Үкімет • Бүгін, 08:55

Энергетикалық жобаларды жүзеге асыру міндеті

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында электр энергетикасы саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі қаралды. Отырыста тиісті ведомство басшылары салада атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.

Энергетикалық жобаларды жүзеге асыру міндеті

Ұқыпты пайдалансақ, ұтарымыз көп

Еліміздің энергетикалық жүйесі қалыпты режімде әрі Орта­лық Азия елдерінің энергетикалық жүйе­лерімен қатар жұмыс істеп тұр. Бүгінгі 237 электр стансаның 79-ы дәстүрлі генерация көздері, қалған 158-і жаңартыла­тын энергия көздерінен тұрады. Энергети­ка министрлігі энергетикалық қауіпсіз­дікті нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыр­туға, қуаттарды кеңейтуге, цифрлық ше­шімдерді енгізуге бағытталған тұрақты негізде шаралар қабылдап жатыр.

«26 ГВт-тан астам жаңа өндіруші қуаттарды 2035 жылға дейін енгізуді көздейтін жоспар аясындағы жұмыс белсенді түрде жалғасып отыр. Жаңа қуаттарды іске қосу қолданыстағы стан­саларды жаңғырту арқылы әрі жаңа нысандарды салу арқылы да жүзе­ге асырылады. Өткен жылы 771 МВт жаңа қуат іске қосылды, оның 608 МВт дәстүрлі, ал 163 МВт жаңартылатын энер­гия көздері. Жалпы, 2029 жылға дейін жаңа 6,7 ГВт қуат көздерін іске қосу жос­парланған», деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Министрдің айтуынша, биыл 621 МВт іске қосу жоспарланған, оның қатарында 166 МВт дәстүрлі, ал 455 МВт жаңартылатын энергия көздері. Қазір 370 МВт іске қосылды, оның ішінде 216 МВт жаңартылатын энергия қуаты. Жылдың соңына дейін 251 МВт пайдалануға беріледі.

Келесі жылы шамамен 2 600 (екі мың алты жүз) МВт қуатты, оның қата­рында жиынтық қуатты 174 МВт жаңартылатын энергия объектісін енгізу жоспарланып жатыр. 2027 жылы қуатты шамамен 1 500 МВт, сондай-ақ қуаттылығы 573 МВт болатын жаңартылатын энергия объектісін іске қосу көзделіп отыр.

Ал 2028 жылы 2 000 МВт-тан астам қуатты, оның қатарында 245 МВт жаңар­тылатын энергия объектісін іске қосу жоспарда бар. Осылайша, 2029 жылы экономиканың электр энергия­сына деген барлық қажеттілігін жабу мен энергия жүйесін профицит­пен қамтамасыз етуге тиіс. Бұл елдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұған қоса министрлік Мемлекет басшысының таза көмір технология базасында көмір генерациясын дамыту бойынша тапсырмасына сәйкес экологиялық талаптар мен нормаларына сай келетін бірқатар ірі жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.

 

Жаңартылатын қуат көздері мен атом энергиясы

Бүгінде энергетика саласы әлемдік экономикада маңызды рөл атқарады. Электр энергетикасының дамуы ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарынан бастап шағын бизнеске дейін бүкіл өнеркәсіп саласының өсу қарқынына тікелей әсер етеді.

«Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет алдына өте ауқымды міндет қойып отыр. Яғни 2035 жылға дейін жалпы қуаты 26 Гигаватт болатын жаңа энергия көздерін іске қосуымыз керек. Ол үшін дәстүрлі генерациямен қатар, жаңартылатын қуат көздері мен атом энергиясы сияқты баламалы энергетиканы дамыту бағытында да белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр», деді О.Бектенов.

а

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Қазір электр энергиясының негізгі генерациясын көмір стансалары өнді­реді. Сондықтан еліміз алдағы уақытта дәстүрлі энергетиканы дамытуға да баса мән беретін болады. Бұған қоса қолданыстағы энергия көздері мен коммуналдық желілерді жаңғырту мен кеңейту шаралары іске асырылып келеді.

«Республиканың батыс аймағын Бірыңғай энергетикалық жүйемен біріктіру, сондай-ақ оңтүстік аймақтың желілерін күшейту қолға алынды. Аталған міндеттерді жүзеге асыру еліміздің барлық өңірін энергиямен сенімді түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрбір пайыз қосылған қуат көзі экономиканың өсуіне, жаңа инвестициялардың келуіне жол ашады», деді О.Бектенов.

Бұған қоса, Үкімет басшысы ең алдымен, кез келген энергия жүйесінің тұрақтылығы маневрлік қуаттардың бар-жоғына байланысты екенін айтты. Кейінгі жылдары жүктеме артқан са­йын оның тапшылығы да анық байқалып келеді.

