Digital • 31 Қаңтар, 2025

Жасанды интеллект: мүдде мен міндет

390 рет
көрсетілді
38 мин
оқу үшін

Қазір әлем елдері арасында технологиялық бәсекелестік ерекше қарқын алды. Тіпті үдей түсті. Алайда цифрлық дәуірдің көшіне ілесу оңай емес. Алдымен ол үшін әрбір мемлекет өз даму жолын айқындап алғаны жөн. Мұндай жағдайда жасанды интеллектінің әлеуетін тиімді пайдалануға болады.
Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор. Жасанды интеллектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты, соған байланысты технологиясы дамыған алып елдер арасында бәсеке қыза түспек», деді.
Сондықтан еліміздің технологиялық болашағы жасанды интеллектіні қанша­лықты игереді – соған байланысты алдағы уақытта бұл салада қандай өзгерістер орын алады, бәсекеге дайынбыз ба, үкімет қандай қадам жасап жатыр? Осыған қатысты дөңгелек үстел мәжілісін ұйымдастырып, оған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жасанды интеллект технологиялары кафедрасының меңгерушісі, ғалым Бибігүл Разахованы, Жасанды интеллект технологиялары кафедрасының зерттеушісі, PhD Нұрзада Амангелдіні, Ақпараттық және есептеу технологиялары институты бас директорының орынбасары, зертхана меңгерушісі, PhD Өркен Мамырбаевты, IUTH университетінің аға оқытушысы, PhD Нұржан Әбдіразақовты және ІТ-маманы Мейіржан Әуелханұлын шақырып, өзекті тақырып жөнінде ой бөлістік.

Жасанды интеллект: мүдде мен міндет

– Алдымен жасанды интеллектінің мүм­кіндігі мен болашағына тоқтал­саңыз­дар?

пр

Бибігүл Разахова:

– Қазір елімізде барлық салаға жасанды интеллекті дендеп ене бастады. Бір жағынан, ЖИ көптеген маман жұмысын жеңілдетеді. Былайша айтқанда, адамдарға көмекші құрал болады. Бүгінде жасанды интеллект саласына маман даярлауға баса маңыз беріліп отыр. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2021 жылдан бакалавриат, магистратура бойынша оқу бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылды. Бұл оқу бағдарламасы Жаңа мамандықтар және құзыреттіліктер атласының 4 ақпараттық технологиялар бағдарламасы негізінде дайындалды. Осы ақпараттық технологиялар бағдарламасында жасанды интеллекті, киберқауіпсіздік негізгі тренд болып анықталған. Соның ішінде жасанды интеллект бойынша 3 түрлі мамандықты таңдадық. Олар: жасанды интеллект әзірлеуші, жасанды интеллект жобалаушы және әмбебап жасанды интеллект әзірлеуші.

Қазір ЖИ саласындағы мамандықтар жаңа технологиялар негізінде өзгеріп жатыр. Бір жағынан, жасанды интеллекті саласы білім жүйесіне негізделген. Мұнда білім дегеніміз – өзіне тән ережелердің жиынтығы. Қалыптасқан ереже-тұжы­рым­­дама десе болады. Сондықтан ЖИ жүйесін белгілі бір салаға қолдану үшін оның сол саладағы қалыптасқан ереже-тұжы­рымдамасын білу қажет. Біз жаңа маман­дықтар және құзыреттіліктер атласын қарап, «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы әзірлеген кәсіби стандарттарды қарастырдық. Онда компьютер маманы, онтоинженер, нейрожелі маман­дарының арнайы стандарты жазыл­ған. Қысқасы, ақпарат-технология дамы­ған заманда жасанды интеллектінің бола­ша­ғы­на зор сеніммен қараймын.

 

ап

Өркен Мамырбаев:

– Бұл жүйе үдерістерді автоматтандырып уақытты үнемдейді. Бірақ қауіп те жоқ емес. Дамыған елдер ауқымды деректер базасын құрып, оларды өңдеу арқылы үлкен тілдік модель әзірлеп жатыр. Бұл модельдер – жасанды интеллектінің негізгі ядросы. Олар өздерінің ЖИ жүйелерін жасап, әлемдік нарыққа ұсынып отыр. Елі­міз де бұл үдерістен қалыс қалмауға тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Басты бағыттар: суперкомпьютер құру және Ұлттық жасанды интеллект орталығын ашу. Осы бастамаларды жүзеге асыруға жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттары тартылды. Жоба аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп жұмыс істеп, екі үлкен жобаны қолға алды. Бұл жұмыстарды үйлестіру мақсатында консорциум құрылды. Оның негізгі мүшелері – Ақпараттық және есептеу технологиялары институты (басты ұйымдастырушы), Назарбаев университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Тіл-Қазына ұлттық орталығы, Тіл білімі институты. Осы ұйымдардың бірігуімен екі консорциум құрылып, жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған зерттеулер басталды. Бұл жұмыстар еліміздің жасанды интеллект саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ұлттық деректер қорын жинақтап, үлкен тілдік модельдерді әзір­леуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар нейрожелінің мемлекеттік қыз­мет­те қолданылуы да басты назар­ға алынды. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жұмыс істейтін ұлттық тілдік модель әзірленіп жатыр. Ол электронды үкіметке енгізіліп, қағазбастылықты азайтады.

