
Steam құрылтайшысы Эльвира Шырымбаева – ерекше баланың анасы ретінде тығырықтан шығудың жолын іздей жүріп, осы жолда мол тәжірибе жинаған кәсіби маман. Оның айтуынша, мектептің инклюзия бағытындағы оқыту әдістемесі біріншіден, оқушылардың тұлғалық қасиетін дамытуға бағытталған.
– Ерекше қажеттіліктері бар балалардың дамуына қолайлы орта құру – менің өмірлік миссияма айналды әрі бұл жолға келуіме өз баламның тағдыры әсер етті. Ұлым зейіннің тапшылығы және гиперактивтілік бұзылысы (СДВГ) диагнозымен өсті, осы жағдайдың барлық қиыншылықтарын отбасымызбен бастан кешіп келдік. Зейіннің тапшылығы және гиперактивтілік бұзылысы – тек медициналық емес, баланың әлеуметтік және эмоционалды жағдайына да әсер ететін күрделі жағдай. Емдетудің жолын іздеп, салдарын зерттеуде баламның оқу үлгеріміне, қарым-қатынасы мен өзін-өзі бағалауына ерекше тәсілдер қажет болды. Бұл оның әлеміне тереңірек бойлап, инклюзивті әдістерді зерттеуге итермеледі. Осы зерттеулердің нәтижесінде инклюзия әдіснамасын өз отбасыма ғана емес, өзгелерге де қолжетімді ету қажеттігін түсіндім. Қазіргі кезде мектеп ұжымы құндылықтарға негізделген заманауи әдістердің нәтижесінде барлық баланың жүрегіне жол тауып келеді, – дейді Эльвира Амангелдіқызы.
Эльвира Шырымбаева 1996 жылы Шет тілдер институтын тәмамдап, еңбек жолын ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. Осы уақыт ішінде ол тіл маманы ретінде мол тәжірибе жинақтап, Ұлыбританияда білімін жетілдірді. Педагогика және психология курстарынан өтіп, білім беру саласында жинаған терең теориялық және практикалық білімінің нәтижесінде жекеменшік рекрутинг компаниясын ашып, жұмысын жолға қойды.
Өзінің ұзақ жылдардағы алға қойған мақсатына орай білім беру идеясын іске асырып, осыдан бес жыл бұрын Steam мектеп-лицейін ашқан білікті басшы оқу бағдарламасында инклюзия әдістемесін қолданудың ерекшелігін атап өтті. Соған сай оқыту барысында әр баланың жеке қабілеті мен мүмкіндігі ескеріледі. Қазіргі кезде мектепте ерекше қажеттіліктері бар балалардың да, стандартты бағдарламамен оқитын оқушылардың да бірдей құқығы мен мүмкіндігі бар орта қалыптасқан. Мұнда әр бала жеке тұлға ретінде қабылданады әрі олардың дамуы үшін оңтайлы жағдайлар қарыстырылған.
«Егер де әрбір балаға дұрыс бағыт және қолдау көрсетілетін болса, әлеуетінің шексіз екенін көреміз. Олар мектепті тек оқыту орны ғана емес, өзіне түсіністікпен қарауды үйрететін отбасынан кейінгі екінші үйіндей сезінеді. Біз академиялық біліммен ғана шектелмейміз, балалардың эмоционалды интеллектісін дамытуға және әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға да ерекше мән беріп отырмыз», дейді оқыту әдістемесімен таныстырып өткен Эльвира Амангелдіқызы.
Аз-кем таныстықтан соң мектеп жұмысының негізінде үлкен бір арман-мақсаттың жатқанын аңғардық. Бұл жолда білікті басшының жеке өмірлік, отбасылық тәжірибесін кәсіби жобалармен тиімді үйлестіріп отырғаны анық аңғарылады. Ол ата-аналар мен балалардың инклюзивті ортада қолдау табуы және болашағына зор сенім қалыптастыратын орта құрумен тығыз байланысты. – Егер өмір тарихым, істеген ісім басқа отбасыларға демеу болып жатса, бұл менің ең үлкен жеңісім болмақ, – дейді ол.
