Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Еуропа одағындағы сенімді серіктес
– Сіздің сапарыңыз – екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан мен Финляндия арасында достыққа әрі өзара түсіністікке негізделген ықпалдастық орнаған. Екі елдің ортасында шешімін таппаған мәселе жоқ. Дегенмен инвестиция және сауда салаларында бірқатар мүмкіндік бар. Сіздің бастамаңызбен өтіп жатқан бизнес-форумның орны ерекше. Бүгін аталған жиынға қатысамын. Бұл кәсіпкерлеріміздің іскерлік байланыстарды өрістетуіне зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұған қоса, гуманитарлық ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Қазақстандықтар Финляндияны, сіздердің салт-дәстүрлеріңіз бен мәдениеттеріңізді құрметтейді. Көптеген отандасымыз Сіздің елге турист ретінде жиі барады. Сапарыңыз мемлекеттер арасындағы серіктестікті нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Александр Стубб қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, бұл сапарды асыға күткенін айтты.
– Бұл – менің Қазақстанға үшінші мәрте келуім. Алғаш рет 2008 жылы мен Сыртқы істер министрі, ал сіз Сенат спикері лауазымын атқарған кезде жүздескен едік. Бұл жолы екі бағытқа баса назар аударамыз деп ойлаймын. Бірінші – өзара қарым-қатынас және іскерлік байланыстар. Бүгін Финляндиядан үлкен делегация келді. Оның құрамында 20-дан аса ірі компанияның өкілдері бар. Астана көшелерінен Isku және Honkarakenne сияқты танымал фин брендтерін көрдім. Бұл бізді қуантады. Келіссөздің екінші бағыты – сыртқы саясат және қауіпсіздік. Біршама мәселе бойынша ұстанымдарымыз ортақ, күрделі халықаралық жағдайлардың шешімін табуға бірлесе ұмтыламыз, – деді Финляндия Президенті.
Бұдан кейін Қазақстан мен Финляндия президенттерінің келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен одан әрі жалғасты.
Президенттің айтуынша, Финляндия Қазақстанның Солтүстік Еуропа мен Еуропа одағындағы басты сауда серіктесі саналады. Мемлекет басшысы Финляндияның таза энергетика, технология, цифрлық инновация, экологиялық жауапкершілік, басқару, білім беру және адам капиталы бағыттарындағы жоғары стандарттары әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өтті. Аталған салалардағы Финляндияның жетістіктері көптеген елге, соның ішінде Қазақстанға да үлгі.

– Сіздің басшылығыңызбен Финляндия Еуропада, сондай-ақ әлемде сындарлы рөл атқарады. Мемлекеттік ұстанымыңыз бен құндылықтарға беріктігіңіз Финляндияны дүниежүзіне үлгілі ел ретінде танытып отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан Финляндиямен достық қарым-қатынасқа баса мән береді. Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға әзірміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Бұл ретте Үкіметаралық комиссиясының жұмысы маңызды рөл атқарады.
Президент фин делегациясының құрамында бизнес өкілдерінің болуы Хельсинкидің өзара серіктестікті тереңдетуге шынайы мүдделі екенін көрсетеді деп санайды. Еліміз Финляндия компанияларымен бірлескен жобалардың жүзеге асырылуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
Қасым-Жомарт Тоқаев фин бизнесмендерін Орталық Азияның кең нарығына шығу үшін Қазақстанда шетел инвесторларына жасалатын қолайлы жағдайды пайдалануға шақырды.
Александр Стубб фин компаниялары Қазақстан нарығындағы қызметін кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
– Бүгінгі кездесулерге дайындық барысында делегациядағы кәсіпкерлердің бірі «Қазақстандағы өзгерістің бәрі жедел жүріп жатқанын түсіну керек. Сондықтан баяу қимылдап, бюрократияға жол беруге болмайды» деді. Бұл – дамудың даңғылына түскен елдеріміз үшін қуанарлық жағдай, – деді Финляндия Президенті.
Сондай-ақ тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Бірлескен маңызды мәлімдеме
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Финляндия Республикасының Президенті Александер Стубб Қазақстанға ресми сапарға орай бірлескен мәлімдеме жасады:
- Тараптар Қазақстан мен Финляндия арасындағы достыққа, өзара құрмет пен табысты ынтымақтастыққа негізделген 33 жылдан астам уақыттағы дипломатиялық қатынастарды атап өтіп, Қазақстан-Финляндия әріптестігін одан әрі нығайтуға және әртараптандыруға берік бейілділігін растады.
