Қоғам • 21 Қаңтар, 2025

Басты мақсат – жұмысшы мәртебесін көтеру

100 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі республикалық комиссияның бірінші отырысы өтті. Республикалық және өңірлік деңгейдегі іс-шаралар жоспары қаралды.

Басты мақсат – жұмысшы мәртебесін көтеру

Сурет: freepik.com

Жалпы, жоспар 70 қадамнан тұратын 7 негізгі бағытты қамтиды. Оның негізін­де 20 аймақтық бастама белгілен­ді. Олар­дың аясында жұмысшы маман­дық­тарды даярлау жүйесін жетілдіру, мектеп оқу­шыларына кәсіптік бағдар беру, жұмыс берушілерді ортақ іске қатыстыру секілді әрекеттер қарастырылған.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан биыл елімізде 12 ірі республи­ка­лық және халықаралық шара ұйым­дас­тыры­латынын баяндады. Олардың алғашқысы ақпан айында елордада өтпек. «EXPO» көрме орталығында «Жұ­мыс­шы мамандықтары қаласы» атты бірегей фестиваль жоспарланған. 5 күн­дік іс-ша­ра­да болашақ мамандықтар, иннова­циялық технологияларды көрсете отырып, жұмысшы мамандықтардың әлеуетін паш ету көзделген. Фестивальде экономиканың нақты секторындағы сұранысқа ие бағыттарға арналған павильондар жұмыс істемек. Оған барлық өңірдегі ірі кәсіпорындар, салалық одақтар жұмылдырылады.

Сондай-ақ отырыста «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Жұмыс­­шы мамандықтары жылы аясында атқаратын шаралары мен алдағы жос­парлары қарастырылды. Оған тиесілі компаниялар тобында 255 мыңнан аса адам қызмет атқарады, олардың 190 мыңға жуығы – жұмысшы маман­дық өкілдері. Әлі де 5 мың мама­нға сұраныс бар. Сондықтан оқу орын­дары­мен дуалды оқыту жөніндегі келісім­дер, бос орындар жәрмеңкелері, жас маман­дарды дамыту бойынша бағдарлама­ларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

«Самұрық-Қазына» АҚ 2032 жылға дейін 46 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның аясында жалпы саны 64 мыңнан аса жұмыс орны құрылады. Акционерлік қоғам жұмысшы мамандарды әзірлеуге атсалысуға мүдделі.

Салалық министрліктің ұсынған шаралар тізбегінде Орталық Азия елдері өкілдерінің қатысуымен ІС3 халықаралық форумы, республикалық Innovation хакатоны, сондай-ақ алғаш рет Ақтау қаласында TURKICSKILLS кәсіптік шеберлік чемпио­наты да бар.

Сонымен қатар комиссия назарына ірі кәсіпорындардың Жұмысшы маман­дықтары жылы аясында жоспарлаған іс-шаралары да ұсынылды. ERG, Allur Group компанияларының өкілдері сала­лық оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынасы, жұмысшыларға көрсетілетін әлеу­меттік қолдау шаралары, алдағы уа­қыт­тағы жос­парлары туралы баяндады.

«Ең негізгі мақсат – жұмысшы маман­дардың мәртебесі мен беделін көтеру екенін ұмытпаған жөн. Бұл ретте барлық мүдделі мемлекеттік органдар, жергілік­ті әкімдіктер, кәсіпорындар мен маман даярлайтын оқу орындарының үйлесімді жұмысы маңызды. Сондықтан жоспарда көрсетілген шаралардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын», деді Т.Дүйсенова.

Вице-премьер жұмысшы мамандар­дың мәртебесі мен беделін көтеру ісі тек бір жылмен шектелмейтініне баса мән беріп, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жүргізілетінін айтты.

Комиссияның кезекті отырыстары көшпелі форматта ай сайын өткізілмек. Онда жоспарға сәйкес атқарылған шаралар сараланып, тиісті нәтиже шығарылып отырады.