2020–2024 жылдар аралығында Америка, Ұлыбритания, Бельгия, Швеция елдерінің беделді сарапшыларымен тығыз жұмыс істеген мектеп ұжымы тәжірибе алмасу нәтижесінде көптеген оқушы мен олардың ата-аналарына көмектесіп, білім берудің инклюзиялық жүйесін енгізді.
«Бұл ізденістердің нәтижесінде білім беру сапасын халықаралық талаптарға сәйкес жетілдірдік. Соның арқасында бүгінгі таңда мектебіміз Ұлыбританияның «Flagship inclusion scнооl» мәртебесін алу үміткерлері қатарына енді. Британия сарапшылары тексеріп, инклюзивті білім беру жүйесін жүзеге асыруға қойылған стандарттардың талаптарына мектебіміздің қаншалықты сәйкес келетіндігін бағалады. Осы 5 жыл ішінде оқушыларымызды бөліп-жармай, барлығын теңдей қабылдайтын таза психологиялық экожүйе қалыптастыра алдық. Бұл орта балалардың ерекшелігін құрметтеуге және барлық қажеттіліктеріне жауап беруге негізделген. Мақсатымыз – әр балаға қолайлы, түсіністікке негізделген білім беру ортасын қалыптастыру дейтін болсам, бұл жүйе тек балалар үшін ғана емес, ата-аналар мен қоғам үшін де жаңа мүмкіндік ашып отыр. Халықаралық мәртебеге қол жеткізу арқылы біз инклюзия саласында әлемдік тәжірибеге үлес қосуға ниеттіміз», дейді алдағы жоспарларымен бөліскен білікті басшы.
Қазіргі кезде мектепте бірнеше инновациялық жоба іске асып жатыр. Соның бірі – «Біздің ауыл» жобасы. Осы орайда жастайынан ұлттық салт-дәстүрге қанығып өсіп, қазақ халқының бай мұрасын өскелең ұрпақ бойына сіңіру бағытындағы жобаларды жолға қойған Эльвира Амангелдіқызы былай дейді: «Бұл бастама балаларды ауыл шаруашылығы дағдыларына үйретіп, табиғатпен үндес болуға тәрбиелейді. Жоба аясында оқушылар өз қолдарымен өсімдіктер отырғызып, оларды күтіп-баптауды үйренеді. Осылайша, балалар жерге деген құрмет пен еңбекқорлықты меңгереді, сондай-ақ қазақ халқының мәдениеті, дәстүрімен тереңірек танысады. Бұл жоба тек білім беру ғана емес, олардың бойында экологиялық сана мен әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары арнайы бекітілген кестемен табиғат аясында серуендеп, атқа мініп, ұлттық ойындарға машықтанып, қыста шаңғы тебумен де шұғылданып жүр. Мұнымен қоса тарихымызды дәріптеу мақсатында «Тайқазанның таңғажайып тарихы» жобасы тұрақты іске асып келеді. Оның барысында бастауыш сынып оқушылары мюзикл қойып, өнерлерін тәнті етіп жүр.
Былтыр «Global Executive MBA» бағдарламасына оқуға қабылданып, басқару мен стратегия саласындағы білімін одан әрі жетілдірген Эльвира Амангелдіқызы тәжірибесі мен білім саласындағы инновациялық көзқарасын оқушылар мен қоғам үшін маңызды жобалар жасауға бағыттап отыр. Нәтижесінде, кейінгі бес жылда мектепте 150-ден астам оқушы білім алып, 40-тан астам балаға арнайы академиялық және психологиялық қолдау көрсетілген. Бұл қолдау толықтай мектептің басты миссиясына және философиясына сәйкес жүзеге асып, әр балаға жеке назар аударылып, дамуына оңтайлы жағдай жасалды.
