
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Астықтың экспорттық нарығы кеңейіп жатыр
Еліміз жыл сайын 8-9 млн тонна астық экспорттайды, оның 6,5-7,5 млн тоннасы – бидай. Экспорт географиясы 40-тан астам елді қамтиды. Орталық Азия, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран, Италия, Тунис елдері дәстүрлі нарық саналады. Былтырғы қараша соңындағы жағдай бойынша 6,3 млн тонна астық экспортталды. Жаңа өнім экспорты 2,37 млн тоннаны құрады, бұл бұрнағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға артық. Дегенмен, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімінің әрбірін терең өңдеп, әуелі өзімізді, кейін экспортты қаматамасыз етуді меңзеген еді.
Айтпағымыз, бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар бар. Мәселен Қостанай облысында бидайды терең өңдейтін зауыт салынады. Құны 50 млрд теңгеден асып жығылатын жобаны «KazFoodProducts» жүзеге асырып жатыр.
«KazFoodProducts» бас директоры Әлихан Қайратбектің сөзіне ден қойсақ, жаңа «Qostanay Grain Industry» зауытының қуаты жылына 400 мың тонна бидай өңдейді. Мұнда аминқышқылы, биоэтанол, глютен, мал азығы, бидай кебек өндірілетін болады. «Qostanai Grain Industry» ЖШС жобасын іске қосу мерзімі – 2027 жылғы желтоқсан. Жаңа өндірісте 600 жаңа жұмыс орны ашылады.
Мұнымен қоса Алматы облысында бидай мен жүгеріні терең өңдеу саласында көшбасшы «АзияАгроФуд» зауытының өндірістік қуатын тәулігіне 200 тоннадан 300 тоннаға дейін арттыру жобасы қарастырылған. Бұл жобалар азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетті арттыруға, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға оң әсер етеді.
Мал басы артты, бірақ...
Қазір елімізде ірі мал – 8,2 млн бас, оның қатарында сиыр – 4,4 млн, жылқы – 4,1 млн, ал түйе – 2,8 млн. Бұл дерек елдегі мал басының айтарлықтай артқанын көрсетеді. Бұл біріншіден, осы салада жұмыс істеп жүрген азаматтардың еңбегінің нәтижесі, екіншіден Үкіметтің тиімді ықпалы. Әйткенмен бүгінде мал бағу, төл алу мен мал өнімдерін өндіріп сату қиындап барады. Оның басты себебі – мал өнімдерінің нарықтағы бағасының төмендігінде.
«Салыстырмалы түрде қарасақ, қой етінің бір килосы Швейцарияда теңгеге шаққанда 9,5 мың теңге, Германия мен Нидерландта – 5,5 мың теңге шамасында, ал АҚШ, Жапония, Оңтүстік Кореяда 5 мың теңгеден асады. Қазақстанда қой етінің нарықтағы бағасы килосына 1,8-2 мың теңге. Былай қарағанда, елдегі қой шаруашылығының әлеуеті зор, бірақ мал саны неге өспейді? Өткен жылы 1990 жылмен салыстырғанда елдегі қой саны 1,8 есеге, яғни 35,7 млн бастан 19,7 млн басқа азайған. Қой басының 51,5%-ы елдегі үш облыста шоғырланған. Таратып айтсақ, Түркістанда 22,3%, Жамбылда 17,3% және Алматыда 11,9%. Сондықтан осы облыстардың экономикалық даму жоспарында қой шаруашылығына басымдық беру қажет», дейді «Ауыл» партиясы Ақпараттық талдау бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Жұманов.
Аграрлық салада сапалы өнім шығару ісі әр бағытта жүргізіліп жатыр. «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» басқарма төрағасы Айгүл Ахмеджанова Семейде Шәкәрім университетінің жұмысымен танысты. Онда профессор-оқытушы құрамымен аграрлық ғылым мен білім беруді дамытудың негізгі мәселелері талқыланды. Негізгі мақсат – болашақта мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған технопарк құру.
«Университеттің аграрлық сектор үшін білікті мамандар даярлауда бай тарихы, мол тәжірибесі бар. Технопарк құру арқылы жергілікті өнімді қайта өңдеудің сапасы мен көлемін едәуір жақсартуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», деді Айгүл Ахмеджанова.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Татарстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Марат Зяббаровпен кездесуінде еліміздің ауыл шаруашылығы жөнінде баяндады. Мал шаруашылығына жеке тоқталып, ет өндірудегі мүмкіндігі туралы айтты.
«Жемшөп дайындаудан бастап дайын өнімді сатуға дейінгі толық циклді ет кластерлері құрылып жатыр. Аустралиялық тәжірибе бойынша алдағы 2 жылда қуаттылығы 98 мың бас ІҚМ 6 бордақылау алаңын, 50 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау кешенін, сондай-ақ бірінші мамандандырылған мал биржасын салу жоспарланды. Министрлік әрбір жобаны сүйемелдеуді жүзеге асырады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу біз үшін басым бағыт. Біз ел аумағында бірлескен өндірістер құруға мүдделіміз», деді вице-министр.
Былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша АӨК өнімінің Татарстанмен тауар айналымы 61,1 млн АҚШ долларын құрады, бұл бұрнағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға артық. Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын ұлғайтуға мүдделілігін атап өтті.
Жеке шаруашылықты қолдау ақсап тұр
Мемлекет басшысы жеке шаруашылықтарды қорғау шарасы туралы бірнеше рет айтты. Өкінішке қарай, бұл істе ақсап тұрған шаруа шаш етектен. «Былтырғы қарашадағы статистикалық мәліметте сүт өндірісі 3 млн тоннаға жетті. Оның 1,1 млн тоннасы ауыл шаруашылығы құрылымдарына, ал 1,9 млн тоннасы жекеменшік шаруаларға тиесілі. Тауық жұмыртқасын өндіру 3,7 млрд данаға дейін жетті. Онда ауыл шаруашылығы құрылымдарында 3,1 млрд данаға дейін ұлғайды. Салада шағын шаруашылық пен жеке шаруашылықтың үлесі 0,6 млрд дана немесе 16,2 пайыз. Бірақ осы жеке шаруашылықтарды мемлекет тарапынан жүйелі қолдау ақсап тұр. Бұл бағытты қолдау үшін арнайы заң қажет», дейді Қуаныш Жұманов.
Ал Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин «Қазақстанда сүт өндіруді тұрақты дамыту саласындағы кәсіпорындардың біліктілігін арттыру» (KFM) Қазақ-Герман жобасының жетекшісі Уве Веддимен кездесті. Сөйтіп саладағы білім мен білік және тәжірибе жөнінде бірқатар мәселенің шешімін тапты.
«Малға күтім жасау, оны күтіп-бағу және азықтандыру, жемшөп дайындау және сақтау бойынша білім мен дағдыларды жетілдіру – мал өнімділігін арттыру және сүт өңдеу кәсіпорындарының талаптарына сай сапалы сүт өндіру үшін маңызды. Бұл, әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату және «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылар үшін өзекті», деді кездесу барысында А.Бердалин.
Өткен жылы «Байсерке-Агро» ОҒӨО және KFM жобасы халықаралық және отандық сарапшылардың қатысуымен 27 практикалық семинар мен вебинар өткізген. Кездесуде «ҰАҒББО» КЕАҚ-мен бірлесіп осы жылға арналған тақырыптарды пысықтауды жалғастыру туралы шешім қабылдады. Оқыту үдерісі ферма мамандарын өндірістен қол үзбей қамтуды көздейді. Бұл өз кезегінде шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға оң әсер етеді.