Жасанды интеллектінің экономикалық әлеуеті зор. «ChatGPT» сияқты жүйелер қазірдің өзінде миллиондаған адамға қызмет көрсетіп, пайда тауып отыр. Елі­міз де бұл нарыққа өз моделін ұсынуға ниетті.

Аталған технология қаржы, көлік, қауіп­­сіздік, медиа, медицина салаларында да кеңінен қолданылып жатыр. Мәселен, Жоғарғы сот дауыс арқылы іздеу жүйесін енгізсе, Ұлттық қауіпсіздік комитеті телефон арқылы жазылған әңгімелерді автоматты түрде өңдеуді қолға алды. Журналистикада да жасанды интеллект сұхбаттарды мәтінге айналдырып, аударма жасап, транскрипциялау үдерісін жылдамдата түсті. Ал медицинада көз ауруларын ерте анықтайтын жүйе әзірленіп жатыр. Алайда жасанды интеллектінің этикалық мәселелері де бар. Егер бұл технология дұрыс қолданылмаса, қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан оны жауапкершілікпен дамыту – басты міндет. Қорыта айтқанда, жасанды интеллект – еліміздің технологиялық серпіліс жасауына мүмкіндік беретін маңызды құрал. Оның толық әлеуетін пайдалану үшін зерттеу инфрақұрылымын нығайту, деректерді жүйелеу, заңнамалық базаны жетіл­діру қажет. Осы бағыттағы әрбір қадам еліміздің цифрлық болашағын қалып­тастыруға үлес қосады.

пр

Нұрзада Амангелді:

– Жалпы жасанды интеллектіні адам жасайды. Сондықтан оны әзірлейтін маман­­ның ниеті дұрыс болуы қажет. Екін­шіден, ЖИ қатардағы жай өнім емес. Оны үнемі қолдап, тұрақты дамыту керек. Қазір уақыт өзгерді. Ғылым саласында жаңалық өте көп. Қаншама жаңа технология қосылып жатыр. Соған ілесіп отыруы үшін ЖИ-ді үнемі дамытып отырған жөн. Меніңше, оның бола­ша­­ғынан қорқып, үркудің қажеті жоқ. Алай­да әмбе­­бап жасанды ин­тел­лек­­­тіні қолдану әлі ерте деп ой­лаймын. Негізінен, ЖИ-ді арнайы есептерге бағыттап, әзірлесе болады. Өйткені ЖИ небір күрделі есептерді мамандар­дан жақсы шешуі мүмкін. Оның артық­шы­лы­ғы – бір уақытта өте көлем­д­і ақпарат беріп, шешім қабылдайды.

Алдағы таңда жасанды интеллекті қаншама жаңа мамандыққа жол ашады. Мамандарға мүмкіндік береді. Қазір Еуразия ұлттық университетінің ға­лым­дары Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының қыз­­­­меткерлерімен бірлесіп, жасанды интеллектіге негізделген сурдоаудармашылар жүйесін бірге дамытып жатырмыз. Байқағаным, жасанды интеллекті жүйесі осы сурдоаудармашылардың екінші мүмкіндігін ашты. Олардың жұмысын жеңілдетті. Дегенмен жасанды интеллектіні әзірлеген мамандарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан жоба әзірлеушілерді таңдағанда, оны «кімге береміз, кімге бермейміз» деген бақылау болғаны дұрыс деп ойлаймын.

 

а

Нұржан Әбдіразақов:

– Жасанды интеллект деген тақы­рып­ты «ChatGPT» шыққаннан кейін ғой қызу талқылай бастағанымыз. Бұл білім саласына да айтарлықтай әсер етті. Ғылыми зерттеу үдерісі едәуір жеңіл­деді. Дереккөзді іздеген кезде, анализ жасау барысында біршама уақыт ұтатын болдық. Сөзім дәлелді болу үшін нақ­ты мысалдар келтірейін. «Scite» деген платформа бар. Әдебиетке шолуды әп-сәтте жасап береді. Одан бөлек, «Chatpdf» деген жасанды интеллектіге негіз­делген құрал бар. Бұл шет тіліндегі ғылыми мақалаларды оқуға өте ыңғайлы. Тіпті құжат мәтініне сүйене отырып, сұрақ қойсаңыз, нақты әрі түсінікті жауап береді. Яғни «мен басқа тілді түсінбеймін» деген сылтау жоқ. Меніңше, зерт­теушілерге таптырмас құрал. Соны­мен қатар ғылыми мақалалармен, академиялық құжаттармен жұмыс істеуге арналған «Scispace» платформасының да пайдасы ұшан-теңіз. Бұл құрал күрделі мәтіндер мен формулаларды, түсінуге қиын кестелерді жеңілдетіп, қарапайым тілмен түсіндіріп береді. Ғылыми әдебиеттер мен зерттеулерді табуға көмектесіп, ұзақ мақалаларды оқымай-ақ, негізгі түйіндерін бірден табуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, «Jenni» деген жазу құралының жәрдемі мол. Бұл жүйе жазбалардағы грамматикалық және стильдік қателерді түзетеді. Тіпті мақаланың басын жазсаңыз, сөйлеміңізді өзі-ақ аяқтап береді. Осы секілді мысалды мыңдап келтіруге болады. Әрине мұның көлеңкелі тұсы да жоқ емес. Атап айтсақ, академиялық адалдық, этика мәселесінің күрмеуі қиын болып тұр. Өйткені қазір жасанды зердеден «Ғылыми мақаланың кіріспесін жазып бер, қоры­­тындысын аяқтап бер» деген секілді көмек сұрайтындар көп. Сондықтан «бұл мәселені қалай шешеміз?» деп қазір «Scopus» сияқты мықты деректер базасы да бас қатырып жатыр. Мақаланы жазған жасанды интеллект яки адам екенін анықтайтын детекторлар бар, әрине. Бірақ оның да дұрыс жұмыс жасауына күмән туындап жатыр. Неге десеңіздер, ғалымдар сол детекторға АҚШ-тың конституциясын салып көрген екен. Сөйтсе, әлгі құрал XVIII ғасырда жазылған заңның жиырма пайызын жасанды интеллект жазған деп көрсетіп беріпті. Сәйкесінше бұл детектор да сенімді емес.