Мектептің басты мақсаты әр балаға олардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып білім беру дейтін болсақ, бұл миссия барысында іске асып жатқан инклюзия бағдарламасы оларды білім беру үрдісінен шеттетпеуді көздейді. Осы ретте академиялық және психологиялық көмек көрсету арқылы олардың қажеттіліктеріне толығымен сәйкес келетін оқу жоспары әзірленген. Мектепте іске асқан жобалар мен бағдарламалар әрбір баланың даму жолындағы кедергілерді жоюға және олардың қоғамға бейімдеуге ықпал етіп жатқандығы ата-аналармен арадағы түсініктіктен байқалады. Осы орайда мектептің ұстанымына құрметпен қарайтын ата-аналарға ризашылығын білдірген Эльвира Амангелдіқызы әр баланың шағын ғана ортада өз орнын тауып, ертеңгі күні үлкен әлемге сенімді қадам басуында табандылықпен, жоғары кәсібилікпен еңбек етіп жатқан мұғалімдердің де еңбегі ерен екендігін атап өтті. Олардың өз ісіне берілген маман ретіндегі тәжірибесі оқушылардың өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Енді мектеп ұжымы инклюзия методологиясын жүйелеп, еліміз өңірлері бойынша бөлісуді мақсат етіп отыр.
Инклюзия – қоғам болып әрекет ететін орта. Көптеген шетел тәжірибесінен тәлім алып, ағылшын тілін білгенінің арқасында ауқымды материалдарды оқып, еңбектермен таныса жүріп, оны инклюзия саласында қолданудың өзіндік жолын таба білген білікті басшы ерекше бала тәрбиелей отырып, мектеп ашуға дейінгі күрделі жолдан өтті. Ол осы жолда әкесі, марқұм анасы, отбасы, ата-енесі, туған-туыстарының қолдауы зор екендігіне ерекше тоқталып өтті.
«Жалпы ұжым, ата-аналар, оқушыларға шынайы әрі қолайлы экожүйені қамтамасыз ету үшін құрылтайшының жоғары кәсібилігі мен сараптамалық деңгейі өте маңызды. Бұл жүйенің тиімді жұмыс істеуі үшін мектепті басқарушы тұлғаның терең білімі мен тәжірибесі болуы керек. Себебі инклюзивті білім беру жүйесі жауапкершілік пен шынайы көзқарасты талап етеді. Бүгінде оқушылардың мектепке күнделікті асыға жететінінің куәсі болып жүрміз. Көптеген шетелдің білім көшбасшыларымен жұмыста «егер бала мектепке асығып, сағынып келсе, сіздің жұмысыңыздың нәтижелі болғаны» деп айтқандары бірте-бірте орындалып келе жатқандай. Ең бастысы ерекше балалардың өз ортасынан түртпек көрмей, қоғаммен әлеуметтеніп кетуі маңыздырақ», дейді Эльвира Шырымбаева.
Қазіргі кезде мектепте заманауи жабдықталған сенсорлық кабинет жұмыс істеп тұр. Санкт-Петербордан әкелінген құрал-жабдықтармен жұмыс істейтін кәсіби дәрігер мамандар физикалық емдеу кабинетінде балалардың зейінін ашып, білімге құлшынысын оятуда, белгілі бір пәнге икемдеу мақсатында жүйке жұмысын жақсартуға арналған әдістерді, йога тәсілдерді қолданады. Дүниетану, сурет салу, әдебиет сияқты пәндердің табиғат аясында өтуі де балалардың назарын білімге аударуға ықпал етіп жатыр.
Ерекше балаларға ерекше білім беруді мақсат еткен білікті басшы осы жолда өзінің де, ұжымның да біліктілігін арттырып отыруға үлкен мән беретінін айтады. Өкінішке қарай, елімізде инклюзия саласында тәжірибесі мол, кәсіби мамандар аз. Осы орайда педагогикалық кадрлар даярлайтын колледждер, жоғары оқу орындары ерекше балаларды оқытып жатқан мектептермен тығыз байланыс орнатқаны абзал.
АЛМАТЫ