
Осыдан біраз бұрын облыстық музей ұжымы «Сыр өңіріндегі далалық экспедиция және эмпирикалық зерттеулер» ғылыми жобасын қолға алып, оның шеңберінде аймақта өткен ұсталар мен олардың мұралары кеңінен зерттелген болатын. Музей қорын этнографиялық экспонаттармен толықтырған осы бастама аясында заманында ұсталық қылып, науқастардың дертіне шипа берер емшілікпен айналысқан Мәмбет әулие ұстаған Құран кітабы халық игілігіне айналды.
Ел аузындағы аңызда Мәмбет Олжабайұлының ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазіргі М.Шәменов ауылдық округіне қарасты «Көктонды» асарының маңында дүниеге келгені айтылады. Кіші жүздегі Табын руының Тоқберлі аталығынан тарайтын Мәмбетке әулиелік пен ұсталық қасиет бала кезінде қонған деседі.
Бірде қазіргі ұстаханасы тұрған жерде топ баламен бірге мал жайып жүрген бала Мәмбет көрік басып, төстегі темірді балғамен ұрып жатқан адамдарды көреді. Қасындағылар байқамаған осы тылсым балаға жиі көріне берген соң әкесі Олжабай ауыл ақсақалдарын алып әлгі жерге келеді. Ол «Мұндайда мал шалып, құрбандық беру керек» деген қариялардың ақылымен астындағы атын шалып жібергенде маңындағылардың көзіне гүрсілдеген көрік, жалаңдаған от, шақылдаған балға көрінген екен. Содан ауыл ақсақалдары: «Мына ұста дүкенінің иесі Мәмбет болады», деп балаға батасын беріпті.
Әулиенің пірі жеті қазан, аққу, жолбарыс, қасқыр, жылан болған деседі. Ел арасында бүгінге дейін қызуы темірді балқытатын отқа қолын сүңгітіп, бір сипағанда қазанның жарығын бітейтін әулиелігі, адам басындағы жараны сипап-ақ жазатын емшілігі туралы жиі айтылады.
Құран кітабын әулиеге Қалжан ахунның балалары сыйлаған деген дерек бар. Мәмбеттің ұрпағы Телғара Орынбайұлы мәңгілік мекені Жалағаш кентінен Батысқа қарай жол бойынан бұйырған баба зиратының шырақшысы болып, өзі дүниеден өткенге дейін осы кітапты көзінің қарашығындай сақтаған екен. Құнды дүниені музей қорына осы Телғара ақсақалдың қызы ақын-сазгер, ұлағатты ұстаз Айкүміс Орынбаева тапсырыпты.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Ләззат Жалғасбаеваның айтуынша алда құнды дүниені түрлі тақырыптық көрмелерге қою жоспарланып отыр.
ҚЫЗЫЛОРДА