Б.Құлшар.

Мейіржан Әуелханұлы:

– Жасанды интеллект саласында кейінгі он жыл ішінде үлкен серпіліс болды. Мүмкіндігі күн өткен сайын артып жатыр. Ашып айтсақ, ЖИ осы күні көлемді деректерді жылдам талдап, күрделі заңдылықтарды анықтай алады. Мысалы, медициналық диагностиканы автоматтандыруда ЖИ көптеген анализді, кескінді салыстырып, науқастардың денсаулық жағдайына қатысты тез және дәл болжамдар жасап бере алады. Тіпті мәтінді түсіну, аудару, чат-бот қызметін атқару сынды тапсырмаларда жоғары дәлдікке жетіп отыр. Ал өндірістік үдерістерде ЖИ технологиясы адамға қауіпті жұмыстарды атқаруға тиімді. Тіпті кейінгі кезде жасанды зерде есептеу не анализ жасап қана қоймай, сурет, музыка, мәтін сияқты шығармашылық дүниелерді де ұсына алатын деңгейге жетті.

Жаңа технологияның қатерін де қаперден шығармау керек. Көптеген салада ЖИ қайталанатын операцияларды автоматтандыра алады. Бұл бір жағынан өнімділікті арттырса, екінші жағынан кейбір мамандықтарды қысқартуы мүмкін. Дегенмен, жаңа технологиялар жаңа жұмыс орындарын да ашатынын ескерген жөн. Адамдардың жеке мәліметтері сақталатын ортада кибершабуылдар мен деректерді заңсыз пайдалану қаупі артады.

Сондықтан ақпараттық қауіпсіздікті заңнамалық тұрғыдан реттеу маңызды. ЖИ үлгілері адамдар жинаған деректерге тәуелді. Сол себепті модельді дайындау мен қолдану кезінде әділдік, объективтілік, адам құқықтарын сақтау мәселелері жіті қадағалануы қажет.

Адамдардың шығармашылық, сыни ойлау қабілеті мен ЖИ-дің жылдам есептеу мүмкіндігі қосылғанда, өндірісте де, білім саласында да, медицина да жетістіктерге жетеміз. Болашақта әртүрлі тіл арасында аудармалар бірден, жоғары сапада жасалуы мүмкін. Сондай-ақ күнделікті құрылғылар мен қызметтерде адамдарға қолдау көрсететін «ақылды көмекшілер» саны өседі. Медицина, қаржы, ауыл шаруашылығы, энергетика сияқты нақты бағыттарға бейімделген ЖИ жүйелері пайда болады. Олар қажетті деректерді дәл талдап, болжам жасауда, басқаруда таптырмас құралға айналады. Жасанды зерденің шешімдерінің ашықтығын, адам құқықтарының сақ­талуын қамтамасыз ету алдағы жылдары басты назарда болмақ.

Бибігүл Разахова:

– Осы жерде бір ой қоса кетейін. Қазір жасанды интеллекті саласы туралы ақ­па­раттар өте көп. Жақында дүние­жү­зі­лік экономикалық форум есебінде әлем бойынша 87 мың жұмыс орны жабылып, керісінше 97 мың жаңа жұмыс орны ашылатыны анықталған. Сондықтан ЖИ жұмыссыздық мәсе­ле­сін тудырады деп қорық­­пайық. Қазір бә­ріміз «ChatGPT»-ды жақсы білеміз. Бірақ оны пайдаланудың өз тәсілі бар. Егер «ChatGPT»-ге не керек екенін нақты түсіндірсек, ол бізге жауап береді. Егер біздің сұранысымыз өзіміздің қажетімізге сәйкес келмесе, соған лайық жауап аламыз. Қазір программалау мамандарын «ChatGPT» ауыс­­­тырады деген сөз бар. Алайда әрбір саланың өз талабы бар.

 – Осы жылы «Alem.AI» Жасанды интеллект ұлттық орталығы ашылайын деп жатыр. Оның қызметі және аталған орталықтың негізі міндеті қандай? Орталық саланы дамытуда қандай рөл атқарады?

Өркен Мамырбаев:

– Жасанды интеллект орталығы ма­ман­­­­дарды даярлау мен ғылыми зерт­теу­­­­­­лерді жүргізуге арналған алаң ретінде жұмыс істейді. Бұл орталыққа үш негізгі міндет жүктелген.

