Шаруашылық • 18 Қаңтар, 2025

Мал көп, табыс мардымсыз

261 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елде мал басы мен құс саны артқан. Дарқан даламызда 4,4 млн сиыр, 4,1 млн жылқы, 2,8 млн түйе бар. Әйткенмен бүгінде мал бағу, төл алу мен мал өнім­дерін өндіріп сату қиындап барады. Оның бас­ты себебі – мал өнімдерінің нарықтағы бағасының төмендігінде.

Мал көп, табыс мардымсыз

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Экспортты арттыруға не кедергі?

Салыстырмалы түрде қа­­ра­­сақ, қой етінің бір ки­ло­­сы Швей­царияда – 9,5 мың теңге, Гер­ма­ния мен Нидерландыда – 5,5 мың теңге, АҚШ, Жапония, Оң­түс­тік Кореяда 5 мың тең­ге­ден асады. Елімізде 1 кг қой етінің нарықтағы бағасы – 1,8–2 мың теңге. «Ауыл» пар­тиясы Ақпараттық талдау бө­лімінің меңгерушісі Қуаныш Жұмановтың айтуынша, баға­ның төмен­дігі әлемдегі геосаяси мәсе­ле­­лерге де байланысты. Ресей мен Беларусь елінен келіп жатқан өнімдер ішкі нарыққа әсер етіп, эконо­ми­каға теріс ықпалын ти­гіз­ді.

«2024 жылдың 1 қараша­сын­дағы мәліметте сүт өнді­рісі 3 млн тоннаға жетті. Оның 1,1 млн тоннасы – ауыл шаруашылығы құрылым­да­рына, 1,9 млн тоннасы жеке­мен­шік шаруаларға тиесілі. Тауық жұмыртқасын өндіру 3,7 млрд данаға дейін жетті. Салада шағын шаруашылық пен жеке шаруашылықтың үлесі – 0,6 млрд дана немесе 16,2%. Бірақ осы жеке шаруа­шы­лықтарды мемлекет тарапынан жүйелі қолдау ақсап тұр. Бұл бағытты қол­дау үшін ар­найы заң қажет», дейді.

Ұсақ және қара мал еті­не, әсі­ресе жайылымда өскен малға Орта Азия елде­рінен сұ­ра­ныс жоғары. Алайда ішкі нарықты реттеуге байланыс­ты Үкіметтің тірі мал басын экс­порттауға қойылған шек­теуі бар. Ірі қара мал басының 20,6%-ға өсуінің ең басты себеп­терінің бірі де осы.

«Аналық малды сыртқа әкетуге толық тыйым салу мен квота түрінде тірі мал­дың экспортын тежеу сал­дарынан ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндіру­­ші­лер өз қызметінен жоға­ры пайда ала алмай отыр. Қазақ­стан­нан тірі ұсақ және ірі қара малдың тұ­рақ­ты импорт­таушысы – Өзбекстан елі. 2021 жылы 142,5 мың ірі қара мал экспортталса, 2024 жылдың 9 айында 47 мың бас шы­ға­рылған. 2021 жылы 115,3 мың қой сатылса, 2024 жыл­дың 9 айында 35,5 мың қой сатылып немесе 2021 жылмен салыстырғанда ірі қара малды экспорттау 3 есе, қой 3,2 есе азайған», деді Қ.Жұманов.

Саладағы тағы бір мәселе – мал сапасын жақсарту. Мемлекет селекциялық асыл тұқымдық жұмыспен айналысатын ауыл шаруа­шылығы тауарын өндіру­ші­лерге субсидия береді. Яғни генетикалық әлеуеті жоғары жануарлар өсімін көбейтумен және оларды сақтаумен, өсірумен айна­лы­сатын өндіруші шығы­нының бір бөлігін өтейді. Оған қоса асыл тұқымды орта­­лықтар, мал тұқымы мен эмбрио­нын сату жөнін­дегі дистрибьютерлік орта­лық­тар, ауыл шаруашы­лығы малының аналық басын қолдан ұрық­тан­ды­ру­да қызмет көрсететін ұрық­тан­дыру техникасы да субсидия­ланады. 2023 жылы Үкімет тарапынан асыл тұ­қым­ды мал шаруашылығын дамы­туға, оның өнімділігі мен сапасын арттыруға субсидиялау ретінде – 147 млрд теңге, 2024 жылы 114,6 млрд теңге бөлінген. Бірақ мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаражатқа қарамастан, ел­дегі асыл тұқымды мал басы­ның жалпы сандағы үлесі: ірі қар мал бойынша – 13,4%-ды, қой бойынша – 11,8%-ды, ешкі бо­йынша – 0,08%-ды, жылқы бо­йынша – 1,2%-ды, түйе бо­йынша – 0,7%-ды, құс бойынша 2,9%-ды құрап отыр.

«Осы бағытты дамытуға ке­дер­гі болып тұрған бір­қатар мәселе бар. Бірін­шіден, субсидиялау кезін­де асыл тұ­қым­ды малға арналған нормативтер санаты сараланбайды. Осы­лай­ша, субсидия­лау бірінші санаттағы асыл тұқымды жан­уарлар санын кө­бейт­пейді. Бірінші санат­­тағы етті асыл тұқымды ірі қара малды та­ғайын­дау үшін моле­кулалық-ге­нети­калық са­­рап­тама негі­зін­де әкесі бойынша шығу тегін растау қажет. Бірақ асыл тұ­қым­ды мал палаталарының бұл іске қызығушылығы жоқ. Өйткені палаталар мал басына екін­ші санатты асыл тұқымды мәртебе бере отырып, асыл тұқымды мал басын көбейту арқылы палата мүшелерінен жарна жи­най­­ды және мәртебе бергені үшін қызметіне құн сұрайды. Осыған байланыс­ты елдегі екінші санаттағы асыл тұ­қымды етті ірі қара мал саны жалпы асыл тұ­қым­ды мал саны­­­ның 99%-ына жетті. Бірін­­­­ші са­нат­тағы асыл тұқым­ды мал басы­ның аз болуы экспорт бағы­тын­дағы еттің бағасына әсер етіп, сыртқы нарыққа өткі­зуге кедергі», деді спикер.

Екіншіден, отандық зерт­ха­­налардың материал­дық-тех­ни­калық базасының әлсізді­гінен ДНҚ талдаулары мен малды асыл тұ­қымды деп тану бо­йынша сапасыз зертхана­лық мәлі­мет­тер беру қаупі үл­кен. Сапасыз, күмәнді өнім­дерді әкелуді болдырмау үшін биологиялық материал­дар зерт­ханалық талдаудан өтуі керек. Сапасыз, күмәнді өнімдерді қолдануға, оның қата­рында импорттық асыл тұ­қымды өнімдерді әкелуді бол­­дырмас үшін био­ло­гиялық материал зерт­ха­на­лық талдау­дан өткені жөн. Үшіншіден, мал тұқы­мын жақсартумен және жаңа тұқым өсірумен айналыса­тын мамандандырылған асыл тұқымды шаруашылық санын көбейткен дұрыс. Төр­тін­шіден, Үкімет тарапы­нан жиі қабылданатын әкім­­шілік шектеулер шаруаларды асыл тұқымды мал шар­уашылығын дамытуға ын­та­лан­­дырмайды, өйткені түсетін пайда аз деп ой қоры­­­тады сарапшылар.