Қоғам • 25 Қаңтар, 2025

Сөреде тұрмаса да, сұрағанға табылады...

172 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жылдың 20 маусымда вейптерді елге әкелуге, өндіруге, сатуға, таратуға заңмен тыйым салатын заң нормалары күшіне енді. Заңға бағынбай, мұндай өнімдерді саудалағандарға жаза қарастырылған. Соған қарамастан, жастар арасында вейптерді заңсыз саудалайтындар тыйылмай тұр.

Сөреде тұрмаса да, сұрағанға табылады...

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Өскелең ұрпақтың ойын онға, сана­сын санға бөліп, сансырататын бүлдіргі ақпараттар мен денсаулыққа зиянды дүниелер жеткілікті. Соның бірі – вейптер. «Вейпсіз жастық шақ» әлеуметтік жобасы аясында жасөспірімдер 21 жас­қа дейінгілер арасында вейпингті ауыз­дық­тауға бағытталған негізгі іс-шаралар қо­ры­тындыланды. Жоба «Қазақ­станның ба­ла­­лар қоры» ҚҚ бастамасы­мен Астана, Алма­ты, Қара­ғанды, Өскемен, Шымкент қала­ла­рын­да Ішкі істер министр­лігі­нің, Балалар­дың құ­қық­та­рын қорғау коми­тетінің, Білім ми­нистр­лі­гіне қа­расты Респуб­ли­калық қо­сым­ша білім беру оқу-әдістемелік орталы­ғы­ның қол­да­уымен жү­зе­ге асырылды.

Ресми деректерге сүйенсек, полиция мен бала құқықтары жөнін­дегі өңірлік уәкілдер вейп-шоптарды 98 рет тексеріп, 21 жасқа толмағандарға вейптерді сату талаптарын бұзған адамдарға қат­ысты 42 әкімшілік хаттама толтырылған. Білім беру меке­ме­лерінде вей­пингтің зияны туралы 48 семинар, ақпараттық кездесулер ұйым­дас­тырылған. Мұғалімдерге, ата-аналар мен сатушыларға, 4208 арнаулы вейпшоп пен сауда нүктелеріне 19590 шақты ескертпе таратылған.

Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшесі Қуат Рахымбердин Шығыс Қазақстан облысында «Вейпсіз жастық шақ» жобасы жастарды, педагогтер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін бір мақсатқа жұмылдыра алғанын мысалға келтірді.

Адам құқықтары мен заңды­лықты сақтау жөніндегі Қазақстан Халықаралық бюросы Оңтүстік Қазақстан филиалының директоры, жобаның Шымкент қаласындағы үйлестірушісі Әділ Сейітқазиев жоба арқылы жасөспірімдер, ата-аналар мен тәрбиешілер вейптердің зия­ны туралы нақты хабардар етіп, сауда нүкте­ле­рінің сатушыларына, вейптерді сату, тарату әре­кет­тері жазаланатыны жөніндегі ақпаратты жеткізу маңызды болғанын атап өтті.

Дегенмен, әлі оң-солын толық танып үлгер­меген жас ұрпақтың бойында саламатты өмір салтын қалыптастыруға қа­жет­ті осындай қадамдар тұрақты жасалып жат­қа­нына қарамастан, бұл салада қоғамды қын­жыл­та­тын, ойландыратын оқиғалар тыйылмай отыр.

«Вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға, тара­туға тыйым салын­ға­нымен, жасөспірімдер арасындағы вей­пинг мәселесі толығымен шешілген жоқ, тек бетпердесін өзгерт­ті. Вейптерге тыйым салын­ғаннан кейін заңсыз сауда көздерін анықтау мақсатында танымал интернет-алаңдар зерттелді. Елдегі вейп өнімдерінің сауда-саттығы OLX-те, Telegram мен Instagram сияқты әлеуметтік желілерде қызып жатқаны анықталды», дейді «Қазақстанның балалар қоры» ҚҚ ­директоры, Халықаралық балалар қорлары қауымдастығының вице-президенті Эльвира Ватлина.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан Халықаралық бюросы­ның Астана қаласындағы заңгері Артур Алхас­тов та вейп­терді елге әкелуге, сатуға ты­йым са­лын­ғаны­мен, түпкілікті жойыл­ма­ғанын, вейптердің көлең­­келі бизнесі интер­нет­тің артына жасырынып отырғанын растады.

Адам құқықтары мен заңды­лықты сақ­тау жөніндегі Қазақстан Халықаралық бюро­сының Қарағанды филиалының директоры Юрий Гуса­­ковтың пікірінше, вейптермен күресуде Үкі­мет жан-жақты ойластырылмаған шешім қа­был­даған. Оның айтуынша, вейптерге тыйым сал­ған­­­нан кейін сатушыларға қолдарындағы тауар­ды сатуға жеткілікті уақыт бергенде бұл елдегі жағ­дайға басқаша әсер етіп, көлеңкелі сауда кеми­тін еді.

«Дегенмен құқық қорғау органдарының жұмысын жоққа шығара алмаймыз, өңірлерде полицейлермен қоян-қолтық жұмыс істеуге ұмтылдық. Заңды белден басып, вейп саудасын жүргізіп жатқандар жазаланғанымен, ол өнімдер елге әлі де болса келіп жатыр», дейді Алматы қаласындағы «Вейпсіз жастық шақ» жобасының үйлестірушісі Марат Сайбеков.

 

АЛМАТЫ