Бірінші міндет – жасанды интеллект орталығын құру. Бұл орталықта суперкомпьютерлік кластер орнатылып, онда үлкен деректер қоры сақталады және өңделеді. Осы инфрақұрылымның негізінде жасанды интеллект жүйелерін дамытуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар бұл жерде білікті мамандар жиналып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Екінші міндет – ғылымға жас мамандарды тарту. Орталық ғылыми ақпарат­тар­ды жинақтап, оларды талдау, өңдеу мүмкіндігін ұсынады. Мұнда зерттеу жүр­гізуге мүдделі жастардың басын қосып, олардың ғылыми әлеуетін арттыру көзделген. Сондай-ақ студенттер де осы орталыққа жиналып, тәжірибе жұмыстарына қатыса алады.

Үшінші міндет – білім жүйесінде трансформация жүргізу. Қазіргі таңда гибридті білім жүйесі кең таралып келеді. Яғни студенттер бір ғана мамандықты емес, бірнеше саланы қатар меңгеріп, алған білімдерін әртүрлі бағытта қол­дана алады. Бұл тәсіл жастардың кәсі­би біліктілігін арттырып, заманауи талап­тар­ға сай болуына мүмкіндік береді.

Осы орталықта жинақталған деректер мен әзірленген жасанды интеллект модельдері мемлекеттік және жеке сектордағы әртүрлі жүйелерге енгізіледі. Ұлттық жасанды интеллект орталығы осы технологияларды дамытудағы не­гіз­гі ядро ретінде жұмыс істейді. Бұл құ­рылым ЖИ-ді қолдану мүмкіндігін арттырып, еліміздің цифрлық болашағына серпін беруге бағытталған. Қазіргі таңда орта­­­­­лық­ты іске қосу әрі оны дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Нұрзада Амангелді:

 – Жасанды интеллект ұлттық орталығы осы саланың дамуына тың серпін береді. Ел экономикасына оң әсер етеді. Мысалы, біз халықаралық бағдарлама бойынша грант ұтып алып, шағын сервер сатып алдық. Оны университеттің серверлер жүйесіне қостық. Соның ішінде мен екі серверді студенттер үшін алдым. Жасанды интеллект бір уақытта өте көп дерекпен жұмыс істейді. Кейде суреттер мен бейнедеректі қолданғанда, жоғары қуат қажет болады. Ұлттық орталық осыған тәуелділікті жоя­ды.

Мейіржан Әуелханұлы:

– «Alem.AI» Жасанды интел­лект ұлттық орталығы – еліміздің цифрлық трансформациясына серпін беретін маңызды инновациялық құры­лым. Оның басты мақ­­­саты – жасанды интеллект сала­сында ғылыми зерттеулер жүргізу, ин­новациялық жобаларды әзірлеу және елі­міздің ғылыми әлеуетін арттыруға бағыт­талған жоғары білікті мамандарды даярлау. Бұл орталық отандық IT эко­жүйесіне тың серпіліс беріп, еліміздің әлемдік нарықтағы орнын нығайтуға ықпал етеді. Орталықтың негізгі міндеті – ЖИ бойынша тәжірибелік және қолданбалы зерттеулер жүргізу. Сонымен қатар «TUMO School» және «Tomorrow School» мектептері арқылы мектеп оқушылары мен студенттерге бағдарламалау, роботтехника және басқа да креативті технологияларды үйрету де орталықтың басты бағыты болмақ. Сондай-ақ «Alem.AI» ұлттық орталығы «Playrix», «TikTok», «Google», «EPAM» сынды ірі компаниялармен бірлесіп, ЖИ технологияларын дамы­тып, жаһандық нарыққа шығуды көз­дейді. Қысқаша айтқанда, аталған орталық ұлттық деңгейде ЖИ технологияларын алға жыл­жытуға, зерттеулерді тереңдетуге және салалық мамандарды даярлауға айрық­ша ықпал етеді.

Бибігүл Разахова:

– Жасанды интеллект ұлттық орталы­ғы­­ның болашағы өте зор. Әсіресе ғалым­­дарға, мамандарға қолайлы мүмкіндік туады. Мәселен, жоғары оқу орындарында қаншама ғалым ғылыми зерт­теу жұмыстарымен айналысады. Бірақ олар­­дың жұмысынан келесі универси­тет­тегі әріптестері бейхабар. Сондықтан орталық белгілі бір саланы зерттейтін ғалымдардың соны ойлары мен ізденісін біріктіретін орта болады деп санаймын.

– Маман даярлау үдерісі қалай жүріп жатыр?

Нұржан Әбдіразақов:

