Кино • 25 Қаңтар, 2025

Отандық он фильм

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Ұлттық кино орталығының қолдауымен он жаңа фильм прокатқа шығады. Аталған туындылар жас ұрпақтың тәрбиесіне оң ықпал ететін, көрерменге ой салатын құнды идеяларға құрылған.

Отандық он фильм

Сурет: russian.eurasianet.org

Атап айтсақ, 2011 жылы Тараздағы террактіде қаза тапқан Ғазиз Байтасовқа арналған «Капитан Байтасов» кинокартинасы бар. Сондай-ақ лудомания тақырыбын қозғайтын «Игроманка» жобасы да қоғамның кеселін ашып көрсетеді. Ал «90+1» фильмі жастардың саламатты өмір салтын ұстануға және спортқа деген құлшынысын оятады. Бұдан бөлек «Осенний бриз», «Фейковый арман», «Qaitadan», «Тезек», «Қара қыз», «Алтын адам», «Ароматное сердце» және «Әбіл» фильмдері кинотеатрларға ұсынылады.

«Кино – жай ғана өнер емес, ұлттық идеологияны қалыптастыратын құралдың бірі. Мемлекет қаржысына түсірілген кинода, ең алдымен, қоғамға қажетті құндылықтар дәріптелуге тиіс. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та киноөндірісті мәдениеттің бір бөлігі ғана емес, экономиканың жеке тармағы ретінде қарастыруды тапсырды. Киноны дамыту үшін жаңаша көзқарас, тың серпін қажеттігін алға тартты. Түсірілім барысында осы дүниелердің барлығы ескерілді. Қолға алынған жобалар көрермен көңілінен шығады деген ойдамыз», деді Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

Кино орталығы наурыз айының басында жаңа киножобалар конкурсы жарияланатынын да хабарлайды. Биыл фильм түсіруге арналған басым тақырыптар легі жарияланды. Оның ішінде ең алдымен Отанға деген сүйіспеншілік, тарих, тағылым, білім, отбасы секілді маңызды тақырыптар қамтылған. Бұған қоса жұмысшы мамандықтары мен еңбек адамдарының ерлігі де басым тақырыптар қатарында. Толық тізімін Кино орталығының ресми сайтынан көруге болады.

Айта кету керек, өткен жылы мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды іріктеу ережесіне өзге­ріс­тер енгізілген болатын. Жаңа ережеге сәйкес конкурстың бірінші кезеңінде әуелі сценарийлер қа­былданып, үздіктері сараптама кеңесінің қарауына жіберіледі. Бүгінгі есеппен қарасақ, киногерлер үшін сценарий жазу, толымды ой қорытуға 2 ай көлемінде уақыт беріліп отыр.

 

Юнус ӨЗКАН,

Қ.А.Ясауи университетінің студенті