Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіру мәселесін көтерген еді. Осы тапсырмадан кейін елдегі бірқатар клуб жеке инвесторлардың басқаруына көшті. Солардың бірі – «Integra Construction KZ» компаниясының қарамағына өткен Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы.
Бүгінде клубта жүйелі өзгерістер қолға алынған. Толыққанды ребрендинг жүргізіліп, команданың маркетингтік, медиа саясаты жаңартылып жатыр. Клуб имиджін арттыру мақсатында демеушілер тартылып, танымал өнер, спорт шеберлері амбассадор ретінде жұмылдырылған. Бұл отандық футболдағы жаңа басқару мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын аңғартады.

8-тур аясындағы орталық кездесулердің бірі Шымкентте өтті. «Ордабасы» өз алаңында ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы «Ақтөбе» клубын қабылдады. 20 мыңға жуық жанкүйер жиналған тартысты ойында алаң иелері алғашқы минуттардан белсенділік танытты.
Кездесудің екінші минутында Эльхан Астанов есеп ашып, шымкенттіктерді алға шығарды. Молдовалық маман Андрей Мартен шәкірттері бірінші таймда шабуылды үдетіп, қарсылас қақпасына бірнеше қауіпті соққы бағыттады.
Өз кезегінде, құрамында Луиш Нани сынды тәжірибелі футболшы өнер көрсететін «Ақтөбе» де қарап қалмады. Алайда алғашқы таймда жасалған алты соққының ешқайсысы нысанаға дәл тимеді.
Екінші таймда қонақтар ойынды өз бақылауына алуға тырысты. Допты иелену көрсеткіші 62%-ға жеткенімен, Стефан Таркович жаттықтыратын ұжым шабуылда өткірлік таныта алмады. Ақтөбеліктер небәрі бір ғана дәл соққы жасай алды.
Керісінше, допты аз иеленген «Ордабасы» шабуылда анағұрлым нәтижелі болды. Александр Заруцкий қорғаған қақпаға 11 соққы жасап, соның бірін голға айналдырды. Ойынның 90-минутында алаңға қосалқы құрамнан шыққан Әмір Жасұлан Владислав Наумецтің дәл пасын баспен қақпа торына тоғытып, матч тағдырын түбегейлі шешті.
Осылайша, 2:0 есебімен жеңіске жеткен шымкенттік команда 18 ұпай жинап, «Қайратпен» бірге турнир кестесінің көш басына шықты. Бұл жеңіс «Ордабасының» биылғы маусымда чемпиондыққа шын мәнінде үміткер екенін көрсетті.

Турдың өзге кездесулерінде мынадай нәтижелер тіркелді: «Каспий» – «Астана» – 1:0, «Жеңіс» – «Тобыл» – 1:0, «Атырау» – «Алтай» – 1:0, «Ұлытау» – «Елімай» – 1:0, «Қайсар» – «Жетісу» – 1:1, «Ертіс» – «Қайрат» – 0:1, «Қызылжар» – «Оқжетпес» – 0:1.
8-тур қорытындысы көрсеткендей, биылғы чемпионатта бәсеке күшейіп, әр ұпай үшін тартыс қыза түскен. Ал «Ордабасының» сенімді ойыны мен жаңа басқару жүйесі команданың ұзақмерзімді табысқа бағыт алғанын аңғартады.
Астана – Шымкент – Астана