– Барлық мамандық өкіліне жасанды интеллект дағдыларын үйрете беру керек. Мәселен, халықаралық туризм және меймандостық университетінде былтырдан бастап «туризм саласындағы генеративті жасанды интеллект қол­да­ны­сы» деген сабақ енгізілді. Әлемнің басқа да жоғары оқу орындары студенттерге негізгі білімнен бөлек, үш дағдыны меңгертуге тырысып жатыр. Бұл қандай қабілеттер? Алғашқысы – адамдармен қарым-қатынас жасай білу, екіншісі – қоршаған ортаға қам­қорлық жасау, үшіншісі – диджитал дағды. Мінекей осы үш қабілет маман­дар­дың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Жалпы, жасанды интеллект мамандықтар ара­сындағы шекараны жойды. Мысалы, бұрын филологтер «Мен IT маманы емес­пін, университетте бұл саланы оқыған жоқпын» деп айта алатын. Бірақ қазір мұндай көзқарас өзекті емес. Себебі IT дағ­дылар – заман талабы. Тағы бір маңыз­ды дүние, жасанды зерде офлайн тап­сыр­маларға деген қажеттілікті туындатты. Бұрын студенттерге презентация жасау, эссе жазу, есеп шығару сияқты тапсырмалар берілетін. Бірақ қазір олардың көп­шілігі бұл міндеттерді «ChatGPT» сияқты құралдардың көмегімен оп-оңай орын­дап шыға алады. Бұл әдіс студенттің ойлау қабілетін дамытуға ықпал етпейді әрі оқытушыға да ешқандай пайдасы жоқ. Сондықтан офлайн тапсырмаларға қайта оралу маңызды. Яғни студенттер ауди­торияда, телефонсыз, нақты бақы­лау жағдайында жұмыс істеуі керек. Ал үй тапсырмасы күрделенуі тиіс. Нақтырақ айтқанда, студенттерге жасанды интеллектіні көмекші құрал ретінде пайдалана отырып, қандай да бір мәселені шешу міндетін жүктеу керек. Бұл тәсіл жасанды интеллектіні жай ғана дайын жауап алу үшін емес, шынайы жұмыс құралы ретінде пайдалануға үйретеді. Қорыта айтқанда, жасанды интеллект – тек көмекші құрал, ал негізгі құндылық – адамның өзіндік ойлау қабілеті мен табиғи интеллектісі болмақ.

Бибігүл Разахова:

– Кез келген проблеманы кадр ше­ше­ді. Сондықтан маман даярлауға ерекше назар аударылғаны жөн. Әсіресе университеттердегі ЖИ саласында білім беретін оқытушылардың жаңа технологияларды жетік қолдану үшін кәсіби біліктілігін арттыру қажет.

Өркен Мамырбаев:

– Біздің орталық ғылыми зерттеулер жүргізетін мамандарды даярлайды. Оның басты ерекшелігі – ғылыми үдерістерді жетілдіру әрі мамандарды сапалы даярлау. Студенттерге білім беру үдерісі қарапайым құралдарды пайдаланып, есептерді шешуге үйретуден тұрса, ғылыми зерттеу саласында бұл үдеріс әлдеқайда күрделі. Ғылыми мамандар, әсіресе PhD күрделі зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Айта кетейін, біздің орталық тек ғылымды дамытуға ғана емес, оны білім беру мен өндіріске енгізуге де бағыт­талған. Бұл – Президенттің стра­тегиялық бастамасының маңызды бөлігі.

Нұрзада Амангелді:

– Қазір отандық жоғары оқу орын­да­рының мойнында екі үлкен жа­уап­­кер­шілік бар: біріншісі – мемле­кеттің дамуына ғылымның ықпалы бар екенін көрсету, екіншісі – бола­шақ жас мамандарға сапалы білім беру. Осы жағынан келгенде, алдымен оқытушыларға, ғалымдарға, зерт­теу­шілерге қолдау қажет.

Мейіржан Әуелханұлы:

– Елімізде ЖИ саласында мамандар­ды даярлау бірнеше бағытта жүр­гізіліп келеді. Атап айтсақ, Назарбаев уни­верситеті – ЖИ және деректерді талдау бағы­­­тында терең оқыту бағдарламаларын ұсы­нып отыр. Университет жанындағы Смарт жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) қолданбалы зерттеулер мен тәжірибелік семинарларды жиі өткізеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Сәтбаев университеті, басқа да техникалық бағыттағы ЖОО-ларда маши­­на­лық оқыту, деректерді талдау сияқ­­­ты пәндер оқу жоспарына енгізіліп жатыр.

Мектеп деңгейіндегі бастамалар да жаман емес. «TUMO School» және «Tomorrow School» сынды оқыту орталықтары балалар мен жасөспірімдерге бағдарламау, роботтехника, алгоритмдік ойлау негіздерін үйретеді. Бұл бастамалар ерте жастан ЖИ технологияларына қызығушылықты оятып, болашақта терең білім алуға негіз қалайды. Кейбір мектептерде информатика пәні бағдарламасына бағдарламалау тілдері мен деректерді талдау негіздері қосы­лып жатыр.

Сонымен қатар ІТ-компаниялар, арнайы оқу орталықтары мен акселераторлар ЖИ-ге қатысты қысқамерзімді курс­тар, онлайн тренингтер ұйымдастырады. Бұл курстарға мектеп түлектерінен бас­тап жұмыс істеп жүрген мамандарға дейін қатыса алады. «Astana Hub», «Tech Garden» сияқты технологиялық хабтарда ЖИ шешімдерін әзірлеу, бизнеске енгізу мәселелеріне мән беріледі.

– Елімізде ЖИ жүйелерін енгізу бағытында отандық ғалымдар қандай зерттеу жүргізіп, қандай жобалар енгізді. Жаһандық нарыққа шығуда отандық компаниялардың мүмкіндігі қандай?

Бибігүл Разахова:

– Біздің университетте 2012 жылы «Жасанды интеллект» ғылыми-зерттеу институты ашылды. Қазір оны белгілі ғалым Әлібек Барлыбаев басқарады. Бүгінгі таңда біз әмбебап емес, белгілі бір салалардағы ЖИ жүйесін әзірлеуге айрықша көңіл бөліп отырмыз. Мәселен, қазір білім беру саласында жасанды интеллект жүйесі жиі қолданыла бастады. Елімізде ЖИ қоғамдық бірлестігі бар. Сол бірлестік тарапынан «ақылды оқулықтар» жобасын жүргіздік. Оны математика, қазақ тілі, информатика секілді қалыптасқан пәндерден бас­та­дық. Осы пәндер бойынша «ақылды оқу­лық» оқытушының рөлін атқарады. Оқушыға сабақ түсіндіреді. Оқушының сұрақтарына жауап береді. Қысқасы, «ақылды оқулық» білім алушыға 24 сағат қолжетімді. Біздің ғалымдар ЖИ саласында жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Бірқатар ғалымның еңбектері халықаралық беделді журналдарда жарияланды.

Мейіржан Әуелханұлы:

– Елімізде жасанды интеллект (ЖИ) саласында жүргізіліп жатқан зерттеулер мен қанатқақты жобалар қарқын алып келеді. Мысалы, Назарбаев университетінің Смарт жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) ұлттық деңгейдегі маңызды бастамаларға ұйытқы болып отыр. ISSAI мамандары еліміздің 17 облысы мен 3 ірі қаласында арнайы семинарлар өткізіп, ЖИ саласындағы білім мен тәжірибені таратуда белсенділік танытып жүр. Бұл бастама болашақ инженерлер мен ғалымдардың даярлығын күшейтуге ықпал етеді. ЖИ технологияларын қаржы саласында қолдану да басымдыққа ие болып келеді. Ұлттық банк жүргізген зерттеулер нәтижесінде банктер мен қаржы ұйымдарының 31%-ы қазірдің өзінде ЖИ-ді пайдаланып отырғаны анықталды. Бұл көрсеткіш инновациялық шешімдерді енгізу арқылы қызмет сапасын жақсартуға айтарлықтай септігін тигізеді. Қаржы секторының ЖИ-ді қабылдауы қателік­терді азайтуға, тәуекелдерді болжауға және автоматтандыруды жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар отан­дық компаниялардың ЖИ саласында әлемдік нарыққа шығу әлеуеті де жоғары. Мәселен, «Presight AI» компаниясы мен «Astana Hub» халықаралық технопаркі бірлесіп өткізген «AI Battle» жарысы отандық стартаптардың танымал­дылығын арттыра түсті. Халықаралық сарапшылардың назарына іліккен үздік жобалар қаржылық қолдауға ие болып, өз өнімдері мен қызметтерін жаһандық деңгейде ілгерілетуге мүмкіндік алды.

Нұрзада Амангелді:

 – Әлеуметтік сала бойынша бірқатар жобамен айналысамын. Әсіресе бизнес пен ғылымды үйлестіріп жүрген маманмын. Бизнес – уақытқа салынған ақша. Белгілі бір уақыттан кейін табыс әкелуі керек. Ал ғылым – шығармашылық еңбек. Оған шектеу қойылмау қажет. Әлемдік на­рыққа шығуға отандық компания­лар­дың мүм­кін­дігі өте көп.

– ЖИ технологияларының еңбек нары­ғына тигізетін әсері қандай бол­мақ? Олар адамды ауыстыра ала ма?

Өркен Мамырбаев:

– Адам баласының екі қыры бар: бір жағы жақсы, бір жағы жаман. Кез келген нәрседе де солай. Жасанды интеллектіні де осы тұрғыдан қарастыруға болады. Егер оны адамзат игілігі үшін қолдансақ, ол көптеген мәселені шешіп, дамуға серпін береді. Алайда егер оны теріс мақсатта қолданса, ол қауіп тудырады. Соның ішінде ең үлкен қауіптердің бірі – ақпараттық қауіпсіздік мәселесі. Мысалы, жасанды интеллект арқылы белгілі бір деректер базасына ену, құпия мәлі­мет­терді бұзу немесе шетелдік ұйым­дарға беру қаупі бар. Бұл – ұлттық қауіп­сіздікке тікелей әсер ететін фактор­­лар­дың бірі. Сондықтан да біздің басты міндетіміз – деректерді сыртқа жібермей, өзіміздің ішкі жүйемізде жинақтау және өңдеу.

Екінші маңызды мәселе – білім жүйесі. Қазіргі уақытта білім саласында үлкен өзге­рістер болып жатыр. Көптеген маман­дық жойылып, олардың орнын робот басады. Бұл өзгерістер жұмыссыздық дең­­гейінің артуына алып келуі мүмкін. Сон­­дықтан да біздің басты міндетіміз – білім сапасын арттыру. Баланы заман талабына сай жан-жақты дамыту қажет. Егер ол жоғары білікті маман болып қалыптасса, ешқашан жұмыссыз қал­май­ды. Керісінше, оған сұраныс артады. Ал егер білімі әлсіз болса, маманның бә­се­­кеге қабілеттілігі төмендейді, соның сал­­­­дарынан жұмыс­сыздық мәселесі туын­дай­ды.

Жасанды интеллект ғылыми үдеріс­­тер­ді жеңілдетумен қатар, кей тұстарда оны күрделендіреді. Ғылыми мақалалар қазір ЖИ көмегімен өңделеді. Біздің орталық оннан аса халықаралық ғылыми журналдардың редакциясында жұмыс істейді. Бізге рецензияға мақалалар түседі, сол материалдар жасанды интел­лект ар­қылы талданады. Ең алдымен, ақ­па­рат­тың алынған көзі анықталып, содан кейін оның ғылыми жаңалығы мен маңыздылығы бағаланады. Жасанды интеллект бір есептің бұрын шешілгенін көрсете алады, бірақ оның қандай үлес қосқанын, қандай әдіспен жетілдірілгенін толық анықтай алмайды. Яғни ғылымда шеберлік пен кәсіби біліктілікті алмас­тыру мүмкін емес. ЖИ көптеген үде­­ріс­ті оңтайландырғанымен, толықтай маманның орнын баса алмайды. Мысалы, бағдарламалауда алгоритмдер жазу бір бөлек, ал оны күрделі жүйеге біріктіріп, толық­қанды функционалды өнім жасау – кәсіби шеберлікті қажет етеді. Сондықтан да білікті мамандар әрқашан қажет. Жа­сан­­ды интеллект – көмекші құрал, бірақ шешуші рөл әрдайым адамның қо­лында болады.

Бибігүл Разахова:

– Қазір ЖИ саласындағы мамандарға сұраныс жақсы. Бұл сұраныс жыл өткен сайын арта береді деп ойлаймын. Өйткені ЖИ елімізде барлық салада қолданыла бастады. Бір жағынан, мамандықтар трансформацияға түсетіні анық.

Мейіржан Әуелханұлы:

– ЖИ технологияларының қарқынды дамуы мен кеңінен қолданылуы еңбек на­ры­­ғында елеулі өзгеріске жол ашып отыр. Бір жағынан, ЖИ көпте­ген қайталанатын және болжамды міндет­терді автоматтандырып, өндірістік тиімділікті арттыруға көмектессе, екінші жағынан, ол жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, адам капиталын дамыту­ға, мамандардың қайта даярлануына сұ­ра­ныс туғызады.

ЖИ ең алдымен қайталанатын тапсырмаларды орындайтын қызметкерлердің жұмысын жеңілдетеді немесе алмастырады. Мысалы, өндірістік желілерде робот­тар мен автоматтандырылған жүйе­­­лер қолданылады. Банктер мен call-орта­­­лықтарда ақпараттық сұраныстарды өңдеу үшін чат-боттар, дауыс асистенттері пайдаланылады. ЖИ-дің дамуы аналитика, дерек­терді талдау, машиналық оқыту модель­дерін әзірлеу, алгоритмдерді сынақ­тан өткізу сияқты жаңа бағыттарда жоғары білікті мамандарға сұранысты арттырады. Бұл – деректер ғалымдары (data scientist), ЖИ-инженерлер, роботтехника саласының мамандары, үлкен деректерді өңдеу бойынша сарапшылар сияқты мамандықтардың көбеюіне әкеледі.

Алдағы уақытта ескі тәсілдермен жұ­мыс істеп келген қызметкерлер жаңа тех­но­логияларды игеруі керек болады. Осы мақсатта компаниялар мен мемлекет тарапынан курстар, бағдарламалар ұйымдастырылып, жұмыс күшінің дағдылары жаңартылып отыр. Кәсіби маман­дардың біліктілігін ұдайы жетіл­діруі басты міндетке айналды. Бұл «бір мамандықты меңгеріп, өмір бойы сол саламен жүру» деген түсінікті өзгертеді. Ендігі жерде мамандардың мансап жо­лын­да бірнеше рет жаңа дағдылар меңгеруі қалыпты құбылысқа айналады.

Астын сызып айтар дүние, ЖИ қаншалықты дамығанымен, адамға тән толыққанды шығармашылық пен сыни ойлау қабілетін әлі толық алмас­тыра қоймайды. Жұмыс барысында тек техникалық дағдылар ғана емес, тұтынушымен қарым-қатынас, командамен жұмыс, қызмет көрсету мәдениеті сияқты маңызды қырлары да бар. ЖИ бұл салаларда адамдарға қолдау көр­сет­кенмен, адаммен тең дәрежеде сезімталдық білдіре алмауы мүмкін. ЖИ-дің қате шешім қа­­­был­дау тәуекелі бар, ал оны қолдану бары­сындағы заңдық және мо­раль­дық тұрғыдан жауап­кер­шілік көбіне адамның мойнында бол­мақ.

Нұрзада Амангелді:

– Елімізге жасанды интеллект біраз өзгеріс әкелді. Оның игілігін халық көре бастады. Меніңше, ЖИ бірқатар мамандықты ауыс­тыр­­ға­нымен, оның орнына жаңа ма­ман­дық­тар пайда болады.

– Жасанды интеллект туралы заң жобасында неге мән берілу керек? Осы бағыттағы өркениетті елдердің заң жүйесі қалай қа­был­­данып жатыр? Біз бұл салада қай жа­­ғы­нан қауіптеніп, заң­­­мен бақылауымыз қажет?

