Еңбек • 14 Ақпан, 2025

Су жинақтаушының сыры

168 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қыс ортасында таң алагеуімде де қараңғылық басып тұратын Қобданың көшелерінде ауыл итінің анда-мұнда еріне, есіней үргені болмаса, өзге қыбыр еткен дыбыс естілмейді. Ай жарығы сығырайған, табиғат маужыраған күйдегі әдемі тыныштықты бір сәтте қарды сықырлай басқан адам аяғының дыбысы бұзады. Санаулы секунд ішінде көше қиылысынан қолшамның жарығы түсіп, қалың тонды, саптама етігімен қарды нығырлай басқан, иығына асып алған сөмкесі бар зор денелі кісі жақындайды. Ол шеткі көшені кесіп өтіп, қырға беттеп барады. Бағыты – үш шақырым жердегі су айдайтын мекеме.

Су жинақтаушының сыры

«Қобдасу» қазынашылық-мемлекеттік кәсіпорнының аға шебері Тасболат Есенғұловтың күнделікті жұмысы осылай басталады. Қыр басындағы мекемедегі су айдайтын қондырғыны қосып, қос резервуарға 70 метр тереңдіктен шыққан тіршілік нәрін толтырып, тарату желілеріне айдайды. Аяз бен боранды күндері жұмыс көбейеді. Су жиналып, айдалып кеткенше қондырғыдан көз алмайды, ұңғыға жалғанған насостарды тексереді.

Қыр басындағы жұмысын бітірген соң үйіне келіп, Ұлжан апай дайындап қойған ас-суын ішеді. Одан кейін де маза жоқ. Жұмысы екі мезгіл су жинап, тораптарға таратумен шектел­мейді. Енді әріптестерімен Қобда­ның балабақшалары мен қос мектебі, ауруханасындағы кәріз, тұщы су құбырларын тексереді. Өйткені аязды күндері құбырлар жиі қатып, су жүрмей қалатыны бар. Мұндай кезде бірден қоңырау түседі. Шақыртуға коммуналдық мекеме қызметкерлері жедел баруға тырысады. Қатқан тұсын тез тауып, ішіндегісін ерітіп жібермесе, құбыр ішіндегі су тұтас мұзға айналып, тұтас жылу жүйесін істен шығаруы мүмкін. Қыс ортасында аурухана мен балабақшалар, мектептердің желілерінің істен шығуын көзге елестетудің өзі қорқынышты. Міне, осындай көзге көрінбейтін бейнетті жұмыстың басында Тасболат Санақұлы сынды қарапайым шеберлер жүр. Уақытпен санаспайтын жұмысқа олар әбден дағдыланған. Алпысты алқымдаған кісіге күндіз-түні құбыр тексеріп жүру оңай емес. Кей күндері су жинайтын құдыққа түсіп, қатып қалған желілерді жөндеуге тура келеді. Содан болар, коммуналдық мекеменің бейнетті жұмысына келуге жас­тар құлықсыздық танытады. Тасболат Санақұлын да осы жағдай алаңдатады. Мүмкіндік болып тұрғанда, ол ауылдың жұмыссыз жастарын осы кәсіпке үйреткісі келеді. Өкінішке қарай, ынталы жас кездеспейді. Құбырды жөндеу, су желілерінің жұмысын қадағалау, істен шыққан бұрандаларды алмас­тыра білу, кәріз құдығына мініп-түсу ерекше ыждағаттылықты қажет ететін жұмыс. Қыр басын­да­ғы алып бөшкелер түс ауа босайды. Қайтадан су айдайтын қондырғыны қосып, резервуарларды толтырады.

в

Қарапайым шебер уақытқа қарамай еңбек етуді ата-анасынан үйренді. Ол Қобданың Байтақ мекенінің тумасы. Бұл ортағасырлық сәулет мұнарасы Абат кесенесі орналасқан жер. Ертеден осы жерді тұрғылықты жұрт Байтақ атандырған. Қарама-қарсы бетте, бірер қырдан асқанда бұрынғы Бұлақ ауылының жұрты бар. Бұл жерде Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың әкесі Нұрмұхамед тұрған. Әлия мен оның жастайында шетінеп кеткен інісі Бағдат сол жерде дүниеге келген. Тасболат ағайдың әкесі Санақ ақсақал Әлия батырдың әкесі Нұрмұхамедтің ағайындары. 1970–1980 жылдары Байтақта Санақ Ашықбаев пен Күләш Сарбасқызы миллионер шаруашылықтардың бірі – «Ленин» ұжымшарының қойын бақты. Көпбалалы отбасында өскен Тасболат та бала кезінен қара жұмысқа араласты. 1977 жылы облыс орталығында мектеп-интернаттың 8-сыныбын аяқтаған бойы әкесіне қолғабыс етті. Әке-шешесінің «туған жерге еңбегің сіңсін» деген қағидасын берік ұстанған азамат Байтақтан ұзамады. 2000 жылға дейін ауылын­да экспедитор, ферма меңге­рушісі, зоотехник болып жұмыс істеп, балалары ержеткенде аудан орталығына қоныс аударды.

2019 жылы «Қобдасу» комму­налдық мекемесіне шебер болып орналасты. Ауыл шаруашылығы саласын жетік білетін оған ком­муналдық мекеменің жұмысына қайта мамандануға тура келді. Еңбексіз бір күн де бос отыра ал­май­тын тынымсыз жанға осы жұ­мыс ерекше ұнайды. «Ең бастысы – жұртқа пайдаңды тигізу» дейді ол.

Тасболат Санақұлы мен Ұлжан Бақытжанқызы ұл-қыздарынан жеті немере-жиен сүйіп отырған бақытты әулет. Ұлжан апай Қобда Жүргізушілер одағы филиалында көліктерге техникалық қызмет көрсету маманы.

«Коммуналдық мекеменің жұмысы өте мазасыз. Кейде күндіз-түні жүруге тура келеді. Сенбі, жексенбіге қарамай еңбек ететініміз бар. Шақырту түскенде жұмыста болуың керек. Беймезгіл жұмысы көп болғандықтан, жас­тар келмейді. Тұрғын үй жағынан жас отбасыларға қолдау болса, олар тұрақтанар еді», дейді тә­жіри­белі маман.

Жаз күндері «Қобдасу» мамандары қыр басынан шықпайды. Резервуарлар босап қалмауы керек, электр тогімен жұмыс істейтін қондырғыларды күндіз-түні бақылау керек. Өйткені жазда аудан тұрғындары тәулігіне 600 текшеметрге дейін су тұтынады.

Бүгінде Қобда ауданы тұрғын­дарының 95%-ы сапалы ауызсумен қамтылған. Ауызсудан таршылық көріп отырған Жиренқопа, Ақы­рап ауылдары ғана. Жер шалғай болғандықтан, ол жаққа Қобдадан құбыр тарту оңай емес. Қобда – бұлақты жер. Әр тұстан ытқып шығып жататын тұщы су көздері көп кездеседі. Ертеректе судың сырын білетін ақсақалдар бұлақты көзін тауып, ағашпен арши отырып жер бетіне шығаратын. Тасболат әкесінің жанында жүріп, сушы ақсақалдарды көп көрді, олардың әңгімесін естіді. Қыр басындағы сушылық жұмысты ұнатуының да сыры осында. Ол ысырапшылдықты ұнатпайды. Құбыр суын бей-берекетсіз ағызуға болмайды деп жүрген жерінде ескертіп жүреді.

 

Ақтөбе облысы