
Полиция департаменті облыс аумағында «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру аясында басқа құзыретті органдармен бірлесіп, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Жедел-профилактикалық іс-шаралар арқылы облыс полицейлері былтыр 665 есірткі қылмысының жолын кесіп, заңсыз айналымнан 400 килоға жуық есірткі заттарын тәркіледі.
Мәселен, жедел уәкілдер Ордабасы ауданында медициналық мекеменің күзетшісін ұстады. Оның көлігінен 2400-ден аса «Трамадол» таблеткасы тәркіленіп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ заңсыз айналымнан 4 килодан аса синтетикалық есірткі тәркіленген. Яғни полиция «синтетиканың» 8 700 дозасының таралуына жол бермеді.
Полицейлер интернет желісіне мониторинг жүргізу барысында «киберқадағалау» жүйесінің көмегімен 153 есірткі сайтын анықтап, бұғаттады. Қылмыскерлер көбінесе тыйым салынған заттарды тарату үшін Telegram-да немесе түрлі сайттарда чат-боттар арқылы жұмыс ұсынады екен. Осылайша, жастар «жеңіл ақшаға» үміттеніп, есірткі таратушылардың тұзағына түседі, соңында жауапқа тартылып жатыр. Осы ретте полиция есірткіні жасырын қойып кетті деген күдікпен 30-дан аса жасты ұстады. Бұл орайда тәртіп сақшылары нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмыстарына қарсы іс-шараларды үздіксіз ұйымдастырып келеді. Мысалы, облыс полицейлері белгілі спортшылар, әншілер, қоғам қайраткерлері және халық қалаулыларын қатыстырып, саламатты өмір салтына және есірткіден бас тартуға шақырып, түрлі форумдар мен челлендждер жасауда. Оған 50 мыңнан аса студент пен жергілікті тұрғын қатысқан. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
Айта кетелік, жуырда полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің төрағалығымен өткен жиында жыл басынан бері тіркелген қылмыс саны 501-ден 423-ке дейін азайғаны мәлім етілді. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар – 15,5%, бұрын сотталғандар жасаған қылмыстар – 30,1%, ал мас күйінде жасалған қылмыс 30%-ға төмендеді. Сонымен қатар тергеудің заманауи әдістерін енгізудің нәтижесінде қылмыстық істердің ашылуы жақсарды. Бүгінгі таңда соттарға 225 қылмыстық іс жіберілді, ал жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен 11 іс жолданған.
Түркістан облысы