«Біз қажетті көлемді электр энергиясын қайта бағыттау арқылы толықтырып отырмыз. Энергияны тұтыну қарқыны жылдан-жылға арта беретін болады. Электр қуаты жаңа өнеркәсіп орындарын, деректерді өңдеу орталықтарын іске қосу, цифрлық технологиялар мен инфрақұрылымды дамыту үшін қажет. Ал ол үшін энергетика саласы қарқынды дамуға тиіс», деп ойын жалғады Премьер-министр.

Сондықтан еліміз атом энергетикасына баса мән беріп отыр. Жос­парланған барлық энергетикалық жобаларды уақтылы іске асырып, жаңа технологиялық шешімдерді, со­ның қатарында энергияны жинақтау жүйелері мен гибридті электр стансаларын іске қосу қажет.

 

Мақсат – шынайы әрі сапалы өзгеріс

Электр энергетикасын дамыту мен цифрландыру энергияны өндіру, бөлу мен тұтыну тиімділігін арттырады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Энергетика министрлігі Цифрлық трансформация картасын бекітті. Ол Smart Grid, цифрлық егіздер, мониторинг жүйелері және жасанды интеллектіге негізделген болжау технологияларын енгізу кезеңдерін айқындайды.

«Энергетика саласында қосалқы түрлерімен бірге 43 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олардың 99 пайызы онлайн форматта жүзеге асырылады. 2027 жылға қарай нысандардың 50 пайызы цифрлық мониторингпен қамтылып, саланың негізгі үдерістері автоматтандырылады. Қолмен орындалатын ескі рәсімдердің заманауи технологиялармен алмастырылуы – реинжинирингтің бір мысалы. Жаңа шешімдер адами факторды азайтып, дәлдік пен қауіпсіздікті арттырады», деді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Қазір электр беру желілерін тексеру жоғары ажыратымдылықтағы бейне­камералар мен жылу түсіргіштермен жаб­дықталған дрондар арқылы жүзеге асырылады. Олар сымдардың шамадан тыс қызуын, оқшаулануы мен тіректердің зақымдануын анықтайды. Жиналған деректер жасанды интеллектісі бар дефектос­копия жүйесімен өңделеді. Ол ақауларды 98 пайыз дәлдікпен танып, геоақпараттық жүйеде (ГАЖ) энергетикалық желінің цифрлық егізін қалыптастырады.

Үкімет басшысы маңызды бағыттың бірі – цифрлық технологияларды қолдану екенін айтты. Цифрландыру – энергия тиімділігін арттырып қана қоймайды, ол бүкіл саланың сенімді жұмысын қамтамасыз ететін негізгі құрал. Сондықтан цифрлық трансформациялау белгіленген мерзімдерге сай, мүдделі барлық мемлекеттік органдар мен құрылымдар арасында нақты үйлесімді түрде жүргізілгені жөн.

«Мақсатымыз – энергетикада, жалпы экономикада шынайы әрі сапалы өзгерістерге қол жеткізу. Осыған байланысты мынадай тапсырмалар беремін. Әуелі Энергетика министрлігі биылғы жылдың соңына дейін 250 Мегаватт, ал келесі жылы 2,5 Гигаватт энергия қуатын енгізуді қамтамасыз етсін», деген Үкімет басшысы қолданыстағы стансалардың қыс мезгіліндегі жұмысын тұрақты бақылауда ұстау қажет екенін ескертті. Бұған қоса ведомство Қаржы министрлігімен бірлесіп, жылдың соңына дейін «Отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйе­сін» құрып, оған қолдау көрсету бойынша қажетті шаралар қабылдауға тиіс.

Сондай-ақ «Самұрық-Энерго» компаниясы келесі жылғы наурыз айының соңына дейін Семей мен Өскемен қалаларында жылу электр стансаларының құрылысын бастау үшін барлық қажетті іс-шараларды аяқтауы керек. Бұл ретте ауаны ластайтын зиянды қалдықтар бо­йынша заманауи экологиялық стандарт нормаларының сақталуын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар «KEGOC» компаниясы Батыс энергетикалық аймағын Бірыңғай ұлттық жүйеге қосу жұмысын жеделдетуге тиіс. Бұл жоба еліміздің энергетикалық жүйесін байланыстырып, оның дербестігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Премьер-министр жұмысты жедел әрі сапалы орындауды тапсырды. Бұдан бөлек Олжас Бектенов Энергетика, Жасанды интеллект пен Қаржы ми­нистрліктері келесі жылдың соңына дейін Салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығын іске қосып, отын-энергетика кешенінде инфокоммуникациялық инфрақұрылым операторының жұмысын қамтамасыз етуге тиіс екенін айтты. Бұл жүйе энергетика саласының барлық субъектілерін киберқауіптерден қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.