Мәдениет • 14 Ақпан, 2025

«Ақбикеш» мұнарасы қайта қалпына келтіріледі

128 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрамына Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, облыс әкімдігі, реставраторлар, авторлық қадағалау мамандары және аталған ескерткішті бұрын зерттеген сарапшылар енген жұмыс тобы қайта қалпына келтіру жұмыстары кезінде қолданылған материалдардың бұзылу себептерін анықтау мақсатында бұйрығымен құрылған. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиеваның айтуынша, алдағы уақытта мұнараға консервациялық жұмыстар жүргізіледі.

«Ақбикеш» мұнарасы қайта қалпына келтіріледі

«Ең маңыздысы – бұзылған мұнараның өзі емес, қайта қалпына келтіру кезінде қолданылған материалдар. Қазіргі таңда тарихи көрінісін сақтап тұр. Егер қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылданса, ғылыми-реставрациялық жұмыстар тиісті лицензиясы, біліктілігі және тәжірибесі бар ұйыммен орындалады. Еліміздің заңнамасына сәйкес, ескерткіш тек толық физикалық жойылған жағдайда ғана тарихи-мәдени құндылық мәртебесінен айырылады. Осыған байланысты, «Ақбикеш» мұнарасы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін сақтап қалады», деді Жанат Сейдалықызы.

Ал «Қазқайтажаңарту» РМК директоры Алмас Абдиев қайта қалпына келтіру жұмыстары бойынша шешім мамандардың пікірін ескере отырып қабылданатынын айтты. «2020 жылға дейін мұнараның сақталу деңгейі 5-6 метр биіктікте болған. Ғылыми-реставрациялық жұмыстар күннің суығында жүргізілгендіктен, ауа райының қолайсыздығы жаңа және бұрынғы материалдардың бірігу процесіне кері әсерін тигізді», деді Алмас Абдиев.

Ақсүмбе ауылынан батысқа қарай 1 шақырым жерде биік жота басында орналасқан тарихи нысан  2019 жылы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Мұнараға 2020 жылы алғаш рет республикалық бюджет есебінен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазқайтажаңарту» РМК тарапынан ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілген болатын.