
Мемлекеттік тетіктерді тиімді пайдаланып, диқандарға, шаруаларға тиісті қолдау көрсету, ауыл шаруашылығы бойынша бекітілген индикаторларды орындау өте маңызды. Облыста көктемгі дала жұмыстарына 61,5 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармайға қажеттілік анықталып отыр. Босату жұмыстары ақпан айынан басталады. Тауар өндірушілерде жаздық дақылдардың қажетті тұқым көлемі жеткілікті. Минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 7 млрд теңге қарастырылған. Отандық тыңайтқыш өндіруші «ҚазАзот» АҚ, «Қазфосфат» ЖШС-мен облысқа жеткізілетін қажетті тыңайтқыш көлемі келісілген.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері қаралған мәжілісте облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді. Бекітілген индикаторды орындамаған басшыларға сын-ескертпе айтып, жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ әрбір ауданның ерекшелігіне сай шаруашылықты дамытып, өнімділікті арттыру, инвестиция тарту жұмысын күшейту жүктелді. Облыс әкімдігінің мәліметіне қарағанда, көктемгі дала жұмыстарын несиелендіруге 13 млрд теңгеге өтініш берілген. Бүгінде 4 млрд теңгеге өтінім қабылданып, 2 млрд теңгені құрайтын жобалар мақұлданған, қаржыландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда облыстың егістік алқаптарында 51% жер айдалды. Дала жұмыстарына қолданыстағы 25 мың техника жұмылдырылады. Өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарында 12 мың трактор, мың дән сепкіш, 554 соқа, мың қопсытқыш құралдары бар. Техниканың 98 пайызы дала жұмыстарына дайын. Өткен жылы мемлекеттік қолдаулардың тұрақты көрсетілуінің нәтижесінде, ауыл шаруашылығы техникалары 6,3%-ға жаңарды.
Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осы бағытқа инвестиция тарту, терең өңдеу ісін ширатып, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту басты бағыт ретінде аталып отырған өңірде өткен жылы жалпы өнім көлемі 1,1 трлн теңге болған. Агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 146,1 млрд теңге тартылған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әлібек Плаловтың айтуынша, егіс құрылымын қалыптастыруда рентабельділігі жоғары дақылдарға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, мақта 31 мың гектарға, дәнді дақылдар 3 мың гектарға, майлы дақылдар 2 мың гектарға артығымен орналастырылады. Бақша дақылдары 8 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 6 мың гектарға қысқартылмақ. Өңірде ауыл шаруашылығы саласын 7 бағытта дамыту жоспары бекітілді. Біріншіден, ауыл шаруашылығы дақылдардың өнімділігін арттыру көзделген. Егіс көлемі 37 мың гектарға артып, 906,2 мың гектарды құрайтын болады. Егістікті әртараптандыру арқылы өнімділікті жаңа технология әдісімен ұлғайту мақсатында биыл 58 мың гектар жерге мақта егіледі. Тәжірибе көрсеткендей, технологияның тиімділігі – суды, минералды тыңайтқыштарды, жұмыс күшін үнемдей отырып, кемінде 60 центнерден, яғни орташа көрсеткіштен 2,5 есе жоғары өнім алуға болады. Екіншіден, мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жалғасады. Үшіншіден, жаңадан 47 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізіледі. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы техникалары паркі жаңартылады. Салаға жалпы құны 155 млрд теңге тартылып, 35 жоба іске асырылады. Оның ішінде 7 қайта өңдеу кәсіпорны ашылады.
«Ауыл аманаты» жобасын кооперацияға бағдарлау шарасы жалғасады. 2025 жылдың алғашқы кезеңіне 7,4 млрд теңге бөлініп, жаңадан 62 кооператив құру жоспарланып отыр. Сонымен бірге облыста су нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Өткен жылы құрылған 62 кооперативтің 37-сі қаржыландырылып, нәтижесінде, 23 кооператив қызмет көрсетуге қажетті техникалар сатып алса, 14 кооператив қайта өңдеу цехтарын іске қосты. Тұрақты жұмыспен 148 азамат қамтамасыз етілді.
Биыл су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру бойынша
І кезеңге 14 жоба ұсынылып, 166 шақырым су арнасын бетонмен қаптау көзделіп отыр. Жоба толық іске асқан жағдайда іргелес жатқан 53,3 мың гектар жерге ағын су жеткізу жақсарады. Осы орайда айта кетелік, Мақтаарал ауданының индустриялық аймағында тамшылатып суаруға қажетті құрал-жабдықтарды, тұқымдық шитті өндіретін «BEGASH» ЖШС-ға қарасты қос бірдей зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Тамшылатып суару таспасын шығаратын зауыттың құны 1,5 млрд теңгені құрап, 25 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтиды. Құны 1,5 млрд теңге мақта тұқымын өңдеу зауыты 17 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін болады. Екі жоба да 2025 жылы іске қосылады деп межеленген. Мақтаарал ауданының индустриялық аймағының жалпы жер көлемі 24,2 гектарды құрап, қазіргі таңда жалпы 5,45 млрд теңге көлемінде 4 инвестициялық жоба іске асырылған. Алдағы уақытта 2 млрд теңге көлемінде тағы 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, биыл іске қосылады.
Өңірде мақсатсыз пайдаланылып жатқан жерді қайтару ісі де жүйелі жүргізіліп келеді. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, өңірдегі жер қоры – 11 млн 610,3 мың гектар. Былтыр облыс көлемінде 70,9 мың гектар жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды. Алдыңғы жылдың басында жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектар еді, атқарылған жұмыстар нәтижесінде бұл көрсеткіш төмендеп, өткен жылы 608 мың гектар болды.
Түркістан облысы