Университет • 25 Қаңтар, 2025

Жоғары білім алуға 50 пайызға дейін жеңілдік

345 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президенттің «Келешек» ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөнін­дегі бастамасын іске асыру мақсатында мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласының ­операторы – «Қар­жы орта­лығы» мен Қ.Сәтбаев атын­дағы қазақ ұлттық техни­ка­лық зерт­теу универ­ситеті мемо­рандумға қол қойды.

Жоғары білім алуға 50 пайызға дейін жеңілдік

«Қазақстан Республи­ка­сы­ның кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регла­мент­теуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заңына сәйкес биылдан бастап 5 жасқа тол­ған балаларға біржолғы бас­­тап­қы білім беру капиталы төлене бастайды.

«Келешек» ерікті жинақ­тау жүйесі – балалар 18 жас­қа тол­ғанға дейін қаржылық ресурс­тарды тұрақты түрде жинақтауды қолдауға арналған мемлекеттің қосымша тетігі. Жастардың елде және шетелде білім алу қызметтері үшін, оның ішінде жоғары білім, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім алуда жинақ­тау жүйесіне қатысуға ата-аналар банктен депозит ашады. Сонымен бірге Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі­нің мүшесі саналатын өмірді сақтандыру компанияларымен келісімшарт жасауға тиіс. Бала 5 жасқа толған кезде мемлекет 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бастапқы білім беру капиталы бөлінеді (биыл бұл көрсеткіш 235 920 теңге), ал жетім балалар үшін 120 АЕК (471 840 теңге), сондай-ақ жыл сайын 5-7 пайыз көлемінде мемлекеттік сыйақы және де қатысушы банктің сыйақысы немесе өмірді сақтандыру компаниясы шартынан бөлінетін инвестициялық кіріс төленеді. «Келешек» жүйесінің шарты – ата-аналардың 12 немесе 24 АЕК-тен кем емес мөлшерде енгізетін жыл сайынғы міндетті жарнасы. Ал асырушысы жоқ балалар үшін жыл сайынғы жарна талап етілмейді.

«Мемлекет басшысы­ның тапсырмасын іске асыру мақсатында қолға алынған «Келешек» бірың­ғай ерікті жинақтау жүйесі балаларды 18 жасқа толғанға дейін қаржылық ресурстарды тұ­рақты түрде жинақтауды қол­дауға арналған мемлекеттің қосымша тетігі. Оның мақсаты – жастардың елімізде және шетелде білім алуын қамтамасыз ету. Меморандумға қол қою арқылы біз жастардың білім алуы мен дамуына қолайлы орта қалыптастыруға қадам жасап отырмыз. Жоғары білім алу – келешек мамандыққа бастаған жол ғана емес, сондай-ақ жастардың бойындағы әлеуеті мен қабілетін іске асыруына, еліміз дамуына өз үлесін қосуға берілген мүм­кіндік. Егер де болашақ түлек грантпен оқуға түсіп кететін болса, онда жинақтау қорындағы жинақтарына баспана ала алады. Бұл бала­лар­дың болашақта әлеу­мет­тік жағдайының жақсаруы­на да үлкен қолдау болмақ», деді «Қар­жы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимов.

Бағдарламаға қатысатын бола­шақ түлектерге елеулі же­ңіл­­­діктер қарас­тырып отыр­ған жоғары оқу орны Сәтбаев университеті «Келе­шек» ерікті жинақтау жүйесіне қатысу­шыларға 20-50 пайызға дейін жеңілдіктер ретін жариялады. Нақты айтқанда, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған талапкерлерге оқу ақысының жалпы сомасынан – 50, көпбалалы отба­сынан шыққан талапкер­лерге – 30, тұрмыс жағдайы то­лық қамтылмаған отбасынан шық­қан талапкерлерге – 25, басқа санат­тағы талапкерлерге 20 пайызға дейін жеңілдіктер беріледі.

Ректор Мейрам Бегентаев: «Келешек» бағдарламасын іске асыру – Мемлекет басшысы­ның бастамасын қолдау ғана емес, бұл ең алдымен, жастар­дың білімге қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы негізгі мақсат-мүддемізді іске асыру болып табылады. Біз техникалық білім беруді сапалы әрі қолжетімді етіп, жас­тар өмірін жақсартатын жаңа инновациялар жасауға тырысып жатырмыз. Сондықтан да бағдарламаға қатысушы­ларға қаржылық жеңілдіктер ұсына отырып, сапалы, заманауи білім алып, ғылыми қауымдастықтан өз орнын алуына қолайлы мүмкіндіктер ұсынамыз», деді ол.

Академиялық мәселелер жөніндегі проректор, техника ғылымдарының докторы, профессор Раиса Өскенбаеваның айтуынша, қазіргі кезде универсиетте білім алып жатқан 14 мың студенттің 70 пайызы грантта оқиды. Десек те, грант қарастырылмаған мамандықтар бар. Болашақ түлектер өз таңдаған бағы­тында білім алуына университет үлкен жеңілдіктер бере отырып, олардың жаңа заман маманы болуына қолай­лы жағдай туғызып отыр. «Келешек» бағдарламасы ар­қылы техника саласындағы озық мамандықтарды игеруге мүмкіндік алуымен қатар, жинақтау қорындағы қар­жысын баспана жағдайын жақсартуға, шетел оқу орындарына түсуге де пайдалана алады. Ал мемлекеттік білім беру грантына ие бола алмаған жағдайда «Келешек» бағдарламасы бойынша жалпы оқу құнының жартысын жинақтай алған талапкерлер Сәтбаев уни­вер­­­ситетіне оқуға түскен кезде арнайы жеңілдіктерге ие болады.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше