
Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында былтыр 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандары пайдалануға берілді. Оның 20-сы – дәрігерлік амбулатория, 23-і – фельдшерлік-акушерлік, 6-ауы – медициналық пункт. Жаңадан ашылған нысандарда санитарлық талаптар, өрт қауіпсіздігі сақталған, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған, кадрлық құраммен толық қамтылған. Айталық, жуырда пайдалануға берілген Отырар ауданының Аққұм ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда дәрігер, 6 мейіргер, акушер, стоматолог, лаборант, автокөлік жүргізушісі, кіші буын қызметкер, екі қарауыл жұмыс істейді.
Дәрігерлік амбулатория ЭКГ, гинекологиялық орындықтармен, физиотерапиялық, оңалту аппараттармен қамтылған. Сауран ауданына қарасты Жалаңтөс ауылында ел игілігіне берілген медициналық бекет 250-ден аса тұрғынға қызмет көрсетеді. Ауылда бұған дейін 1973 жылы салынған медициналық пункт жұмыс істеп келген. Алайда ескі ғимарат «апаттық жағдайда» деп танылып, ауыл тұрғындарының дәрігерлік көмек алуы барысында қиындықтар туғызды. Енді тұрғындар заманауи талаптарға сай, жаңа ғимаратта қызмет ала алады.
Ұлттық жоба аясында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ауылдар мен елді мекендердің 100 мыңнан астам тұрғынына медициналық көмек көрсетіледі. Айта кетелік, 49 нысанның 48-і мемлекет қаржысына салынса, Келес ауданы, Ошақты ауылындағы нысанды жеке инвестор салып берді. Яғни ауылдастарына медпункт салып беруге қызығушылық танытып отырған қалталылардың қарасы көрінбейді, ауыл медицинасына инвестор тарту әзірге мүмкін болмай отыр. Ауылдарда медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылмақ.
«Қазіргі таңда 2025-2026 жылдары салу жоспарланған жалпы 58 медициналық нысанға қажеттілік бар. Оның 25-ін биыл іске асыру жоспарланып отыр. Қалған 33-інің құрылысы келер жылдың еншісінде. Осының бәрі жүзеге асқан жағдайда өңірдегі медициналық, фельдшерлік-амбулараториялық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың қажеттілігі толық шешімін табады», дейді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
Облыс халқының 80 пайызы ауылды жерде тұратынын ескерсек, аталған ұлттық жобаның сапалы жүзеге асырылуы, сондай-ақ тұрғындарға медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуі аса маңызды. Бұл орайда өңірде жедел медициналық қызметтің жұмысы барлық ауданда жақсы дей алмаймыз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, 60 бригада жетіспейді. Яғни өңірдің жедел жәрдем бригадасымен қамтылуы – 71%. «Облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы» МКК-да жалпы 150 бригада өңірдегі 2 миллионнан астам халыққа медициналық жедел жәрдем қызметін көрсетіп келеді. Оның ішінде, дәрігерлік 34, фельдшерлік 116 бригада, 4-санаттағы жедел жәрдем қызмет көрсетуге арналған 75 бригада жұмыс істейді. Нормативке сәйкестендіру үшін, яғни халық санына орай өңірде 210 бригада болуы тиіс. Жедел жәрдем бригадасының жетіспеушілігі, әсіресе Сауран ауданында байқалады. Сондай-ақ халқы 222 мыңға жуық Сарыағаш ауданында – 9, 135 мыңға жуық тұрғыны бар Келес ауданында – 6, 85 мыңға жуық тұрғыны бар Шардара ауданында 4 бригада жетіспейді.
Өңірдегі 197 санитарлық автокөліктің 48,2 пайызы тозған, 20 автокөлік күрделі жөндеуді қажет етеді. Облыстық санитарлық авиация қызметінің автопаркі өткен жылы соңғы үлгідегі арнайы техникалармен жабдықталған заманауи 15 көлікпен толықты. 13 жаңа автокөлік 4-санатты шақыртуларға қызмет етуге берілсе, облыстық әкімдіктің қолдауымен жергілікті бюджет есебінен жаңа туған нәрестелерді тасымалдауға арналған 2 реанимобиль автокөлігі сатып алынған. Биыл тағы қосымша 60 жедел жәрдем автокөлігін сатып алу жоспарланып отыр. Дегенмен жедел жәрдемнің кейбір аудандардағы шалғай ауылдарға кешігіп жететіні жасырын емес. Мысалы, өткен жылы кешігумен орындалған шақыртулар көрсеткіші Шардара ауданында – 9,3%, Атакентте – 8,9%, Қазығұрт ауданында 8,7% болған. Ауруханаға дейінгі өлім-жітім, әсіресе Түркістанда, Сарыағаш, Сайрам, Ордабасы аудандарында көп. Жедел жәрдем қызметіне Созақ, Сарыағаш, Отырар аудандарында шағымданушылардың қарасы қалың. Былтыр өңірдегі жалпы шақыртулар саны 758 767 болса, оның ішінде тыныс алу, қан-тамыр жүйесі ауруларына қатысты шақырту көп болған.
Өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы тағы түйткілді мәселенің бірі – кадр тапшылығы. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, облыста 400-ден астам бейінді маман жетіспейді. Оның 141-і Түркістан қаласында салынып жатқан 570 төсек-орынды облыстық көпбейінді ауруханаға қажет. Бұл проблеманы шешу мақсатында облыс әкімдігі медициналық мекемелерді тиісті мамандармен қамту жөнінде 5 жылдық жоспар бекіткен. Осы орайда облыстық бюджет есебінен резидентураға 639 грант бөлу қарастырылып отыр.
«Кадр мәселесі де жолға қойылып келеді. 2023 жылдан бері есептесек, 176 грант игерілді. Өткен жылы 40 дәрігер Ресейде, 234 орта буын медицина маманы Астана қаласында біліктілігін арттырды. Жұмыс тоқтамайды. Ауылдарда медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру жалғасады», дейді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.
Бейінді дәрігерлерге тапшылық 282 болса, былтыр 331 жас түлек облысқа жолданған. Оның ішінде 147 мемлекеттік медициналық ұйымдарға жолданып, 31 түлек жұмысқа қабылданды. 9 жас маманға 1,5 млн теңге көлемінде әлеуметтік жәрдемақы берілді, 6 маманға 8,5 млн теңге көлемінде, 90 маманға 100 АЕК мөлшерінде көмек көрсетілді, 8 жас маманға тұрғын-үй сатып алуға жеңілдетілген несие бөлінді. Тапшы мамандықтағы дәрігерлерді тарту мақсатында 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен 270 млн 987 мың теңгеге резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 139 грант бөлініп, ол толық игерілді. Биылғы жылға 150 грант бөлу жоспарланған.
Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылды дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін оқыту жылы деп жариялады. Осы орайда биыл аталған мақсатқа 165 млн теңге бөлінген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы алдағы мәслихат сессиясында қаржыны ұлғайтуды ұсынбақ. Облыс көлемінде көрсетіліп жатқан медициналық қызметтерге бақылауды күшейту, туындаған төтенше жағдайларды дер кезінде шешу үшін симуляциялық орталық қажет. Басқарма басшылығы ол үшін 50 млн теңге қажет екенін айтып отыр.
Аймақта 30-ға жуық елді мекенде ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі бар. Дәрігерлер бұл мәселе ішек инфекциясының таралуына алып келуі мүмкін екенін айтады. Айталық, бүгінде облыс көлемінде 12 адам ішек инфекциясымен емделіп жатыр екен.
Өңірде денсаулық сақтау саласында алдағы уақытта 7 ірі жобаны іске асыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 8,8 млрд теңге қаржы қарастырылды.
Түркістан облысы