
Іс-шараға қатысқан Қарулы күштер Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев әскердегі қауіпсіздікті арттырудың және әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жайттармен күрестің маңыздылығы жайында әңгімеледі.
«Әскери қызметшілердің қаза болуының әрбір жағдайын қылмыстық қудалау органдары мұқият тексереді, сондай-ақ қайғылы жағдайдың себептерін анықтау үшін шешім қабылданады. Әрине, біз мұндай жағдайдың арагідік бар екенін білеміз және мәселені шешудің жолдарын іздейміз. Біз қатер төндіретін жайттардың алдын алу, барлық әскери қызметші үшін қолайлы жағдай жасау үшін белсенді жұмыс істеп жатырмыз», деді ол.
Құрлық әскерлері – армиямыздағы адам саны ең көп жауынгерлік құрам. Олар әскери техниканы пайдалану, оқу-жаттығуларға қатысу, атыс жүргізу және басқа да міндеттемелерді орындайтындықтан, қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударуды талап етеді. М.Көшекбаев әсіресе мерзімді әскери қызметшілерді даярлауда тек сабақ оқыту емес, ең алдымен олардың денсаулығы мен өміріне қатер төндірер жағдайлардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Сонымен қатар оларды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеу де – қолбасшылық алдында тұрған міндеттің бірі.
«Жыл сайын біз арқылы азаматтық қоғамда сұранысқа ие және тапшы жұмысшы мамандықтары бойынша дайындығы жоғары мыңдаған бала оқып шығады. Олар – шынжыр табанды және дөңгелекті техниканы пайдалану жөніндегі мамандар, газ-электрмен дәнекерлеушілер, краншылар, байланысшылар, т.б.», деп атап өтті ол.
Брифинг барысында генерал-майор жас сарбаздардың әскерге алғаш келген уақыттағы жаңа өмірге бейімделуі мен жауынгер ретінде қалыптасу үрдісі туралы да әңгімеледі. Оның айтуынша, әскердегі қызмет – Отан алдындағы міндет қана емес, сонымен қатар әрбір сарбаз үшін үлкен әлеуметтік сынақ. Бұл ауыр физикалық және психоэмоциялық стресстермен байланысты. Қызмет барысында әскери қызметшілер қарауылдарға, нарядтарға түсіп, жауынгерлік даярлық іс-шараларына қатысады. Сол себепті көптеген әскери қызметші отбасы мен қоғамнан оқшаулануға байланысты бейімделу қиындықтарына тап болып, бұл олардың моральдық-психологиялық жағдайына да әсер етеді. Сондықтан олардың қызметке деген дайындығы өте маңызды.
«Бірінші күні олармен жеке әңгімелесу өткізіледі, нені қалайтыны, қандай қажеттілігі бары тексеріледі, соған сәйкес шешім қабылданады. Психологтер жұмыс істейді. Әрқайсысына тәлімгер бекітіліп, «Жауынгерлік дос» жүйесі бойынша әріптестер айқындалады. Әскери бөлім орындайтын міндеттердің сипаты мен ерекшелігі жайында ақпарат беріліп, қауіпсіздік шаралары түсіндіріледі», деді Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы.
Айта кетсек, мерзімді әскери қызмет барысында «Жас жауынгер курсы» бағдарламасы бойынша сарбазды әскери ғылымдарға бастапқы даярлау сабақтары өткізіліп, әр сарбаздың моральдық-психологиялық жай-күйі мен қызмет өткеруге дайындығы зерделенеді. Қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жауапты офицерлердің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылып, құқық қорғау органдарының қатысуымен профилактикалық дене тексеру жүргізіледі.
Генерал-майор М.Көшекбаев әскери полиция жасақтарымен, сарбаз аналары комитетімен және әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен өзара жұмыс жүйесі ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. Мерзімді әскери қызметшілерге туыстарымен байланыста болуға мүмкіндік беретін «Отбасымен бейнеқоңырау» жобасы бар. Әр сарбаз аптасына бір рет жақын адамдарымен бейнебайланысқа шығады, сонымен қатар күн сайын телефон арқылы бос уақытында үйіне қоңырау шала алады.
Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы өзіне бағынышты құрылымдағы әрбір жарғыдан тыс қарым-қатынас оқиғасын Қорғаныс министрілігіне бағынбайтын қылмыстық қудалау органдары тексеретінін, армияда саламатты орта қалыптастыру мақсатында мұндай жағдайлардың қайталануын болдырмауға бағытталған шаралар қабылдайтынын атап өтті.