Басылым • 22 Қаңтар, 2025

Қара қылды қақ жарған

87 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда облыс орталығында белгілі қаламгер, Президент сыйлығының лау­реаты Айтбай Сәулебектің «Толғауы терең Тоқсан би» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Автордың бұл еңбегі – Солтүстік Қазақстан өңірінен жазған 5-кітабы. Бұған дейін «Ұлы Мағжан елінде», «Тайынша тарихы», «Тәуелсіздік сақшылары», «Ақындардың атасы» (Шал ақын ауданынан) кітаптарын шығарды.

Қара қылды қақ жарған

Тұсаукесерге заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Жақып, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембаев, белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет, Омбы қаласындағы Қазақ мәдениеті Сібір орталығының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жүнісова, Омбы қаласының құрметті азаматы Бота Сәрсенбаев, Омбы облысы ардагерлер ұйымының төрағасы Қайыргелді Қозкин, Түмен облысындағы Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ыбыраев сияқты азаматтар қатысты. Облыс әкімінің атынан құттықтау сөз жолданып, сондай-ақ Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау және олардың есімдерін жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның үйлестірушісі, республикалық «Қаһармандар» қорының төрағасы Сабыр Қасымов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдин онлайн қатысып, ойларын ортаға салды.

Қазақ даласында билер институтының атқарған рөлі зор. Егер батыр елді сыртқы жаудан қорғаса, би ішкі тартыстар мен текетірестерді реттеп, жер дауы, жесір дауы сияқты әлеуметтік таластардан өрбіген ру аралық, тайпааралық, жеке адамдар арасындағы даудың бәрін реттеп отырған. Тіпті ханға, сұлтанға, ру басыларына барған даулардың шешімін де билер айтатын болған. Сондықтан қазақ қоғамында атаның балаға берген үлкен батасының бір «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деп айтылады. Кейде үлкен дауларда таласушы тараптардың билері сөз сайысына түсіп, қазіргі адвокаттар сияқты өз жағының дұрыстығын дәлелдеп бағады. Екі жақ жеңісе алмаса, елге әділеттігімен танымал болған үшінші биді «төбе би» сайлап, соған жүгінеді. Төбе би өзіне көмекшілер алып, солардың көмегімен екі жақ дауының басы мен жалғасын зерттеп, өзінің төрелігін береді. Тоқсан би көбінесе осындай «төбе билікке» таңдалып отырған.

1822 жылғы хандықты жойған реформаға дейін биді ешкім дауыс беріп, сайламаған. Оларды халықтың өзі тауы­п, дауласқан екі жақ өз келісімдерімен жүгінетін болған. Би атақты халықтан әділдігімен алып, адал билік айта беретін болған. Алда-жалда жаңылысып, туысқанына, танысына, досына бұрса, ондай адамға ешкім сенім білдірмеген. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Әрине, атасы, әкесі би болса, ұрпағы да би болып, асыл қасиет жалғаса беретін жайлар көп. Тоқсан бидің атасы Қараби де, әкесі Жабай да би болған. Хан-сұлтандар атақты билерді өзінің беделін көтеру үшін ірі дауларды соларға шешкізіп отырған. Ел аузынан жеткен әңгімелерге қарағанда Қараби – Абылай ханның оң тізесін баса отырған ордалы билерінің бірі. Оның баласы Жабай би әрі батыр болған, ал ұрпақтары Сексен – батыр, ал Тоқсаны би атанған.

Тоқсан ХVІІІ ғасырдың ортасынан ауа ХІХ ғасырдың орта кезінде өмір сүрген. Бұл уақытта әлі отаршылардың құрығы ұзара қоймаған, билер институтының беделі жоғары тұрған кез. Жеріне сұғынса да, елдің билігін өзіне қалдырып, халық ішіндегі дау-дамайға отарлаушылар көп араласпаған. Осы аралықта Тоқсан бидің атағы аспандап, есімі алты Алашқа танылады. Оған ел ішіндегі дауларға төрелік беруді өтініп, айшылық алыс жерлерден ат терлетіп келетіндер көп болған. «Томашадай Тоқсан би» атанған ол сол даулардың шешімін тауып, халықты ырза қылған. Сол­түстік қазақтары арасынан шығып, бүкіл қазақ даласына өзінің қара қылды қақ жарған әділеттігімен, тауып айтатын шешендігімен танылып, ел бірлігін сақ­тауға, қандастарымыздың тату, бейбіт өмір сүруін жақтауға үлес қосқан осындай атақты бабамыздың өмірі мен қызметін зерттеп, ел аузынан жиналған деректерді топтастырып, жинақ шығарған авторға сөйлеген адамдардың бәрі ризашылығын білдірді.

Ал кейін патша өкіметінің құрығы ұзарып, елдегі дау-дамайға билік айтуды халық қалаған емес, аға сұлтан, болыстар тағайындаған билер айтатын болғанда Тоқсан биліктен бас тартқан. Өйткені бидің үстінде билеуші тұрса, ондай жерде әділетті шешім айтылмасын ол білген. Мысалы, аға сұлтанның заседателі, кейін болыс болған Табей Тоқсанға би болыңыз деп жалынғанда да бас тартқан екен.

 

Петропавл 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15