- Президенттер екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі ауқымды мәселелер, жаһандық және өңірлік оқиғалар бойынша мазмұнды пікір алмасты. Олар тұрақты байланыстарды қолдап отырудың маңыздылығын атап өтті және өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша сындарлы диалогті жалғастыруға уағдаласты.
- Тараптар көпжақты ынтымақтастыққа, сондай-ақ барлық мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеуді қоса алғанда, халықаралық құқықтың және Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының негіз құраушы қағидаттарына адалдығын тағы да растады. Олар даулар мен шиеленістерді бейбіт, саяси және дипломатиялық жолдармен реттеудің маңыздылығын атап өтті.
- Президенттер шағын және орта кәсіпорындарды қолдауға ерекше мән бере отырып, экономика, сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және бизнес жүргізудің орнықты тәсілдерін ілгерілетуге уағдаласты. Олар энергетика, энергия тиімділігі, экологиялық технологиялар, су ресурстарын және орман шаруашылығын басқару, құрылыс, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инфрақұрылым, көлік және логистика, инженерия және озық өнеркәсіп инновациялары сияқты негізгі салалардағы ынтымақтастықты нығайту ниетін білдірді. Тараптар цифрлық даму және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетін атап өтті. Президенттер Азия мен Еуропа арасындағы сенімді әрі тиімді бағыт ретінде маңызы артып келе жатқан Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) мойындап, оны дамытудағы Қазақстанның негізгі рөлін атап өтті. Тараптар Еуропа одағының «Global Gateway» жобасының іске асырылуына қолдау білдірді. Осыған байланысты олар Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Финляндия үкіметаралық комиссиясының екіжақты байланыстарды нығайтудың тиімді алаңы ретіндегі рөлін атап өтіп, ресми сапар аясында бизнес-форумның өткізілуін қолдады.
- Президенттер «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты және қаржылық инновацияларды қолдаудағы рөлін мойындай отырып, орнықты қаржыландыруды ілгерілету және қаржы технологияларын дамыту мақсатында АХҚО мен фин қаржылық және инновациялық институттары арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетін зерделеуге шақырды.
- Президенттер бітімгершілік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгершілік операциялар орталығы (KAZCENT) мен Финляндия Қорғаныс күштерінің Халықаралық орталығы (FINCENT) арасындағы өзара іс-қимылды жалғастыру арқылы нығайтуға деген мүдделерін растады.
- Президенттер орнықты туризм саласындағы озық тәжірибелерді қолдануды қоса алғанда, білім мен тәжірибе алмасуға баса назар аудара отырып туризм саласында барынша тығыз ынтымақтастыққа қолдау білдіретіндерін тағы растады.
- Президенттер жоғары білім, ғылым және зерттеулер жүргізу саласындағы екіжақты ынтымақтастықты қолдауға, сондай-ақ бірлескен академиялық және ғылыми бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерделеуге уағдаласты.
- Тараптар екі ел арасындағы мәдени байланыстарды тереңдетуді қолдай отырып, мәдени ынтымақтастықты көрмелер, концерттер, фестивальдар және кино көрсетілімдерін өткізу арқылы жандандыру ниеттерін білдірді.
- Тараптар көші-қон саясаты саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың және визалық режімді ырықтандыру диалогін ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті. Олар Қазақстан Республикасы мен Еуропа одағы арасындағы визалық режімді жеңілдету туралы келіссөздердің басталғанын қолдап, тиісті келісімнің уақтылы жасалуына мүдделі екендерін растады.
- Тараптар 2020 жылғы 1 наурызда күшіне енген бір жағынан Қазақстан Республикасы, екінші жағынан Еуропа одағы мен оған мүше мемлекеттер арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін атап өтті.
- Президенттер өркендеу мен орнықты дамуды қолдаудың маңызды тетігі ретінде Орталық Азия мен Еуропа одағы арасындағы диалогті нығайтуға бейілділіктерін растады.
- Финляндия Республикасының Президенті Орталық Азия өңіріндегі ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудегі, бейбітшілікті нығайтудағы, достық, сенім және тату көршілік ахуалын қалыптастырудағы, сондай-ақ оның халықаралық аренадағы маңыздылығын арттырудағы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінің рөлін айрықша атап өтті.
