
2023 жылмен салыстырғанда өткен жылы әуе қызметін пайдаланған жолаушылар ағыны 23%-ға өскен. Соның ішінде 480 мыңнан астам жолаушы ішкі рейстердің қызметін пайдаланған.
Былтыр Орал әуежайынан жолаушылар 10 бағыт бойынша ұша алды. Оның төртеуі – халықаралық, қалғаны ел ішіндегі бағыттар. Халықтың ерекше сұранысына ие болғаны – Астана, Алматы қалалары. Тіпті көршілес Атырау қаласына ұшатын рейске де билет табыла бермейді. Халықаралық бағыттар арасында Түркияның Анталья қаласы көш бастап тұр.
2022 жылы көктемде Орал қаласындағы халықаралық әуежай ғимараты жаңғыртудан өтіп, халықаралық стандарттарға сәйкес қайта салынған болатын. Содан бері әуежайда жолаушыларға қызмет көрсету сапасы артты. Өткен жылы арнайы техника паркі өрт сөндіру машинасымен, фронтальды тиегішпен, қар тазартуға арналған екі Boschung әуеайлақ машинасымен, құрама жол машинасымен толықтырылды. Жыл соңында жабық конструкциялы екі жаңа трап, сұйық реагентті шашатын тіркемелі үлестіргіш, механикаландыру құралдары сатып алынды.
– Барлық қауіпсіздік талабына сай келетін жаңа бақылау-өткізу бекетінің құрылысы аяқталды. Оны қаңтардың соңы, ақпанның басында пайдалануға береміз. Өткен жылы ұшу-қону жолағының деформациялық жіктері, перрон жөнделді, әуежай штабының ғимаратына сыртқы күрделі жөндеу жүргізілді, гараж бокстары, жанармай құю кешені де жөндеуден өтті, – деді А.Сақпосынова.
Батыс Қазақстан облысы