың жұмысын күшей­тетін уақыт келген сияқты.

– Расында, заңнамалық батыл шешімдер болмайынша жоға­ры нәтижеге қол жеткізу мүм­кін емес. Сол себепті жаңа Су ко­дек­сінің жобасында бассейндік инспекцияларға тергеу функция­сын беру қарастырылған. Бұл іс-шара судың «көлеңкелі нары­ғына» қарсы күресті күшейтуге бағытталып отыр. Тергеу кәсіпкер­лік субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылаудың арнайы нысаны саналады және егер бұл болжамды бұзушылықтың мән-жайларын анықтау үшін қажет болса, кәсіпорын қызметінің кең спектрін қамтуы мүмкін.

Су кодексінің жобасында су объектілерінде, су қорғау аймақ­тары мен белдеулерінде өз бетінше су пайдалануға және шаруашылық қызметке қойылатын талаптардың бұзылуына байланысты жағдайлар тергеуге жататынын көздеу жоспарланып отыр. Бұдан әрі Су кодексінің жаңа редакциясының нормаларына сәйкес және су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы құқық бұзушылықтар үшін су қа­ты­настары субъектілерінің жауап­кер­шілігін арттыру үшін Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаттарымен бірлесіп «Әкімшілік құқық бұзу­­шылықтар туралы» кодекске өзге­ріс­­тер мен толықтырулар енгізу ту­ра­л­ы» заң жобасы әзірленіп жатыр.

Заң жобасында су заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін су қа­ты­настары субъектілерінің су объектілерінде, су қорғау аймақ­тары мен белдеулерінде су пайда­ла­нудың және шаруашылық қызмет­тің белгіленген режімін сақтау, су заңнамасын бұзғаны үшін айыппұл санкцияларының мөлшерін ұлғайту жолымен су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігін қатаңдату көзделіп отыр.

– Кодекске салсақ, алдағы уа­қытта саладағы жұмыс ауқымы кө­бейетін түрі бар. Қазірдің өзін­де біраз жұмыс еңсеріліп қалған сияқты. Ал кадр мәселесі қалай бол­мақ, маман тапшылығы кодекс көздеген көрсеткішке қол жет­­кі­зуде кедергісін келтірмей ме?

– Әрине, кадрсыз, білікті мамансыз үлкен жұмыс атқару мүмкін емес. Оның үстіне су қатынастары субъектілерінің жауапкершілігін арттыру ісі қолға алынып отыр. Сондай-ақ судың «көлеңкелі на­ры­ғымен» күресті күшейту мақ­сатында Су ресурстары және ирри­гация министрлігінде жаңа ведом­ство – Су ресурстарын реттеу, қор­­ғау және пайдалану комитеті құрылды.

Еліміздің су ресурстарын қорғайтын бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 2,5 есе өсті. Осыған дейін елімізде бассейн­дік инспекция қызметкерлерінің саны 98 адам болса, қазір жалпы штат саны 242 адамға жетті. Бұл республиканың әрбір облыс орталығында бассейндік инспекция бөлімдерін ашуға мүмкіндік берді.

Біз су ресурстарын заңсыз пайда­лану фактілерін анықтау жұмыс­тарын күшейтіп, «Қазсушар» филиалдары мен бассейндік инспек­цияларға тексеріс жүргізіп, заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойып, құ­қық бұзушылар мен лауазымды қызметкерлерді жауапкершілікке тартуды жалғастырып жатырмыз. Яғ­ни бұл бастамалар судың «көлең­келі» нарығымен, су саласын­дағы заңсыз әрекеттермен күресу және тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылып жатыр.

– Былтырғы жүргізілген аудиторлық тексеру нәтиже­сіне тоқтала кетсеңіз...

– Өткен жылдың басынан Су ресурстары және иррига­ция ми­нистрлігінің Ішкі аудит де­партаменті 18 мекемеге аудиторлық тексеру жүргізіп, 30-дан аса жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке және бірнеше лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Мәселен, Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалына жүргізілген тексеріс барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісі мен шаруалармен суармалы су беру келісімшарттарын жасау барысында заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды. Аудит қорытындысында мекеме басшысы мен Аса өндірістік аймағының басшысы қызметінен босатылды. Бұған қоса филиал директорының орынбасары мен Қордай, Байзақ, Меркі өндірістік аймақтарының басшылары қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіп­орнының «Алатау» филиалында кейбір ауызсу тұтынушыларынан су тө­лемдерін қызметкерлер қол­ма-қол алып, кәсіпорынның есепшотына түсірілмеген фактілері анықталды. Өз кезегінде қолма-қол ақша жинақтаған тұлғалар бұрын жұмыстан босатылған, яғни ауызсу тұтынушыларынан үнемі алаяқтық жолымен қаражаттар жинақтаған.

Жүргізілген тексерулер су тұты­нушыларды ауызсу және суар­малы сумен қамтамасыз ету ба­рысында министрліктің ведом­стволық бағыныстағы мекеме­лер мен кәсіпорындардың іс-әре­кеттеріндегі кемшіліктер мен қол­даныстағы заңнаманың одан әрі жетілдіру қажеттілігін анық­тады. Аудит қорытындылары бойын­ша анықталған барлық заң бұзу­шылыққа қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Сондай-ақ министрліктің құзыретті құрылымдары мен ве­домстволарына ұсынымдар мен тапсырмалар берілді. Бұл бағыт­тағы жұмыстар 2025 жылы одан әрі жүйелі түрде жалғасады.

– Саладағы сыбайлас жемқор­лыққа жол бермеу мақсатында нендей шаруалар атқарылып жатыр?

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдары­ның атқаратын рөлі зор. Қазір – ақпа­рат заманы. Біз министрлікте атқарылып жатқан әр жұмысты ақпарат құралдарында жариялап отырмыз. Судың «көлеңкелі» нарығымен күресудегі жұмыстар мен заң бұзушылықтарды ашық түрде жариялау арқылы меке­ме қызметкерлері мен тұтынушы­лардың құқықтық сауатын арттыруды көздеп отырмыз.

Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғалы қызмет етуге келген әр маманға әдеп нормалары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша дәрістер өткізіледі. Жас мамандарды адам­гер­шілік, әділдік пен ар-ождан рухында тәрбиелеу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, қоғам мен мемлекет тарапынан сұранысқа ие азамат болып қалыптасуына ықпал етеміз. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жағдайында жастар санасына адалдық пен әділдік, парасат пен қайырымдылық сияқты адамгершілік қасиеттерді сіңіріп тәрбиелеуге тиіспіз. Міне, біздің қоғамның санасы осындай дәрежеге жетуге тиіс. Қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы шарт.

Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құ­қықтық сауатсыздығын жоя­тын, құқықты түсіндіру жұ­мы­­­­сының деңгейі мен сапасын арт­­тыру маңызды. Конс­титу­ция­лық тәртіпті қорғау, сыбайлас жем­қорлықпен күрес аясын­да тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мем­лекет пен азаматтардың өмір сү­­руінің барлық саласында сы­бай­­­лас жемқорлық пен оның кө­рі­ністері деңгейін төмендету, қо­ғам­ның мемлекетке және оның инс­­титуттарына сенімін нығайту бүгінгі күннің басты мақсаты болып қала бермек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15