
Мектеп директоры үзіліс кезінде балалармен асық ойнап, ұлттық ойынды қайта жаңғыртты. Ұстаздар асық ойнау оқушылардың дәстүр мен мәдениетке деген құрметін арттырып қана қоймай, оларды дәлдік пен ширақ болуға машықтандыратынын айтады. Ұлттық ойын мектепте ұйымдастырылған аудандық әкелер мектебінің жиынында қолдау тапқан. Яғни ата-аналар қарсы емес. Бұл ойынға қызыққан оқушылар 1000-нан аса асық жинапты. «Біз балалардың ұлттық құндылықтарға жақын болуын қалаймыз. Асық ойнау – қызықты ойын ғана емес, сонымен қатар бұл ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған мұра. Осы дәстүрді жаңғырту арқылы оқушыларымызды ұлттық құндылыққа, мәдениетке құрметпен қарауға тәрбиелейміз. Асық ойыны – тұнып тұрған тәрбие көзі. Ал білім мен тәрбие қашанда егіз болуы керек», дейді мектеп директоры Абылай Бердіхожаев.
Алдағы уақытта мектепте асық ойнайтын арнайы бөлме жабдықталып, үйірме ашу көзделіп отыр. Денсаулыққа тигізер пайдасынан бөлек, оқушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатынын айтқан мұғалімдер ендігі кезекте ұлттық ойын тек білім ордасының аумағында ғана емес, балалардың бос уақытында да жалғасып, кеңінен таралатынына сенімді.
Түркістан облысы