Отбасы • Бүгін, 13:10

«Мерейлі отбасы-2025» байқауының жеңімпаздары марапатталды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада отбасы құндылықтарын дәріптейтін дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өз мәресіне жетті. Бұл – жыл сайын елдің түкпір-түкпіріндегі өнегелі әулеттерді біріктіретін, татулық пен сүйіспеншілікті насихаттайтын рухани мереке, деп жазады Egemen.kz.

«Мерейлі отбасы-2025» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Салтанатты іс-шараға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, үздік отбасыларды құттықтады. Өз сөзінде ол отбасылық институтты нығайту бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бастамаларға тоқталды.

«Ана мен баланың құқықтарын қорғау, «Ұлттық қор – балаларға», «Келешек мектептері» секілді кешенді жобалар елімізде отбасы құндылықтарының нығаюына және азаматтардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Биылғы «Мерейлі отбасы-2025» байқауында еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан 20 отбасы жеңімпаз атанды.

Бұл әулеттер – еңбегімен елге үлгі болып, ұрпақ тәрбиесінде өнеге көрсетіп отырған, бірлігі бекем, бақ-берекесі жарасқан отбасылар.

Байқау жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар мен дипломдар табысталды. «Мерейлі отбасы» жобасы жыл сайын ел ішіндегі татулық пен рухани бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды бастама ретінде жалғасып келеді.