
Атам қазақта «ұры басынып ұрлайды» дейтұғын ұғым бар. Әбден дәніккен суыққол сұғанақтар мал сүмесімен күн көрген момын халықты басынып-ақ тұр. Түн қатып, оңай олжа көздеген ұрылар 59 бас жылқыны тебінде жүрген жерінен айдап алып кеткен. Ұрлық көп ұзамай ашылды. Астана–Петропавл бағытындағы күре жолдың бойында полиция қызметкерлері автокөлікті тоқтатқан кезде жүк салғышынан жаңа сойылған жылқының буы бұрқырап жатқан ішек-қарны мен қанға бөккен терісі табылған. Көлік иелерінің ешбір құжаттары жоқ. Ішек-қарны болғанымен еті көзге түспеген соң күдік туған. Жедел іздестіру барысында Степногор қаласының маңындағы Қырыққұдық ауылының жылқысы болып шықты. Ұрылар Айдарлы ауылының маңындағы қорада жылқының бірнешеуін сойып, сата бастаған. Қылмыстық іс қозғалып, оңай олжаға дәніккендер жазасын тартатын болды.
Ерейментау ауданында да мал ұрлығы орын алған. Жергілікті тұрғындар 13 бас жылқысы жоғалғанын құқық қорғау органдарына хабарлапты. Жәбірленушінің айтуына қарағанда, «Газель» автокөлігін мінген белгісіз біреулер Ерейменнің етегінде жайылып жүрген бір үйір жылқыны үптеп кеткен. Малсақ қауымға келтірілген шығын – 8,5 млн теңге төңірегінде. Оқыс оқиғадан дер кезінде хабарланған полиция қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын ұтымды ұйымдастырудың арқасында көп уақыт өтпей, ұрыларды қолға түсірді. Олар екі жылқыны сойып сатып үлгеріпті. Қалған 11 бас иесіне қайтарылды.
Заң қаншалықты қатайғанымен, мал ұрлығы толастамай тұр. Әйтсе де, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жіті қимылдауы арқылы қылмыстың ізі суымай ашылып жатыр. Бұл орайда малсақ қауымды сақтандыру да ішінара жемісін беріп жатыр. 2003 жылы 79 мал ұрлығы орын алса, 2024 жылы мұндай шетін оқиғалар 37 рет болған. Демек мал ұрлығы 54 пайызға азайды деген сөз. Ұрлық жасаған 25 адам қолға түсіп, үш қылмыстық топтың жолы кесілген.
Әйтсе де, мал иелері әлі күнге дейін албырт. Өздерінің маңдай терімен өсіріп отырған төрт түлігіне ие бола алмай отыр. Күре жолға жақын орналасқан ауылдардың малы жол үстіне шығып кетіп, жол-көлік оқиғасына себеп болады. Мұндай жайлар да аз емес. 2 564 мал иесіне төрт түлік мал бағу ережесін бұзғаны үшін әкімшілік шара қолданылған. 229 адам мал өнімдерін заңсыз тасымалдағаны үшін жауапқа тартылған.
Ақмола облысы