Мейіржан Әуелханұлы:

– Ең әуелі, ЖИ жүйе­­ле­рінің түрлі салаға – ден­сау­лық сақтау, көлік, қар­жы операциялары секіл­ді маңызды бағыт­тар­­ға – нақты араласатынын ескерсек, қате ше­­­шім­дер немесе зиян кел­ті­ре­тін жағдайлар туындағанда кім жауапты болатынын айқындау керек. Жүйенің әзірлеушісі ме, тапсырыс берушісі ме, әлде ЖИ-мен тікелей жұмыс істейтін оператор ма? Заңда осы тараптардың міндеттері мен шекаралары анық жа­зылуға тиіс. Сонымен қатар ЖИ адам өміріне, денсаулығына ықпал ететін салаларда қолданылғанда (роботтехника, автономды көліктер, медициналық құрылғылар) қауіпсіздік талаптарын нақтылап, сынақтар мен тәуекелдерді бағалау рәсімдерін заңдастыру маңызды. Бұған тиісті стандарттарды бекітіп, оларды тұрақты түрде жаңартып отыру қажет. Екінші жағынан, ЖИ шешімдері қалай қабылданғанын түсіндіру мүмкіндігі болуы керек. Әйтпесе, қоғамда әділетсіздік, жалған ақпарат таралуы, тіпті белгілі бір топтарға артықшылық көрсету сынды мәселелер көбеюі ықтимал. ЖИ көмегімен жасалған ән, сурет, мәтін немесе бағдарламалық кодтың нақты авторы кім деген сұрақ та аса өзекті. Осы бағытта авторлық құқық пен патенттік қорғауға байланысты ережелерді заңнамада толықтыру қажет. Сондай-ақ ЖИ технологияларын тежеуден гөрі, оны дамыту тәсілдерін тапқан жөн. Мысалы, стартаптарды, ғылыми-зерттеу орталықтарын салықтық жеңілдіктермен немесе гранттармен қолдаудың маңызы зор.

ЖИ-ді реттеу бойынша Еуроодақ, АҚШ, Қытай сынды алпауыт мемлекет­тер­дің тәжірибесіне назар аударсақ, әрқайсысы ЖИ-дің әлеуметтік және экономикалық әсеріне қарай өзінше тәсіл қолданады. Еуроодақта жасалған «Artificial Intelligence Act» (AI Act) заң жобасы жоғары тәуекелді (high-risk) ЖИ жүйелерін анықтап, оларды қатаң бақылаудан өткізуді талап етеді. Ал «GDPR» ережелері ЖИ пайдаланатын кез келген платформаға деректерді қорғау жағынан қатаң талаптар қояды. АҚШ-та ЖИ-ге арналған бірыңғай федералды заң жоқ, бірақ жекелеген штаттардағы деректер құпиясы мен этикаға қатысты заңдар және ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне сай қабылданған құжаттар бар. Ал Қытай мемлекеттік бақылауды күшейту арқылы қоғамдық тұрақтылыққа нұқсан кел­ті­ретін контенттің алдын алуға басым­дық береді, соның ішінде жалған ақпарат тарату мәселесіне ерекше мән береді.

Бибігүл Разахова:

– Кез келген дүниені қолданар алдында біз оның стандартына қараймыз. Сол сияқты ғалымдар ЖИ қолданудың стандартын бірінші жүзеге асыру қажет. Содан кейін стандартқа сәйкес заңдылықтар шығады. Алдымен ЖИ стандарты болуы керек. Бұған дейін ол болған емес. Онда ашықтық, қауіпсіздік, ақпараттық қауіпсіздік стандарттары анық жазылғаны жөн.

Нұрзада Амангелді:

– Жасанды интеллект туралы заң жобасын арнайы мамандар әзірледі деп ойлаймын. Сондықтан ол туралы артық ештеңе айта алмаймын. Бірақ заңда ЖИ әзірлеушілерге бақылау жасау туралы арнайы жазылуы қажет.

Өркен Мамырбаев:

 – Заң жобасы бойынша Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің қабылдауында болдық. Онда ұлттық тілдік модельді дамыту мәселесі қарастырылды. Алдымен, бұл тілдік модельді қалай жасау керектігі, оны қандай құрылым басқаруға тиіс екендігі талқыланды. Заң жобаларын қарау барысында екі негізгі бағыт анықталды. Соның біреуі – деректер қорының ашық және жабық жүйелерге бөлінуі. Жабық жүйе ұлттық қауіпсіздікке қатысты құпия мәліметтерді сақтайды және ол арнайы ұйымдардың бақылауында болады. Бұл деректерді сақтау мен пайдалану қатаң талаптар мен ережелерге сәйкес жүзеге асырылуға тиіс. Ал ашық жүйе ғылыми зерттеулерді дамытуға, түрлі үдерістерді автоматтандыруға бағытталады. Осы екі жүйенің қатар дамытылуы маңызды деген ұсынысымыз қабылданды. Осы жоба негізінде ашық білім мен ғылыми зерттеулерді дамыту міндеті Ғылым және жоғары білім министрлігіне жүктелді. Қазіргі уақытта ұлттық тілдік модельдің негізгі концепциясы жасақталып, оны жүзеге асыруға қатысатын ұйымдар анықталды. Бұл тұжырымдама елімізде қандай бағыттарды дамыту қажеттігін, жасанды интеллект технологияларының қай салаларға ықпал етуге тиіс екенін айқындауға бағытталған.

Жоба аясында осы бағыттарды жүзеге асыруға арналған жол картасы дайындалды. Қазір тұжырымдамалар ұсынылып, оларды қабылдау, бекіту үдерістері жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта осы жол картасына сәйкес жасанды интеллект саласындағы негізгі бағыттар дамытылып, ұлттық тілдік модельді жетілдіру жұмыстары жалғасады.

Дөңгелек үстелді дайындағандар –

Азамат Есенжол,

Айтолған Жүнісхан,

Бекзат Құлшар,

«Egemen Qazaqstan»