Қоғам • 18 Қаңтар, 2025

Әділхан – «Apple» басшылығында

57 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

29 жастағы ақтөбелік Әділ­хан Қопабаев әйгілі «Apple» ком­па­ниясының басшылығына та­ғайын­далды.

Әділхан – «Apple» басшылығында

Сүйінші жаңалықты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді.

«Отандасымыз, digital nomad Әділхан Қопабаев «Apple» компаниясына жетекші қызметке тағайындалғанын қуана хабарлаймын. Енді Әділхан Орталық Азия және Армения аймағын қадағалайтын болады. Бұл жаңа кезең оған көптеген жетістік пен кәсіби өсу әкелсін», делінген министр жазбасында.

Осылайша, Әділхан «Apple» компа­ния­сында жетекші қызметке тағайын­далған тұңғыш қазақ атанды. Ол енді қызметін Дубайдағы кеңседе атқарады.

Айта кетейік, Ә.Қопабаев 2017 жылы Оңтүстік Кореядағы Ульсан ұлт­тық ғылым және технология­лар институтын (UNIST) «қала инжене­рі және технологиялық менеджмент» ма­мандығы бойынша үздік тәмам­даған. Беделді UNIST Global Uni-Star стипен­диясының иегері. 2021 жылы АҚШ-тың Провиденс қаласындағы Браун университетінде мемлекеттік басқару магистрі атанып, Рокфеллер қорының стипендиясын жеңіп алды.

Ал еңбек жолына тоқталсақ, «Apple» компаниясына дейін ол халықаралық консалтингтік және IT-компанияларда қызмет атқарған. 2023 жылдан бастап Энергетика министрлігіне қарасты «Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығын» басқарды. Сонымен қатар мұнай-газ саласының «Жағдайлық-талдау орталығы» басқармасының төр­ағасы болды. Ал 2024 жылы Президент жанындағы Жастар саясаты кеңесінің құрамына енді. Әділханның жаңа белесі – еліміздегі мамандардың халықаралық деңгейде жоғары бағалануының айқын көрінісі. Оның бұл қызметіне тек табыс тілейміз.