
Сурет: azattyq-ruhy.kz
Облыс жұртшылығы арасында қоғамдық пікір, наразылық туғызған оқиға 2024 жылдың 1 қазан күні түнде болған еді. Орал қаласының Тәуелсіздік және Правдухин көшелерінің қиылысында түнгі сағат 00.10 кезінде 44 жастағы жүргізуші Volkswagen Tiguan автокөлігімен бағдаршамның қызыл жарығында тұрған Mercedes көлігіне соғылған. Қатты соққыдан Mercedes алға жылжып, алдында тұрған «ВАЗ» және Skoda Rapid көліктеріне барып соққан. Жол апатынан 18 жастағы қыз бала мен 37 жастағы ер адам жарақат алғанын облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлаған еді.
Көп кешікпей-ақ жол апатына кінәлі жүргізушінің Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінде лауазымды қызмет атқаратын шенеунік екені, рөлге мас күйінде отырғаны туралы ақпарат шығып, көпшіліктің ашу-ызасын туғызды. Әлеуметтік желі оқырмандары лауазымды шенеуніктің қамауға алынбағанына, қызметінде әлі отырғанына наразылық білдіріп, «заңның күші тек қарапайым адамдарға ғана жүре ме?» деген сауал желдей есті.
17 қазан күні Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің сайтында осы оқиғаға түсінік берген ресми хабарлама шықты. Онда бұқаралық ақпарат құралдарында жағымсыз жарияланымдарға жүргізілген мониторинг барысында көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару арқылы жол қозғалысының басқа қатысушыларына зиян келтіріп, жол-көлік оқиғасына жол берген БҚО әкімі аппаратының бөлім басшысы Е.Найзабеков туралы айтылған:
«Облыстық полиция департаментінің ақпаратына сәйкес қазіргі уақытта осы құқық бұзушылықты жасау фактісі бойынша тиісті сараптамалар тағайындалған. Осылайша, аталмыш тұлғаның кінәсі туралы тиісті шешімді сот белгілейді. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңның талаптарына сай, соттың сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне қандай да бiр араласуға жол берiлмейдi және заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Сонымен қатар қызметтен тыс уақытта әдеп нормаларын сақтамағаны үшін жоғарыда аталған тұлғаның тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі сот шешімінің қорытындысы бойынша қаралады. Бұған қоса, Мемлекет басшысының 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №156 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі кеңестері туралы ережесіне сәйкес, өңірлік әдеп жөніндегі кеңес С-О-1, С-О-2, С-R-1, С-R-2, D-1, D-2, D-О-1, D-О-2, D-R-1, D-R-2, Е-1, Е-2, Е-R-1, Е-R-2 санаттарындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге, сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің аппараттарында дербес лауазымдағы әдеп жөніндегі уәкілдерге қатысты тәртіптік істерді қарайды. Осылайша, Е.Найзабековтің лауазымының санаты Әдеп жөніндегі кеңес қарайтын лауазымдар санатына жатпайтынын ескере отырып, аталған тұлғаның тәртіптік жауапкершілігі облыс әкімдігінің тәртіптік комиссиясының отырысында қаралуға жатады. Өз кезегінде Мемлекет басшысының 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары талабына сай, тәртіптік комиссияның қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді», делінген еді ресми хабарда.
Осы оқиға кезінде жарақат алған 18 жастағы Ақбота Кеңес көршілес Атырау облысының Индер ауданында туып-өскен. Қазір Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инженерлік-техникалық университетінің 4-курс студенті. Дәрігерлер қойған бастапқы диагноз – миы шайқалған, жұлын контузиясы, омыртқа жарақаты. Қызының хал-жағдайын білуге келген анасы Гүлжан Жарқынбаева жол апатына себепкер жанның лауазымды шенеунік екенін, ауруханада жатқан қызынан кешірім сұрамақ түгілі хабарласпағанын естіп, тергеушіге жолығады. «Оралда әділдік бола ма, қызым мүгедек болып қалмай ма?» деп алаңдаған анасы Ақботаны өз ауылына, Индерге алып кетеді. Қазір, міне, үш айдан бері оқуын онлайн режімде жалғастырып жатыр.
Ел ішінде «неге мас жүргізуші қамауға алынбады, неге әлі күнге қызметінде жүр, ол лауазымын пайдаланып, жазадан құтылып кетпей ме?» деген сауал көбейгені түсінікті. Бұған облыстық Ішкі істер департаменті желтоқсан айында әлеуметтік желіде мынадай жауап жариялады:
«1 қазанда Volkswagen автокөлігінің жүргізуші мас күйінде көлік тізгінін басқара отырып, жол-көлік оқиғасын жасады. Оған қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару дерегі бойынша хаттама толтырылды. Жәбірленуші жолаушының денсаулығына келтірілген жарақат дәрежесін анықтау үшін жол-көлік оқиғасы бойынша материалдар БҚО бойынша сот сараптамалары орталығына жіберілді. Жәбірленушінің толық медициналық тексеруден және сарапшыларға медициналық тексерудің нәтижесін ұсынғаннан кейін қорытынды шығарылады. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысын алғанға дейін жүргізушінің жауапқа тарту мерзімі уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар сараптама қорытындысы дайын болғаннан кейін аталған дерек бойынша заңға сәйкес шешім қабылданатынын хабарлаймыз».
Бүгінде Ақботаның анасы Г.Жарқынбаева қызының қызуы жиі көтерілетінін, мойнын, денесін ұстай алмайтынын, қол-аяғын меңгере алмай қалғанын айтады. Толық диагноз қою үшін Астанаға баруы керек, қазір портал кезегін күтіп отыр.
«Әлі күнге дейін қызыма нақты диагноз қойылған жоқ. Портал күтіп отырмыз. Енді ақылы түрде тексеруден өтпесек, болмайтын сияқты. Қылмыстық іс сотқа кетуі үшін де біздің экспертизамыздың нәтижесі керек екен. Найзабековтің қызметтен шеттетілгенін естіп жатырмын. Менің талабым – қызымның денсаулығы. Шауып жүрген қызым мүгедек болып қалмаса екен деп алаңдаймын. Қызымды баяғыдай аяғынан тік тұрғызып беруін талап етемін», дейді Г.Жарқынбаева.
Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ернар Сұлтанғалиев жол апатына кінәлі Volkswagen Tiguan автокөлігінің айып тұрағында тұрғанын, полиция іс қозғау мақсатында зардап шеккен адамның денсаулығына қатысты сот-медициналық сараптама нәтижесін күтіп отырғанын айтады.
«Егер жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шегушіге сот-сараптама қорытындысына сәйкес орта және ауыр дене жарақаты келтірілген болса, кінәлі адам Қылмыстық Кодекстің 345-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», дейді Е.Сұлтанғалиев.
Міне, сол бір оқиға болғалы үш айдан асып барады. Көпшілік мас күйінде көлік рөліне отырған, жазықсыз бойжеткеннің қапияда жарақат алуына себеп болған бұрынғы шенеуніктің лайықты жазасын алуын күтіп жүр. Біз де бұл оқиғаның немен аяқталарынан көз жазбай, оқырманды хабардар етеміз.
Батыс Қазақстан облысы