- Президенттер 2030 жылға дейінгі Орнықты даму күн тәртібін және Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) іске асыруға жәрдемдесуге және оларды жылдамдатуға, сондай-ақ су ресурстарын басқаруға, ластанумен және шөлейттенумен күресуге, биологиялық әралуандылықты сақтауға және апат тәуекелдерін төмендетуге ерекше назар аудара отырып, климаттың өзгеруі мәселесін шешудің бірлескен тәсілдерін ілгерілетуге уағдаласты.
- Тараптар 2026 жылғы сәуірде Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымымен және басқа да жетекші халықаралық ұйымдармен әріптестікте өтетін және климаттың өзгеруі, «жасыл» экономикаға көшу және Орталық Азия мен оның шегінен тыс жерлерде орнықты даму мәселелері бойынша диалогті ілгерілетуге арналған маңызды халықаралық алаң қызметін атқаратын Өңірлік экологиялық саммитті қолдады.
- Финляндия Қазақстанның Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру жөніндегі бастамасын қолдады. Өз кезегінде, Қазақстан Финляндияға Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті қарарына қолдау жасағаны және тең авторлығы үшін шынайы ризашылығын білдіріп, екі елдің тұрақты дамуды қолдауға, өңірлік тұрақтылықты нығайтуға және жаһандық сын-қатерлерді көпжақты ынтымақтастық арқылы шешуге ортақ түрде бейілді екендігін атап өтті.
- Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарына сәйкес Украинада жаппай, әділ және тұрақты бейбітшілікті тезірек орнатудың маңыздылығын атап өтті.
- Қазақстан Республикасының Президенті Финляндияның 2025 жылы ЕҚЫҰ-ға белсенді төрағалық еткенін атап өтті және осы жауапты мандатты табысты аяқтауға тілектестігін білдірді.
- Президенттер ресми сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар халықтарымыздың мүддесі үшін екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
- Президенттер екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту және ынтымақтастықты тереңдету мақсатында тығыз диалогті қолдап отыруға уағдаласты.
Экономикалық байланыс бағыттары айқындалды
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб «Қазақстан – Финляндия» бизнес форумына қатысты. Қазақстан Президенті елімізге ресми сапармен келген Александр Стуббты қарсы алу зор мәртебе екенін жеткізді.
– Финляндия – халқымыз өте жақсы білетін ел әрі Қазақстанның стратегиялық деңгейдегі аса маңызды серіктесі. Қазақ-фин бизнес форумының табысты өтуіне тілектеспін. Президент Александр Стуббқа осы өзекті форумды ұйымдастыруға бастама көтергені үшін ризашылығымды білдіремін. Басқосудағы пікірталастар қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге тың серпін береді деп сенемін. Финляндиямен серіктестігіміз шынайы достыққа, өзара түсіністікке, сондай-ақ халықтарымыздың инновация, орнықты даму және өркендеу жолындағы ортақ ұмтылыстарына негізделген, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Финляндия Президентінің Астанаға ресми сапары еларалық қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.
– Бүгін Президент Александр Стуббпен жүргізген келіссөз барысында Қазақстан мен Финляндия арасындағы серіктестікті кеңейтуге және дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге ниетті екенімізді растадық. Былтыр Финляндияның Қазақстанға құйған тікелей инвестициясы 80 пайыздан асып, жалпы есебі жарты млрд долларға жуықтады. Финляндия инновация және технология салаларындағы көшбасшылығымен дамыған елдердің бірі ретінде әлдеқашан мойындалған. Kone, Nokia, Fortum секілді компаниялар – ел жетістігінің ең жарқын үлгілерінің бірі. Олар одан әрі өркендеуге ықпал етіп, новаторлардың жаңа буынын ынталандырды. Бүгінде Қазақстанда фин тарапының қатысуымен 50-ге жуық компания табысты жұмыс істейді. Олардың арасында Tikkurila, Wärtsilä, Nurminen, Metso, Valtra, Peikko және басқа да әлемге танымал брендтер бар. Қазақстан осы серіктестікті кеңейтуге, сондай-ақ еліміздегі фин инвестициясының және іскерлік тобының артуына бейіл, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент биылғы үшінші тоқсанда ел экономикасы 6,3 пайызға артқанын, бұл ірі халықаралық ұйымдардың жаһандық өсім болжамынан шамамен екі есе артық екенін айтты. Ішкі жалпы өнім көлемі 300 млрд доллардан асады деп күтілуде.
– Жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші бойынша Қазақстан ТМД, тіпті одан тысқары елдер арасында бірінші орынға ие. Дегенмен бұл көрсеткіш Финляндиядан үш есе төмен. Еліміздің сыртқы сауда көлемі 140 млрд доллардан асты. Бұл да осы аймақтағы ең жоғары нәтиже саналады. Негізгі серіктесіміз – Еуропа одағымен өзара сауда көлемі 50 млрд долларға жуықтады. Шағын және орта кәсіпорындар ұлттық дамудың іргетасы болып отыр. Экономикадағы оның үлесі шамамен 40 пайызды құрады. Біз бұл прогреске экономикада, сонымен қатар саясатта кешенді реформалар жүргізу арқылы толық қолдау көрсетіп отырмыз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» стратегиялық қағидаты – еліміздің саяси бағытының негізгі өзегі. Бұл 2027 жылы жалпыұлттық референдум барысында қабылданатын конституциялық реформалардан кейін де Қазақстанның президенттік республика болып қала беретінін көрсетеді. Сәйкесінше, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы ішкі саясатымыздың басты бағдарына айналды. Заң үстемдігі экономикалық реформаларды табысты жүргізуге және кәсіпкерлікпен айналысуға қажетті жағдай жасайды деп сенемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы UNCTAD мәліметі бойынша, кейінгі бір жылда теңізге шығар жолы жоқ елдер арасында жаңа жобаларға салынған барлық инвестицияның 80 пайызға жуығы Қазақстанға тартылғанын, еліміздің үлесіне құны 1 млрд доллардан асатын жобалардың бестен бір бөлігі тиесілі екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар перспективті салаларына назар аударды.
– Еуразияның қақ төрінде орналасқан Қазақстан – Шығыс пен Батысты жалғастыратын стратегиялық аймақ. Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы еліміздің аумағымен өтеді. Бұл құрлықтағы қатынастың маңызды күретамыры саналады. Жұртшылық Орта дәліз деп танитын, яғни Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыта отырып, Қазақстан құрлықаралық сауданың орталық арнасы ретіндегі рөлін нығайта түседі. Орта дәліздің әлеуетін одан әрі ұлғайту үшін біз транзит ағынын оңтайландыру мен үйлестіруге арналған Smart Cargo бірегей цифрлық басқару платформасын іске қосамыз. Осы ретте аймақта тиімді мультимодальды көлік желісін құрған Nurminen Logistics фин компаниясының күш-жігерін жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан кейін еліміз Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарын белсенді түрде жаңғыртып жатқанына тоқталды. Жылына 240 мың контейнер өткізу мүмкіндігі бар Ақтау портындағы контейнерлік хаб құрылысының алғашқы кезеңін биыл аяқтау жоспарланған.
– Біз тәжірибе мен озық технологиялық шешімдерді алмасу арқылы Хельсинки және Хамина-Котка секілді фин порттарымен ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтыламыз. Бұл елдеріміз арасындағы ықпалдастықтың жаңа бағыты болмақ. Фин компанияларын Еуропа мен Орталық Азия арасында тиімді және орнықты көлік байланысын орнатуға үлес қосып, күш жұмылдыруға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент атом қуатын еліміздің ұзақмерзімді энергетикалық стратегиясының маңызды тірегі санайды. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай әлемде уранға сұраныс 28 пайызға өседі, ал 2040 жылға қарай екі есе артады.
– Еліміз жаһандық ірі уран өндірушілердің бірі саналады, яғни әлемдік сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Финляндияның Радиациялық және ядролық қауіпсіздік басқармасы (STUK) ядролық отынды бейбіт мақсатта пайдалану әрі тәжірибе алмасу бойынша серіктестік орнатты. Біз бұл ынтымақтастықты құптаймыз. Осы орайда Суомидің қауіпсіздік және орнықты ядролық шешімдеріне арқа сүйей отырып, ядролық қалдықтарды басқару бойынша бірлесе әрекет етуге әзірміз. Сонымен қатар Қазақстан көмір энергетикасы саласында таза, тиімді әрі экологиялық шешімдер қабылдауға ұмтылады. Біздің стратегиямыз шығарындыларды барынша азайту үшін заманауи технологияларды енгізуге және өнеркәсіптің, әсіресе, электр энергиясы өндірісінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Сондықтан біз келешегі зор ынтымақтастыққа фин сарапшыларының қатысуын қуаттаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елімізде инновациялық гибридті энергетикалық жүйе мен электр энергиясы өндірісінің икемді технологиясын енгізген Финляндияның Wärtsilä компаниясына алғыс айтты. Президент Қазақстанда энергияның дәстүрлі көздерінен бөлек, пайдалы қазбалардың мол қоры бар екенін атап өтті. Олардың көбі әлі игерілмеген.
