Іс-шараға Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі Гүлшара Әбдіқалықова, Bilim Foundation корпоративтік қорының президенті Ерлан Айтмұхамбет қатысты. Жоба «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен және Bilim Foundation ұйымдастыруымен жүзеге асып келеді. Bilim Foundation қорының президенті Ерлан Айтмұхамбеттің айтуынша, қазіргі таңда бағдарлама аясында мыңнан аса маңғыстаулық жас білім алып жатыр.
«Жарқын Болашақ» бағдарламасы Қазақстанның адами капиталын дамытуға ықпал етіп, жастардың болашағын жарқын етуді көздейді. Бағдарлама жастардың адал, білімді, танымы кең және кәсіби білікті маман болып қалыптасуына ықпал етеді деп сенеміз, дейді Ерлан Айтмұхамбет.
Бағдарламаға 12-22 жас аралығындағы Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия, Мұнайлы, Бейнеу аудандарының жастары қатыса алады. Жастар Қазақстанның үздік оқу орындарында тегін білім алып, жатақханамен қамтылады. Сонымен қатар жоғарылатылған шәкіртақыға және белгіленген мөлшерде жол шығындарын өтейтін ақыға ие бола алады. Бұдан бөлек грант иегерлеріне менторлық және психологиялық қолдау көрсетіледі.
«Мен Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіби-педагогикалық колледжінің екінші курсында «жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Тегін білім мен шәкіртақыдан бөлек, бағдарлама өмірімді түбегейлі өзгертуге мүмкіндік берді. Білімімді жетілдіріп қана қоймай, өзімді спортта, өнерде және дебатта байқап көрдім. Алдағы уақытта білікті маман болып, еліме қызмет еткім келеді», дейді грант иегері Ақтай Халдавлетов.