– Еліміз сирек кездесетін әрі Еуропа одағы экономикасы үшін аса маңызды саналатын 34 элементтің 21 түрін өндіреді. Біз нақты прагматикалық әдіске жүгінеміз: шикізатты инвестиция мен технологияға алмастырамыз. Финляндияның Metso компаниясы минералды шикізатты өңдеу және өндірісті автоматтандыру салаларында озық шешімдер ұсынып жатыр. Осы бағыттағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүмкіндік мол екенін байқаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан егістік жерлерінің көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алады. Жыл сайын жаһандық нарыққа 10 млн тоннаға жуық бидай және 2 млн тонна ұн жеткізіп, әлемдегі ең ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіреді.
– Елдеріміздің өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған бірлескен кәсіпорын құруға мүмкіндігі бар. Осылайша, аграрлық өндірістің бүкіл тізбесінде қосылған құны жоғары өнім шығаруға болады. Біз ынтымақтастықтың нақты тетіктерін қалыптастырдық. Академиялық алмасуды жандандыру және Erasmus+ бағдарламасы аясында бірлескен жобаларды ілгерілету мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Шығыс Финляндия университеті серіктестік орнатты. Қазақстан аграрлық мамандардың жаңа буынын даярлауға және ауыл шаруашылығының инновациялық, орнықты әдістерін енгізу саласында бірлескен зерттеулерді дамытуға мүдделі, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, бизнес форум қатысушыларына Қазақстан алдағы үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуды мақсат еткенін мәлімдеді.
– Финляндия жасанды интеллект және LUMI суперкомпьютері арқылы өнімділігі жоғары есептеулер саласында көш бастап тұр. Сондықтан ЖИ бойынша зерттеу жүргізу, мәліметтерді озық талдау, техникалық білім беру және инновациялық экожүйе бағыттарында серіктестікті жолға қоя аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Финляндия іскерлік топтарын «Астана» халықаралық қаржы орталығымен байланыс орнатуға шақырды. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану салаларындағы бірлескен бастамаларды кеңейтуде мол әлеует бар екенін атап өтті.
– Елімізде ауа сапасын болжаудың озық моделін пайдаланатын SILAM жүйесі табысты жұмыс істеп тұр. Орман шаруашылығында да айтарлықтай перспектива бар. Біз ағаш кесудің экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тәсілдерін ілгерілетуге, кәсіби даярлау бағдарламаларын әзірлеуге және ағаш өңдеуде заманауи технологияларды енгізуге баса мән береміз. Финляндияның осы салалардағы озық тәжірибесі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасын іске асыруға айтарлықтай үлес қоса алады. Бұдан бөлек, бірлескен зерттеулер мен инвестицияға жол ашады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің фин компанияларына сенімді әрі ұзақмерзімді серіктес болуға ұмтылатынын айтты.
– Бүгінгі кездесу – экономикалық байланыстарымызды нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл форумда жай ғана келісімдер жасалмайды. Кәсіпкерлер, инженерлер және озық ойлы азаматтар арасында байланыс орнатылып, сенім нығаяды, – деді Мемлекет басшысы.
Финляндия Президенті қазақстандық кәсіпкерлер жұмысының тиімділігін, сондай-ақ екі ел бизнес құрылымдарының арасында өзара сенім бар екенін атап өтті.
– Біз құбылмалы, болашақты болжау қиынға соғатын, күрделі геоэкономикалық әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай кезде бизнес шын мәнінде тұрақтылықты қажет етеді. Бүгін Қазақстан мен Финляндия арасында саяси деңгейде келісімдер жасалды. Ал осындай уағдаластықтар тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, өзара түсіністік жөніндегі меморандумдарға қол қойып, құжаттар алмастық, – деді Александр Стубб.